Өзгеше көрменің өнегесі
Биыл мерейтойы тойланатын өңіріміздің тұлғаларынының өмірі мен шығармашылығын, ел дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатында Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында ерекше көрме ұйымдастырылды. «Қарағанды облысының атақты мерейгерлері» атты көрмеде елімізге белгілі қайраткерлердің еңбектері қойылған.
Атап айтқанда, биыл мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туғанына – 130 жыл, химия және металлургия саласындағы ғалым, жазушы және академик Евней Бөкетовтің туғанына – 100 жыл, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы мерейлі 75 жасқа толып отыр.
Алдымен, көрмедегі Нығмет Нұрмақов көзге түседі. Нығмет Нұрмақов – ол қазақтың саяси және заң саласы тарихындағы айтулы есімдердің бірі. Оның «Алаш қыраны», «Қазақ халқының тарихи тұлғалары» және «Алаш заңгерлері» кітаптары ел тарихын, Алаш қозғалысының рөлін терең зерттейді. Бұл шығармалар оқырманға қазақ халқының басынан өткен қилы замандар мен ұлт үшін күрескен азаматтардың өмірі жайлы тың ақпараттар ұсынады. Нығмет Нұрмақовтың еңбек жолы мен Алаш ұстанымдары бүгінгі ұрпақ үшін зор үлгі.
Евней Бөкетовті өзім білім алатын ууниверситеттің негізін қалаушы ретінде үлгі тұтамын. Оның ғылыми-зерттеу және шығармашылық бағыттағы кітаптары Қарағанды облысының ғылыми әлеуетін паш етеді. «Святое дело Чокана» және «Друг мой брат мой» сияқты туындылар, ұлы тұлға Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына арналып жазылған.
Көрмеде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлының да бірқатар кітабы тұр. Ақынның «Өмір деген күнді айналу», «Уа, Ақсораң!», «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» сынды туындылары – қазақ әдебиетінің алтын қорына енген өміршең шығармалар. Оның поэзиясы өмірдің мәні мен мәңгілігі туралы терең ойларды, адамзаттың рухани ізденісін айшықтайды. Көрмеге қойылған бұл кітаптар Серік Ақсұңқарұлының әдеби мұрасының молдығын, және шығармашылығының қазақ халқының рухани әлеміндегі өлмейтін орнын көрсетеді.
Облысымыздан шығып, еліміздің мақтанышына айналған тұлғалардың шығармашылығына арналған бұл көрме жыл соңына дейін жалғасып, жаңа басылымдармен толықтырылып отырады. Өзінің тарихын білу және ұлттық мұрамен танысу – әр ұрпақтың абыройлы міндеті. Сондықтан да, көрмеге келіп, осы ұлы тұлғалардың кітаптарымен танысуды ұмытпаңыз
Мөлдір МҰРАТБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің
IV курс студенті