Жүйе әділдікті көздейді
Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгеріс бар. Бұл өзгерістер – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы бюджеттің мүмкіндіктері мен міндеттемелері тұрғысынан теңгерілген бірыңғай мемлекеттік медициналық көмек пакетін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындаудың көрінісі. Мемлекет кепілдік берген пакет бюджет қаражатының есебінен қаржыландырылатын болады. «Одан тыс қызметтер сақтандыру жүйесі арқылы төленуі тиіс», – деп атап өткен болатын Президент. Сонымен жүйеде не өзгереді?

Ортақ пакет пайда болады
Жаңа заң жобасында ұсынылып отырған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті сақтандыру пакетінен бөлек бірыңғай медициналық көмек пакеті кең таралған аурулар бойынша базалық медициналық көмекті кепілдендірілген түрде қамтамасыз етуге, сондай-ақ, аталған екі пакет арасындағы қайталануды болдырмауға бағытталған.
Бір пакеттік қаржыландыру медициналық қызметтердің тізбесін нақты әрі ашық етуге, пациенттер мен дәрігерлер үшін түсінікті болуына, сондай-ақ, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізу үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен тәуелсіз сарапшылар барлық қызмет түрлерін, соның ішінде, олардың құнын жан-жақты талдады. Негізгі мақсат – азаматтарды МӘМС жүйесімен барынша қамту және әрбір азамат үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Сақтандырылу мәртебесіне қарамастан медициналық-санитариялық алғашқы көмекке жүгінген әр қазақстандық тиісті медициналық көмек алуға құқылы. Одан бөлек, вакцинациялау және ерте диагностикалау мақсатында онкоскрининг, әлеуметтік мәні бар ауруларға күмән болған жағдайда диагностика, емдеу және дәрілік көмек, инфекциялық аурулар кезінде медициналық көмек, сонымен бірге, жедел медициналық көмек, паллиативтік көмек, мейіргерлік күтім және басқа да қызметтер алады.
Цифрлық жүйе енгізіледі
1 шілдеден еліміздің барлық медицина ұйымдарында медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі енгізіледі. Жаңа цифрлық құрал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қаржыландырылуын бақылауға мүмкіндік береді.
Аталған жүйе пилоттық жоба ретінде Ақмола облысында биыл наурызда енгізілген болатын. Пилоттық режимнің өзінде-ақ жүйе 11 мыңнан астам медициналық көмектің бекітілген стандарттарға сәйкес келмейтін дерегін, соның ішінде, жалған жазбалар анықталды. Енді көрсетілген медициналық көмектің негізділігін үздіксіз бақылау және дербес есепке алу негізінде медициналық қызметтердің ашықтығы қамтамасыз етіледі, медициналық көмекті көрсету кезіндегі қателіктер мен заңбұзушылықтар, соның ішінде, «жалған көрсетілімдер» автоматты түрде анықталатын болады. Медициналық қызметтер үшін тек нақты көрсетілген көмекке ғана төлем жүргізілетініне кепілдік беріледі.
Аталған жүйелер қаржыны тиімді пайдалану, жалған мәліметтерді болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Медициналық қызметтердің сапасын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі медицина ұйымдарын пациенттердің нақты қажеттіліктеріне бейімделуге ынталандырады. Жаңашылдық медициналық қызметтерді қаржыландырудағы әділеттілік пен тиімділікті қамтамасыз етпек. Бүгінгі таңда облыста 15 жекеменшік және 22 мемлекеттік барлығы 37 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйым бар.
Жарна мөлшері өзгереді
Бірыңғай медициналық көмек пакетінің енгізілуі себепті МӘМС жүйесіне қосымша міндеттемелер жүктеліп отырған қазіргі жағдайда жүйе өсіп келе жатқан шығындарға төтеп бере алмайтыны анық. Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекет төлейтін жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылады. Демек, 2027 жылдан бастап, есептеу базасының 2,5%-ы көлемінде, ал, 2037 жылға қарай 5%-ға дейін көтеру көзделді. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, медициналық сақтандыру қорына жасалатын жарна төлемінің шегі 5 есеге дейін өсетіні белгілі болды. Бұл – қарапайым халыққа емес, жалақысы көп қазақстандықтарға қатысты өзгеріс. 4 млн 250 мың теңгеден жоғары табысы бар 2-3 мың қызметкер үшін ғана өседі. Бұл – елдегі барлық жалдамалы жұмыскерлердің тек 0,04%-ы.
