Руханият

Жұлдыздарды жарқыратқан «Жұлдыз»

Қарағандыда осы көктемнің ең ірі музыкалық жобаның бірі өз мәресіне жетті. XI республикалық «Жұлдыз-2026» эстрада орындаушылар байқауының жеңімпаздары анықталды. Жоба Қарағанды облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Биылғы байқауға Астана, Алматы, Шымкент және Қазақстанның басқа өңірлерінен 90-нан астам өтінім түскен. Іріктеу нәтижесі бойынша ақтық мәреге 20 орындаушы өтті. Байқау бағдарламасы үш күнге созылды.

Кеншілер мәдениет сарайының директоры Саят Әбдіғали байқаудың маңызына тоқталды.

– Мұндай конкурстар жастар үшін өте маңызды. Колледждерде, академияларда, консерваторияларда оқитын жастардың осы байқауда жұлдызы жанады. Қаншама жас танымалдылыққа ие болды. Биыл да сайдың тасындай іріктелген дарындар қатысты. Бұл байқау Қарағандының мақтанышына айналды деп сеніммен айта аламын, – деді Саят Әбдіғали.

Шымкенттен келген Фариза Беймахамбет «Жұлдыз-2026» байқауының бас жүлдесін иеленді. Ол – «Хор дерижерлігі» мамандығы бойынша IV курс студенті. Фариза сондай-ақ, «Үздік дауыс» номинациясының иегері атанды. Болашақта вокалдық өнер сайысына қатысып, өзін жеке орындаушы ретінде дамытуды жоспарлап отыр.

Астана қаласынан келген Айдар Жазықпаев – I орын, алматылық Камила Талғатова – II орын, Жетісу облысынан қатысқан Ақжол Серікханов пен Қарағанды облысының қатысушысы Аяла Мұқышева – III орын алды. Люция Тулешева атындағы арнайы жүлде Солтүстік Қазақстан облысынан келген Бүркіт Жанайға бұйырды.

Павлодарлық Гауһар Мұзафар мен Ұлытау облысынан келген Нұрислам Қамытбеков және Ақмола облысынан келген Бейбарыс Айт­мұқанбетов дипломат атанды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button