Спорт

Жүлде жолындағы тартыс

Астанада бокстан Әлем кубогы өтуде. Бір аптаға созылатын бәсекеде 30-ға жуық елден келген 300-ден астам спортшы бақ сынауда. Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл – еліміз үшін ғана емес, Олимпиадалық спорт қауымдастығы үшін де тарихи сәт. Себебі, World Boxing ұйымы құрылған сәттен бері алғаш рет осындай ауқымды жарысты дәл Қазақстанда өткізіп отыр.

Суреттер olympic.kz

Әлем кубогы – тек атауы салмақты турнир ғана емес, рейтингтік маңызы зор дода. Әр салмақта жеңімпазға – 300, күміс жүлдегерге – 200, ал, қола жүлде алған қос спортшыға 150 ұпайдан беріледі. Бұл ұпайлар – болашақ Олимпиада жолдамасына әсер ететін басты факторлардың бірі. Сондықтан, жарысқа қатысып жатқан спортшылардың әрқайсысы үшін бұл – мүмкіндік әрі жауапкершілік.

Қазақстан ұлттық құрамасы бұл жолы барлық 20 салмақ дәрежесінде өздерінің үздік былғары қолғап шеберлерін ұсынды. Құраманың сапында жеті әлем чемпионы мен екі Олимпиада жүлдегері бар. Ел намысын қорғап жатқан спортшылар қатарында Қарағанды жұртшылығына жақсы таныс, екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов те бар. Жерлесіміз 70 келі салмақта шаршы алаңға шыққан еді. Өкінішке қарай, жарыстың алғашқы күні-ақ жарыс жолынан шығып қалды.

Әлем кубогының алғашқы күндері тартысты жекпе-жектермен басталды. Шаршы алаңға шыққан әйелдер құрамасының көшбасшысы Назым Қызайбай қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға жолдама алды. 48 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз Канада өкілі Приянка Диллонмен кездесіп, басымдықпен жеңіске жетті. Осылайша, ол турнирдің ширек финалына жолдама алды.

54 келі салмақтағы Әнел Сақыш та жарысты сәтті бастаған болатын. Ол алғашқы айналымда германиялық Татьяна Обермайермен жұдырықтасып, қарсыласын үш мәрте нокдаунға түсірді. Айқын басымдықпен жеңіске жеткен Әнел келесі кезеңге сенімді өтті. Алайда, жарыстың екінші күнінде ол ширек финал үшін Өзбекстан өкілі Феруза Казаковамен қолғап түйістіріп, қарсыласынан айласын асыра алмады.

Жерлесіміз Абылайхан Жүсіпов жарысты өкінішті жағдайда аяқтауға мәжбүр болды. 70 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған спортшы алғашқы жекпе-жегінде Қырғызстан өкілі Алмаз Орозбековпен қолғап түйістірген болатын. Кездесудің басында Абылайхан ширақ қимылдап, қарсыласынан басым түсті. Бірінші және екінші раундта басымдықты өз қолына алып, дәл соққылармен ерекшеленді. Алайда, үшінші раундта күтпеген жағдай орын алды. Жерлесіміздің қабағы жарылып, жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады. Ал, төрешілер шешімі бойынша жеңіс қарсыласына берілді. Осылайша, тәжірибелі боксшы турнирмен қош айтысты.

Ал, әйелдер құрамасы сапындағы 60 келі салмақта өнер көрсеткен Виктория Графеева алғашқы кездесуінде Жапонияның өкілі Аяка Тагучимен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жекте Виктория төзімділік пен техникасын көрсетіп, қарсыласынан басым түсті. Үш раунд бойы сақтық пен шабуылды қатар ұстап, соңында төрешілер шешімімен келесі кезеңге жолдама алды.

Әйелдер құрамасының өкілі Наталья Богданова 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, алғашқы кездесуінде жеңіске жетті. Ол үндістандық Чану Тхокчоммен жұдырықтасып, қарсыласынан шеберлігімен әрі төзімділігімен басым түсті. Тартысты өткен жекпе-жекте Наталья шешуші үшінші раундта белсенділік танытып, төрешілердің бірауызды шешімімен келесі кезеңге өтті.

Ал, ерлер арасында 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Махмұд Сабырхан да жанкүйер сенімін ақтады. Ол 1/4 финал жолдамасы үшін Оңтүстік Корея өкілі Шин Чжэенмен қолғап түйістіріп, алғашқы жекпе-жегін ойдағыдай өткізді. Бірінші раундтың өзінде қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберіп, басымдығын анық байқатты. Айқын басымдықпен жеңіске жеткен Махмұд та жарыстың ширек финалына өтті.

2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай алғашқы жекпе-жегінде сенімді жеңіске жетті. 80 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек 1/8 финалда әзірбайжандық Мурад Аллахвердиевпен кездесті. Отандасымыз қарсыласынан техникалық және тактикалық тұрғыда басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.

Жарыстың екінші күнінде 60 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға көтерілген Серік Теміржанов алғашқы кездесуін аустралиялық Джейкоб Кассарға қарсы өткізді. Шешуші үшінші раундта отандасымыз белсенділік танытып, шабуылын үдетті. Осылайша, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.

Әйелдер құрамасының белді мүшесі Надежда Рябец 75 келі салмақта жарыстың ширек финалында Бразилия өкілі Вивиан Дос Сантос Перейрамен жұдырықтасты. Тәжірибелі қарсыласына қарамастан, Надежда барлық раундта ширақ қимылдап, тактикалық басымдықпен жекпе-жекті өз бақылауында ұстады. Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға берді.

Бокстан ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай жарыстың екінші күні шаршы алаңға шығып, бірінші жекпе-жегін жеңіспен бастады. Қазақстандық боксшы 90 келіден жоғары салмақтың 1/8 финалында Доминикан Республикасының спортшысы Хосе Агустин Трисетпен қолғап түйістірді. Айбек Оралбай бірінші раундта алған жарақатына қарамастан, керемет бокс үлгісін көрсетіп, жекпе-жектің екінші бөлімінде қарсыласын нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төрешілердің шешімі бойынша қазақстандық боксшы ширек финалға өтті.

Жарыстың екінші күнінен-ақ қазақстандық боксшылар жүлдеге бір қадам жақындай түсті. 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Надежда Рябец қарсыласын сенімді жеңіп, кем дегенде Әлем кубогының қола жүлдесін қамтамасыз етті. Ал, 60 келі салмақта шаршы алаңға шыққан Серік Теміржанов тартысты жекпе-жекте үстемдік танытып, ширек финалға жолдама алып үлгерді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button