2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындылары және 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселелері облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде жан-жақты сараланды. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік маңызы бар нысандары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының аталған кезеңдегі жұмыс нәтижелері қарастырылып, алдағы маусымға сапалы әрі уақытылы дайындықтың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Облыс әкімі жауапты басқармалар мен қала-аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар беріп, жылыту маусымына дайындық жұмыстарының сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымы өңірдің барлық елдімекендерінде тұрақты әрі жоспарға сәйкес өткенін баяндады.
– Жалпы, 2024-2025 жылыту маусымына дайындық бойынша жөндеу науқаны аясында инженерлік инфрақұрылымды жөндеуге барлық қаржыландыру көздерінен 91,6 млрд теңге бөлінді. Күзгі-қысқы кезеңге дайындық науқаны кезінде облыстың 7 стансасында 45 қазандық пен 27 турбинаны жөндеу жоспарланған. Жөндеу науқанының қорытындысы бойынша 36 қазандық пен 24 турбинаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәселе тұрақты бақылауда, – деп тұжырды ойын спикер.
Жылыту маусымына дайындық жұмыстары шеңберінде облыс көлеміндегі барлық энергия өндіруші және таратушы кәсіпорындарда ауқымды жөндеу кампаниясы жүзеге асырылды. Оның аясында жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырым электр тарату желісі жаңғыртылып, 668 бірлік қосалқы станса жабдығына кешенді жөндеу жүргізілді. Мұның бәрі алдағы күзгі-қысқы кезеңде электрмен жабдықтау жүйесінің сенімді әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ал, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында жөндеу жұмыстарына алдын ала 78,3 млрд теңге көлемінде қаржы салу жоспарлануда. Аталған қаражат өңірдің жылу- энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту және техникалық жай-күйін жақсартуға бағытталмақ. Жөндеу науқаны аясында 7 ірі энергия көзінің, 604 жергілікті жылу көзінің, 1,5 мың шақырымнан астам инженерлік желілердің негізгі және қосалқы жабдықтарын дайындау көзделіп отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар 1 117 нысан мен 6 079 көпқабатты тұрғын үйдің жылыту маусымына уақытылы және сапалы әзірлігі қамтамасыз етіледі.
Алдағы жылдардағы жылыту маусымының тұрақты және іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында қалалар мен аудан әкімдіктеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандарын сапалы дайындау міндеті жүктеліп отыр. Бұл ретте дайындық іс-шараларының жоспарларын мерзімінде және толық көлемде орындау – басты бақылауда. Қазіргі таңда инженерлік желілер мен жылу көздерін жөндеуге қатысты конкурстық рәсімдер жүргізіліп, нақты жөндеу жұмыстары мамыр айынан басталады деп жоспарлануда. Арнаулы штабтар өңірлік деңгейде белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта ірі энергия көздерінде жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асуда. Жақын арада облыстық жұмыс тобының көшпелі отырыстары басталып, дайындық барысын мониторингтеу мақсатында өңірлерге іссапарлар ұйымдастыру көзделуде.
Өз кезегінде сөз алған қала және аудан әкімдері жылыту маусымына дайындық жұмыстары белгіленген жоспарға сай, жүйелі түрде және кедергісіз жүргізіліп жатқанын баяндады. Олар нысандардың уақытылы дайын болуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың жергілікті деңгейде бақылауда екенін атап өтті.
Сөз соңында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аталған мәселені жеке бақылауына алатынын ерекше атап өтіп, бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес барлық шаралардың жоғары деңгейде және іркіліссіз жүзеге асуын қадағалайтынын қаперге салды. Ол облыс халқының игілігі үшін барлық қажетті жұмыстардың сапалы әрі уақытында орындалуының маңыздылығын түсіндіре отырып, аталған міндеттердің үнемі бақылауда болатынын және нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілетінін нақтылады.
Әрине, бұл ауқымды әрі күрделі жұмыстар бір күнде аяқтала салатын шаруа емес. Дегенмен, әрбір атқарылған қадам – өңірдің тұрақтылығына, тұрғындардың әл-ауқатына бағытталған жүйелі стратегиялық іс-әрекет. Себебі, қолға алынған әр жоба, қабылданған әр жоспар – жай ғана техникалық шешім емес, азаматтардың күнделікті өмір сапасын арттыруға, олардың қауіпсіздігін, жайлылығын қамтамасыз етуге тікелей әсер ететін маңызды бастама. Бұл – уақыт пен ресурсты талап ететін, алайда, болашағы берік, нәтижесі ұзақ мерзімді қамтитын мақсатты жұмыс.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»