АймақҚарағанды

Бұқар жырау ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қолға алынды

Бұқар жырау ауданында жылу жүйесін жаңғырту және көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар қазірден бастап қолға алынды. Аудан әкімі Ерлан Құсайын жұмыс сапары барысында Қушоқы кентіндегі жаңа модульдік қазандықтың құрылысымен және Ғабиден Мұстафин кентіндегі өзен арнасын жарамсыз, қажет емес қалдықтардан босату жұмыстарының барысымен танысты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Қушоқы кентінде салынып жатқан модульдік қазандық 1971 жылдан бері пайдаланылып келген ескі жылу көзін алмастыруға арналған. Жаңа нысан кенттің жылумен қамту жүйесін жаңғыртып, оның беріктігін арттыруды көздейді. Қазіргі уақытта ғимараттың металл конструкциялардан жасалған қаңқасы толық орнатылған. Әрқайсысының қуаты 4 МВт болатын бес қазандық монтаждалып, негізгі технологиялық жабдықтар қойылған. Сонымен қатар, қара отын жағу және күл шығару жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Мердігерлердің мәліметінше, құрылыс алдағы айларда аяқталады. Бұдан кейін қазандықты сынақ режимінде іске қосады. Жаңа жылу көзінің пайдалануға берілуі жылыту маусымында кент тұрғындары үшін қолайлы әрі тұрақты жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аудан әкімі құрылыс сапасына және мерзімнің сақталуына ерекше назар аударуды тапсырды.

Жұмыс сапары аясында Ерлан Құсайын Ғабиден Мұстафин кентінде де болды. Мұнда көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қажетсіз технологиялық жол мен уақытша бөгет-үйіндіні тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы Нұра өзені арқылы өтетін жаңа автокөлік көпірі пайдалануға беріліп, Теміртауға дейінгі жол айтарлықтай қысқарған болатын. Жаңа көпір іске қосылғаннан кейін бұрынғы жаяу жүргіншілер көпірі бұзылып, оны демонтаждау үшін салынған уақытша нысанды жою қажеттілігі туындады.

Қазіргі таңда жоғарғы қалыптау конструкциялары мен тіректер толық алынып тасталған. Су астындағы бөліктерді бөлшектеу жұмыстары жалғасуда. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, тіреуіштердің орналасу тереңдігі шамамен 2,5 метр болғандықтан, жұмыс күрделі жүргізілуде. Дегенмен, барлық қажетті арнайы техникамен қамтамасыз етілген.

Аудан әкімі көктем басталғанға дейін өзен арнасын артық қоқыстан толық тазалап, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Аудан басшылығының айтуынша, инфрақұрылымдық нысандарды жаңғырту мен табиғи қауіптердің алдын алу шаралары кешенді түрде жалғасады. Жылу жүйесінің жаңартылуы – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталса, өзен арнасын тазарту – көктемгі кезеңдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button