АймақҚарағанды

Қарағандының аумағы Көкпекті және «Сары-Арқа» әуежайы есебінен 50 мың гектарға кеңейтілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді жаңғыртуға бағытталған саяси бағыты 2025 жылы Қарағанды облыстық мәслихатының жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Президент Жолдауында қойылған міндеттер мен ұлттық реформалардың өзегіне айналған әділет, ашықтық және тиімділік қағидаттары мәслихаттың жыл бойғы қызметінің темірқазығына айналды. Ел тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мен аймақты дамыту сынды өзекті мәселелер тоғысқан тұста депутаттық корпус шешім қабылдаушы ғана емес, өзгерістерді алға сүйреуші күш, қоғам мен биліктің арасындағы сенім көпірі ретінде маңызды миссия атқарды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Дамудың жаңа бағдары

2025 жыл – облыстың жаңа стратегиялық кезеңі басталған, кешенді жоспарлар бекітіліп, заманауи инфрақұрылымның іргесі қаланған, әлеуметтік саясат жаңа мазмұнмен толыққан жыл. Мәслихат осы өзгерістердің барлығында негізгі үйлестіруші, қоғам мүддесін жеткізуші және бақылаушы орган ретінде айқын әрі белсенді рөл атқарды.

Жыл бойы мәслихат өңірдің дамуына бағытталған шешімдерді қабылдауда жоғары қарқын көрсетті. Атап айтсақ, 11 сессия, 101 шешім, оның ішінде 23 нормативтік-құқықтық құжат – бұл нақты атқарылған жұмыстың сандық көрінісі ғана. Ал, оның сапалық мазмұны өңірдің болашағына негіз болған маңызды бас­тамалармен толыққанын да атап айту керек.

Су ресурстарын тиімді басқару – облыстағы өзекті мәселенің бірі. Осыған байланысты ауызсу тарифтері, су пайдаланудың жаңа ставкалары бекітіліп, суармалы жүйені жақсартатын ережелер қайта қаралды. Мұндай қадамдар халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталды.
Қала аумақтарын жоспарлау – биылғы қарқынды жұмыстың айрықша бөлігі. Қарағанды, Бұқар жырау, Абай өңірлерінің әкімшілік-аумақтық шекаралары өзгертіліп, Қарағанды агломерациясын 2029 жылға дейін дамыту жоспары мақұлданды.

– Ең маңызды шешімдердің бірі – Қарағанды қаласын дамытудың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарының бекітілуі. Бұл құжат – қаланың келбетін түбегейлі өзгертетін стратегиялық бағдар. Депутаттар 50-ден астам ұсыныс енгізіп, олардың басым бөлігі ескерілді. Қала аумағы Көкпекті және «Сары-Арқа» әуежайы есебінен 50 мың гектарға кеңейтілді. Бұл жаңа тұрғын аудандарды, өнеркәсіптік аймақтарды, әлеуметтік инфрақұрылымды сапалы жоспарлауға жол ашады – деп атап өтті облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов.

Әлеуметтік бастамалар – ел игілігіне

Сонымен қатар, 2025 жыл әлеуметтік саясатта жаңалық пен нақты нәтижелерге толы болды. Мәслихат өңірдің транспорттық қолжетімділігін арттыру мақсатында 48 әлеуметтік маңызы бар автобус бағытын және 8 теміржол қатынасын бекітті. Жаңа «Қарағанды-Балқаш» бағытының іске қосылуы – Балқаш маңындағы елдімекендер үшін маңызды шешім. Енді, аталған бағыттағы автобус Ақтоғай ауданы орталығы ауылының үстінен өтеді.

Бұдан бөлек, медициналық көмек сапасын арттыру бағытында амбулаторлық тегін дәрілер тізімі 25 атаумен толыққан. Бұл – сирек кездесетін орфандық аурулармен ауыратын қажетті препараттарды қолжетімді етеді. Ал, ауылдарға баратын медицина қызметкерлеріне көтерме жәрдемақының 8,5 млн теңгеге дейін өсуі ауыл медицинасына жаңа серпін бергені анық.

