Медицина

Жүйелі жұмыс кеселдің жолын кеседі

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы деп аталатын ауру туралы естімеген болсаңыз, біліп алыңыз, ол – кене арқылы жұғатын ауру. Вирустық инфекция аса жұқпалы. Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы болып Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумақтары саналады. Десе де, биыл Ақмола облысында аталған дертті жұқтырған бір жағдай тіркелді. Аймақ дәрігерлері де ауру тіркелген жағдайда қалай әрекет ету керек екендігін пысықтап, оқу-жаттығу өткізді.

№3 емханада Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары, жедел жәрдем стансасы, Ұлттық сараптама орталығы қызметкерлері, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, инфекцияны анықтау барысында іс-әрекетінің алгоритмін қалай меңгергенін көрсетті.

– Шара 2022-2026 жылдарда аса қауіпті және карантиндік жұқпалардың енуі мен таралу оқиғасын болдырмау жөніндегі індетке қарсы санитариялық қорғау шараларының кешенді жоспарының нақты іске асуын тексеруді мақсат етеді. Халық арасында Конго-Қырым геморрагия­лық қызбасының таралуына қатыс­ты індетке қарсы профилактикалық және ұйымдастыру шараларын жүргізу барысында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, емдеу-профилактикалық ұйымдары және басқа да мүдделі қызметтердің өзара іс-қимыл әрекетін бірлесіп меңгеруін тексереміз. Бұл жерде барлық мекеменің өз функциясы бар, – дейді Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының санитариялық-эпидемиология­лық бақылау басқармасының бөлім басшысы Жанар Беркімбаева.

Науқаста жоғары температура, әлсіздік, диффузды миалгия, жарыққа қарай алмау, бастың қатты ауыруы, аяқ-қол мен арқаның ауырсынуы байқалады. Аяқ-қолда, тері мен шырышты қабаттарда бөртпе, гематома түріндегі геморрагиялық белгілер пайда болады. Мамандар осы белгілерге қарап, ауруды анықтау тиіс.

Мысал ретінде айтылғандай, ауру жұқтырған науқас әуелі емханаға барады. Дәрігерлер ауруды анықтайды, кейін оны жедел жәрдеммен инфекциялық ауруханаға алып кетуі керек. Ал, Ұлттық сараптама орталығының мамандары науқас болған жердің бәрін зарарсыз­дандыруы тиіс. Оқу-жаттығу барысында барлық әрекет осылай өрбіді. Мамандардың айтуынша, біздің облыста бұл дерт былтыр да, биыл да тіркелмеген.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button