Бас тақырыпБасты тақырыпРуханият

Нұра ауданының мұражайында ХVIII ғасырдағы жүген сақтаулы

Жылқыны салт мінуге жә­не жегуге арналып қолдан жа­салған, дәстүрлі үлгідегі әбзелдердің бірі – жүген. Қазақ поэзиясының Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров «Мінсең – жел, ішсең – қымыз, жесең – қазы» деп әспеттеген жылқыны көшпелі тұрмысында кеңінен қолданған ата-бабаларымыз осы түлікті басқару үшін ер-тұрман әбзелдерінің алуан түрін ойлап тауып, ұдайы жетілдіріп отырған. Ер-тұрманның осындай маңызды бөлшегі – жүген.

Сурет автордан

Нұра ауданының тарихи-өлкетану музейінде сондай бір жәдігер сақтаулы тұр. Мекеме қызметкерлері ХVIII ғасырдың бұйымы деп есептейтін жәдігер туралы музейдің қор сақтау­шысы Анаргүл Нақыпова айтып берді.

– Жүген табиғи былғарыдан жасалып, ерекше шеберлікпен дайындалған. Бұйымның маңдайлық, самайлық және ауыздық бөліктері толық сақталған. Әр тұсы ұлттық нақыштағы металл әшекейлермен сәнделіп, ою-өрнектермен көркемделген. Ауыздық бөлігі берік металл темірден жасалып, шығыршығына тізгін бекітілген. Мұндай ерекше сәнді жүгендер көбіне мерекелік, салтанатты жағдайларда пайдаланылған. Бұл жәдігер – қазақ халқының ер-тұрман жасау өнері, атбегілік дәстүрі қандай жоғары деңгейде болғанын айғақтайды, – дейді Анаргүл Айткенқызы.

Шынында да, ер-тұрман әбзелдері халқымыздың көшпелі өмір салтын, жылқы түлігіне деген құрметі мен ұлттық мәдениетінің айшықты белгісін танытады. Музей экспозициясында ер-тоқым, жүген, қамшы сияқты осындай жәдігерлердің болуы келушілерге халқымыздың тарихи тұрмысын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

СУРЕТТЕ: Нұра аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған жүген.

Басқа материалдар

Back to top button