Балаларға арналған паллиативтік көмек жүйесі ерекше назарда болды. Мәслихаттың бастамасы арқасында алғаш рет балаларға паллиативтік көмек көрсету стандарты әзірленіп, нәтижесінде облыста «Қазақстан халқына» қоры қаржыландыратын еліміздегі алғашқы Модельдік орталық салынатын болды.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы өзгеріс­тер де ерекше. Облыстық мәслихат депутаттарының бастамасымен құзіретті министрлік жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері 912 мың теңгеге дейін екі есеге арттырып, депутаттық корпустың ұсынысы негізінде, өңірде 92 медициналық нысанның (ФАП-тар мен медпункттер) құрылысы және жөндеуі жүргізілуіне байланыс­ты медицина қызметкерлеріне қажеттілік туындайды деп болжанғандықтан, гранттар білім беру саласынан денсаулық сақтау саласына қайта бөлінді. Бұл өңірдің медицина саласындағы кадр тапшылығын азайта түседі деп күтілуде.

Облыстық мәслихат депутаттарының бастамасымен, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен шағын және орта бизнеске қолдау ретінде бөлшек сауда салығының мөлшерлемесі 4%-дан 2%-ға де­йін төмендетіліп, 4 мыңнан астам кәсіпкерге айтарлықтай жеңілдік жасалыпты.

Жөндеу жүргізіліп жатқан 70-тен астам әлеуметтік нысанды аралап, депутаттар сапаны бақылауды күшейту жөнінде ұсыныс­тар берген. Бұл ұлттық жобалардың өңірде сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді.

Экология, туризм және инфрақұрылым

Экология мәселесі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген басым бағыттардың бірі. Мәслихат биыл қоршаған орта жөніндегі жоспардың орындалуы туралы есепті бекітіп, оны жаңарту арқылы өңірдің экологиялық саясатын жаңа деңгейге шығарды. Табиғатты қорғау бойынша 82 іс-шараның жүзеге асуы – ұзақ мерзімді оң өзгерістердің бастауы. Еліміздің экологиялық мәдениетін көтеруді көздейтін «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бо­йынша өңірлік жоспар бекітіліп, депутаттар оның тиімділігін арттыру үшін нақты ұсыныстар айтып, экология мәселелерін жұртшылықпен бірге талқылау дәстүрге айналып үлгерген.

Сонымен бірге, туризм саласы да биыл айтарлықтай назарға ие болды. Мәслихат туристік инфрақұрылымды дамытуды, визит-орталықтар ашуды, туристік аймақтарды стандарттауды, жолдар мен транспортты жақсартуды қолдады. Алдағы екі жылға арналған Жол картасын дайындау – саланы жүйелі дамытуға бағытталған оң қадам.

Қоғамдық сананы күшейткен формат

Биыл қоғаммен байланыс одан әрі жандана түсті.

– Мәслихаттың 34 комиссия отырысы, 27 мемлекеттік орган басшысының есебі, 100-ден астам ұсыныс – бұл қоғамды шешім қабылдау процесіне кеңінен тартқанын көрсетеді. Тұрғындармен байланыс та жүйелі жүргізілді. Атап айтсақ, 263 жеке қабылдауда 604 азамат қамтылды. Ал, 168 депутаттық сауалдың жартысынан көбі оң шешім тапты. Облыстық Қоғамдық кеңеспен бірлескен жұмыс бюджет ашықтығын күшейтті. Бюджет жобасы мәслихатқа түспестен бұрын қоғам талқысынан өтеді. 129 депутаттық бастаманың 62-сі бюджетке енгізілуі – қоғамдық ұсыныстың нақты іске асуының айқын дәлелі, – дейді Нұркен Кобжанов.

Сондай-ақ, сессиялар онлайн көрсетіліп, депутаттар БАҚ-та, әлеуметтік желілерде де белсенділік танытқан. «Таза Қазақстан» акциясы, қайырымдылық шаралар, параспортты қолдау – бұл депутаттардың аудан-ауданды аралап, халықпен тікелей жұмыс істегенін аңғартады.

2025 жыл – облыстық мәслихаттың жұмысы пәрменді шешімдермен, жаңашыл бастамалармен, әлеуметтік қолдаулармен, стратегиялық жобалармен толыққан кезең болды. Президент бастамаларын жергілікті деңгейде іске асыруға бағытталған әрекеттер өңірдің жаңа даму кезеңін қалыптастыруға негіз қалады.
Мәслихат – қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін, шешімді ашық қабылдайтын, әр тұрғынның үніне құлақ асатын орган. Қабылданған шешімдердің барлығы нақты іске асып, өңір тұрғындарының игілігін арттыруға бағытталып жатқанын атап өткен жөн.

Алда – жаңа жоспарлар, жаңа мүмкіндіктер және бірлескен еңбектің жаңа нәтижелері. Мақсат ортақ – өркендеген өңір, халық игілігі.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button