Үкімет бастапқыда жұмыс берушілердің және жұмыскерлердің МӘМС-ке аударымдары мен жарналарын есептеу үшін ең төменгі жалақының 50 еселенген шегін белгілеуді ұсынған болатын. Депутаттар корпусының ұсынымдары ескеріліп, жұмыс берушілер үшін шекті мөлшер 40 ЕТЖ, ал, жұмыскерлер үшін 20 ЕТЖ көлемінде белгіленді. Бұл жүйенің тұрақтылығын сақтап, жұмыс беруші мен жұмыскерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін ымыралы шешім.
Аталған өзгерістер баршаға емес, тек 9% жалдамалы жұмыскерлерге яғни, ай сайын 850 мың теңгеден жоғары жалақы алатын, шамамен 508 мың адамға және олардың жұмыс берушілеріне қатысты.
Бүгінгі таңда еліміздегі МӘМС моделінде регрессивті қаржыландыру қолданылады. Яғни, табысы аз адамдар табысына шаққанда көбірек жарна төлеп отыр. Ал, табысы жоғары азаматтар табысына шаққанда азырақ төлейді. Мысалы, ай сайын 1 млн теңге жалақы алатын азамат үшін қазірде нақты жарна мөлшерлемесі – 2% орнына небәрі 1,7%-ды құрайды. Өйткені табысты есептеу шегі 10 АЕК-пен шектелген. 400 мың теңге алатын азамат 2% толық төлеуге міндетті. Жалақысы одан да жоғары адамдар үшін нақты мөлшерлеме тіпті 0,4%-дан аспайды.
Өзгерістерге сәйкес, табысы төмен адамдар табысы жоғары адамдарға қарағанда көбірек жарна төлемеуі керек. Жүйені қаржыландыру әділ болуы тиіс: жарналар азаматтардың табыс деңгейіне сай болуы қажет. Қазіргі жағдайда әлеуметтік теңдік пен әділеттілік қағидасы толық сақталмай отыр. Сондықтан, ұсынылып отырған тәсіл жауапкершілікті әділетті бөлуді көздейді.
Биылғы төлем қанша?
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін жарналарды есептеуге ең төменгі жалақы деңгейі негіз. Биыл ең төменгі жалақының мөлшері өзгеріссіз, 85 000 теңге көлемінде қалды. Сәйкесінше, жарналар мөлшері де өзгерген жоқ.
Жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін ставкалар да өзгеріссіз – 3% және 2% мөлшерін құрайды. Тек біржолғы төлем мөлшері 21,5%-дан 23,8%-ға дейін артты. Сондай-ақ жеңілдетілген санаттағы азаматтар үшін мемлекет тарапынан жарналар мөлшері өзгеріске ұшырады. Ол орташа айлық жалақының 1,9%-ынан 2%-ына дейінгі көлемді құрайды. Бұл көрсеткіш өткен екі жылдағы және биылғы қаржы жылының орташа айлық жалақысынан есептеледі. Бұдан басқа, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалардың жарналары – табыстың 2%-ы, жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 5 950 теңге, дербес төлеушілер 4 250 теңге жарна төлейді. Мемлекет тарапынан МӘМС-ке төленетін жарналар – 7 285,9 теңге.
МӘМС жарналарын «Қазпошта» АҚ, екінші деңгейлі банктердің кассалары мен мобильді қосымшалары, сондай-ақ, терминалдар арқылы төлеуге болады.
Осы орайда МӘМС жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін уақытша қиындықтарға тап болған, табыссыз қалған азаматтар үшін жеңілдікті кезең ұзартылғанын да атап өту керек. Енді жарналарды үздіксіз бес жыл бойы өз бетінше төлеген азаматтар жарна төлемеген жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұрын бұл мерзім үш ай ғана болатын. Бұл әділетті әрі маңызды шешім, ол жүйеге тұрақты қатысып жүрген азаматтарды қолдауға бағытталған.
Медициналық сақтандыру қорының облыстағы филиалы ұсынған дерекке сүйенсек, аймақта 957 395 сақтандырылған тұрғын бар. Сақтандырылмаған 176 129 адам тіркелген. Жыл басынан бері облыс тұрғындары 25,1 млрд теңге көлемінде жарна аударған. Республика бойынша 322,9 млрд теңге түсті.
Заң денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және азаматтардың МӘМС жүйесіне толыққанды қатысуына ынталандыру тетіктерін жасауға бағытталған. Сонымен қатар, ол жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Азаматтардың әлеуметтік осал топтарының МӘМС жүйесіне қатысуы жергілікті бюджеттердің есебінен қамтамасыз етіледі.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»