Жаңалықтар

Қарағандыдағы №15 емханада МӘМС жүйесі арқылы ем алатын азаматтар саны өсті

Облыс аумағындағы емханаларда тіркелген тұрғындардың қажетті консультивтік-диагностикалық қызметтердің толық спектрін бір жерден алуға жағдай жасалуда. Яғни, алғашқы зерттеулерден бастап, қымбат диагностикалық зерттеулерге дейін басқа медициналық ұйымдарға жүгінбей-ақ, тексерістен өтуге толық мүмкіндік бар. Осы бағытта 2026 жылдан бастап, азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заңға бірқатар өзгерістер еңгізілген болатын.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жаңа жылдан бастап, елімізде МӘМС жүйесіне қолжетімділігі бар азаматтар тізімі кеңейтілді. Әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық шұғыл деңгейіндегі D және E санатына жататын тұлғалардың тізімі қалыптастырылып, оны Медициналық сақтандыру қорына жолдайды. Қор бұл азаматтар бойынша МӘМС жарналарының төленуін тексеріп, тізімді қалыптастырады және оларға «сақтандырылған» мәртебесін береді. Осы азаматтарға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін қызмет алушылардың тізімі алынып, ондағы мәліметтер МӘМС жарналарын кейіннен төлеу үшін жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Республикамызда мұндай азаматтардың саны 1 миллионды құрайды, ал, біздің облыста шамамен 60 мың адамды құрайды.

Сонымен қатар, ресми түрде тіркелеген жұмыссыз азаматтар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Осы өзгерістер аясында жүйеде бірқатар маңызды өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, қатарынан 5 жыл бойы жарналарды үздіксіз төлеп келген азаматтар қандайда бір себеппен жарна төлеуді тоқтататын болса, азамат МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті 6 ай бойы алуға құқылы. Ал, бұрын бұл мерзім 3 айды құраған.

Қаламыздағы №15 емханада тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйелері аясында халыққа медициналық көмек көрсетіп келеді. Бұл модель мемлекеттік сапа стандарттарын сақтай отырып, жеке сектордың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.

Медициналық қызметтерді жоспарлау және есептілік қатаң талаптарға сай жүргізіледі. Соның нәтижесінде ем алушыларға медициналық көмек тегін әрі қолжетімді ұсынылады. Қазіргі таңда емханаға 49 026 тұрғын тіркелген.

– Жаңа жылдан бастап, №15 емханада МӘМС жүйесі арқылы ем алатын азаматтар саны өсті. Еңбек ресурстарының дамыту орталығы әлеуметтік осал топтардың тізімін белгілеу арқылы МӘМС қорына жеткізіледі. Қор бұл азаматтар бойынша МӘМС жарналарының төленуін тексеріп оларға арнайы «сақтандырылған» мәртебесін беріп, азаматтарға медициналық көмек көрсетіледі. Алайда, азаматтың МӘМС қорына жарналар төленбеген болса, бұл ем алушы медициналық көмексіз қалады деген сөз емес. Себебі, мемлекет арқылы бекітілген кепілдік берілген медициналық көмектің көлемі бар, жедел жәрдем немесе белгілі бір жарақат, апат, улану болған жағдайда азаматтың мәртебесіне қарамастан кепілдік берілген көлемнен медициналық көмек алады, – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің басшысы Жанар Оразбайқызы.

№15 емханада МӘМС жүйесі арқылы 2024 жылы 69 шағым тіркеліп, оның 63-і негізді деп танылған. 2025 жылы шағымдардың жалпы саны 37-ге дейін төмендеп, оның ішінде, тек алтауы ғана негізді болған. МӘМС жүйесі арқылы қабылданған шаралар өтініштердің жалпы санын да, негізді шағымдардың үлесін де айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.

Мирас ЫБРАЙ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button