Жәйремнің жалынды жастары
Жәйрем кентіндегі белсенді, өнерлі, өндірісте өзін жақсы қырынан көрсете білген барлық жастың басын қосқан форум «Жалынды жастармен – жарқын болашаққа!» деп аталды. Жастардың алқалы басқосуына Қаражал қалалық мәслихатының хатшысы Зәмзагүл ОСПАНОВА, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл МӘУЛЕНИНА, Жәйрем кен-байыту комбинаты кәсіподақ комитетінің төрағасы Мүбәрак КӘРІБАЕВ және басқалары қатысты.
Форумда игі ісімен танылып, қоғамдық жұмысқа белсене қатысқан, шығармашылық қабілетін, біліктілігін айғақтаған жастарға кент әкімінің «Жалын» сыйлығы мен 50 000 теңге сыйақы тапсырылды. №10 мектеп мұғалімі Досбол Әбілқасов – спорт саласы, қоғам белсендісі Бағлан Болатова — мәдениет саласы, №30 орта мектеп мұғалімі Айдана Шәкенова – білім саласы, №11 орта мектеп мұғалімі Абзал Жақанов – жастар тәрбиесі, жас кәсіпкер Батырлан Ахметжанов – кәсіпкерлік саласы, кен-байыту комбинаты қорғасын байыту фабрикасының жұмыскері Төлеген Жарылғапов өндіріс саласы бойынша «үздік» атанды.
Облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орын алып, Жәйремнің мәртебесін асқақтатып жүрген бір топ өнерлі жастың еңбегі еленіп, кент әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлығын иеленді. Сонымен қатар, үлгілі, өнерлі ұрпақ тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан бірқатар ата- анаға алғыс айтылып, естелік сыйлық пен гүл шоғы ұсынылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағанын негізге алған, өнегелі де өнерлі өрендерге үлкен үміт артқан кент әкімі Аманғазы Наукенов жастарға қатысты атқарылатын биылғы жұмыс жоспарымен бөлісіп, 2020 жылды «Еріктілермен – таза кент» ұранымен өткізуді ұсынды. Ұсыныс қызу қолдау тапты.
Әлібек ӘБДІРАШ,
ЖӘЙРЕМ кенті.