Жаңалықтар

Жүйелі жұмыс жүргізілуде

    Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде инфрақұрылымдық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асу барысы және инфляциялық үдерістерді тежеу туралы маңызды екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «Нұрлы Жол» бағдарламасының іске асу барысы туралы облыстың экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявская баяндама жасады. Оның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша 23 жобаны жүзеге асыруға өткен жылы 10,9 миллиард теңге бөлінді (Ұлттық қордан – 10,5 миллиард теңге, облыс бюджетінен – 0,4 миллиард теңге). Жыл қорытындысы бойынша, 10,6 миллиард теңге немесе 97,1% игерілді. Соның ішінде, 4 жоба – жылу жүйесін қайт құруға, 4 жоба – білім беру нысандарының құрылысына, 12 жоба – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, 1 жоба – индустриалды инфрақұрылымды дамытуға және 2 жоба – несиелік тұрғын үйлер құрылысына бағытталған. «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша білім берудің 4 нысан жобасын жүзеге асыруға 2,9 миллиард теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілді. Сонымен қатар, 2,3 миллиард теңгені құрайтын 3 жоба енгізілді. Атап айтсақ, Қарағанды қаласындағы 320 орындық балабақша (242,6 милллион теңге), Сәтбаев қаласындағы 600 орындық мектеп (991,7 милллион теңге) және облыс орталығындағы 1200 орындық мектеп (1016,2 миллион теңге). Жобалардың жүзеге асуы Сәтбаев қаласындағы үш ауысымды мектептің мәселесін шешті. Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 250 орындық мектеп-интернатының құрылысы жалғасуда (2016 жылы – 600 миллион теңге). Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі – 2017 жыл.

Биыл бұл бағдарлама бойынша 13 жобаны жүзеге асыруға 10 миллиард теңге қарастырылуда (Ұлттық қордан – 9,8 миллиард теңге, облыс бюджетінен – 0,2 миллиард теңге). Бұған қатысты облыстың құрылыс басқармасының басшысы Бауыржан Исабаев та баяндама жасады.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – инфляциялық үдерістерді тежеуге қатысты облыстың статистика департаментінің басшысы Жанат Садықова мәлімет берді. Биылғы қаңтардағы облыстың тұтыну бағасының индексі өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 100,9%-ға жетіп, республикалық орташа көрсеткіштен 0,1%-ға жоғарылаған (ҚР бойынша 3-орын). Қаңтарда өткен жылмен салыстырғанда темекі өнімдері – 6,9%-ға, көк­өніс пен жеміс-жидек – 6,5%-ға, алкагольсіз сусындар – 1,7%-ға, балық және теңіз өнімдері – 1,4%-ға қымбаттады. Арзандаған тауарлар қатарында қант – 0,6%-ға, жұмыртқа – 0,4%-ға құнын шегерді.

Азық-түлік емес тауарлар бағасы 0,8%-ға қымбаттап, республикалық орташа көрсеткіштен тағы 0,1%-ға жоғарылады. Бұл туралы облыстың бірқатар басқарма басшылары есеп беріп, баға мәселесіне қатысты көрсеткіштерге тоқталды. Солардың қатарында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин, облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева, облыстың білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов және облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев болды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button