Жаңалықтар

Жүйелі жоспар жолда қалдырмайды

Қарағандыға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов іссапармен келді. Сапар барысында ол Осакаров ауданында болып, облыс орталығында тұрғындармен кездесті. Барлық кездесулерде ол бірнеше мәселеге тоқталды. Вице-министр атап өткен басты жетістіктердің бірі – отандық кинематографияның табысы. Қазақстан тәуелсіздік алғалы алғаш рет қазақ фильмдерінің кассалық жиынтығы шетелдік фильмдердің табысын басып озды. Сонымен қатар, мәдени мұраны сақтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. ЮНЕСКО аясында кешенді жоспар әзірленіп, ел архивтерінде үлкен зерттеулер қолға алынған.

– Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында ауқымды іс-шаралар жоспарлануда. Үкімет тиісті жоспар бекітті, оған сәйкес еліміздің барлық өңірлерін қамтыған екі мыңға жуық іс-шара өткізіледі. «Батыр­ларға тағзым» деген порталымыз бар. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырларымыз туралы мұрағаттық деректер сақталады, – деді Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

Кездесу барысында мәдениет саласындағы инфрақұрылым да сөз болды. Өткен жылы Қарағанды облысында бірнеше мәдени нысан жөндеуден өтті. Қос жаңа мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Ал, биыл Көкпекті ауылында жаңа клубтың құрылысы басталып, Нұра кентіндегі мәдениет үйі жөнделмек.

– 2025 жыл идеологиялық тұрғыда маңызды және мерекелік күндерге толы екені барлығыңызға мәлім. Биыл жұмысшы мамандықтарының жылы, Конституцияның 30 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Шоқан Уалихановтың, Ұлы Абайдың, Міржақып Дулатұлының мерейтойлары. Бұл шараларға қатысты кешенді жоспар бекітілген. Дегенмен, атқарылатын қатардағы жұмыс­тар форматында өтпеуі тиіс. Еліміздің барлық өңірлерінде сала өкілдерінің қатысуымен 19-21 мамыр күндері аралығында Астана қаласында жалпы рес­публикалық мәдениет қызметкерлерінің форумын өткізу жоспарланып отыр, – деді вице-министр.

Жастарды қолдау мәселесі де назардан тыс қалмады. 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған ипотекалық несие бағдарламасы іске қосылып, жалдамалы тұрғын үй бағдарламасының мерзімі ұзартылған. Сонымен қатар, министр жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өзекті сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Брифинг ашық микрофон форматына негізделген. Журналистер қауымы мәдениет саласына қатысты өзекті сауалдарын жолдады.

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button