Жаңалықтар

Жәңгірдің жәдігері

       Әріптесіміз Серікбол ХАСАННЫҢ фейсбуктегі жеке парақшасына сілтеме жасай отырып, қалмақтардың сайттарының бірінен Жәңгір хан БӨКЕЙҰЛЫНЫҢ дулығасы Петербордағы Ресей этнографиялық музейінің қорында сақталып келгенінен хабардар етеміз.

Новосибирск университетінің доценті, тарих ғылымының докторы Л.Бобровтың жазуынша, дулыға Жәңгір ханға тиесілі екен. Негізі темірден жасалған. Биіктігі – 25, диаметрі – 23 сантиметр.

Ресей этнографиялық музейінің қызметкері С.Дмитриевтің айтуынша, ханның дулығасы Бөкей ордасынан әкелінген коллекцияның ішінде болыпты. Дулығаны бұл музейге Ф.Чингисхан деген адам өткізіпті.

«Бұл қай Шыңғысхан болды екен деп іздей бастап едім, бірден еске түсе кетті. Бұл Феодосия Велинская екен. Былтыр “Айқынға” Жәңгірдің ұлы Ғұбайдолла туралы мақала жариялағам. Сол кезде Ғұбайдолланың жары Феодосияға да аздап тоқталған едім. Мақалада Жәңгірдің ашқан әскери музейінің коллекциялары ұлы Ғұбайдоллада, кейін осы Феодосия Велинскаяда сақталғанын айтқам. Белгілі болғандай, Феодосия ханым қайын атасының жәдігерлерін 1919 жылы музейге өткізіпті» дейді С.Хасан.

Музей қызметкерінің мәлімдеуінше, Феодосия Велинская музейге дулығамен бірге акварельмен салынған ұлттық киім киген қазақтар бейнеленген 2 картинаны және қазақ сұлтаны Ғұбайдолла Жәңгірұлының портретін де өткізген екен.

Қазақтың дулығасы жайлы жақсы бі­летін Қалиолла Ахметжан да бұл дулыға Жəңгір коллекциясында болғанын рас­таған.

Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button