Өзгеше қалам иесі
Журналист Бағдат Мекеевтің туғанына – 75 жыл
Адамдар болады, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, әрбір іс-әрекеті мүлде бөлек, ешкімге ұқсамайтын. Тіпті, өз ортасына да қарым-қатынасы дара боп тұрады. Бағдат ағамыз да тура осындай текті мінезді еді.

Қайда, сонау алыста қалған өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың ортасы, жетпісінші жылдардың басында Бағдат ағаның «Арқа еңбеккері» газетінде өлеңдері жиі шығып тұратын, ара-арасында мөлдірете жазған қара сөзбен жырлағанын тамсана, сүйсіне оқитынбыз.
Кейін Алматыда оқитын студент Бағдаттың өлеңдері осы газет бетінде жарияланып жүрді.
* * *
…Өмір жолы газет арқылы жолықтырды. Бағдат аға облыстық «Жезқазған туы» газетінде істеді. Біз аудандық газетте. Ақтоғайға журналистік іссапармен жиі келетін. Асыл аға редакциядағы жастармен танысып, ақыл-кеңесін айтып, шүйіркелесіп отыратын. Жазғанымызды оқып жүретінін жеткізді. Аудандық газет аптасына бір рет топтастырылып, пошта арқылы жіберіледі облыстың бас газетінің редакциясына. Жалпы, сол кезде бүкіл аудандық газеттердің редакциясы өз газетін бір біріне жіберіп, танысып, тәжірибе алмасып тұратын. Жақсы дәстүртін. Қалам ұстаған бірталай әріптес қыз-жігіттерді осылай танып, білгенбіз.
Бағдат аға сол кездесуде «Аудандық газеттерде жазуы ұнайтын жас тілшілер бар, қадағалап отырамыз. Тіпті, облыстық газеттің резерві, сендерсіңдер, жазып тұрыңдар» деп, көңілімізді көтеріп тастады. Бауырмалдығы сезіліп тұрды, ақжарма көңілінен.
Бұл келуі Ақтоғайға 1976 жылдың жайдары жазы еді.
* * *
«Лениншіл жас» газетін асыға күтеміз. Керемет дүниелер жарық көріп жатады. Соның ішінде, Бағдат ағаның да тартымды очерк, көлемді суреттемелері үнемі, үзбей жарық көріп тұрады. Қызыға оқимыз. Жезқаған қаласында қалалық, аудандық газеттердің қызметкерлері бас қосқан жиын, дәріс алу кеңестері жиі болады. Облыстық газетте, теледидарда тәжірибе алмасады, партия саясатын жүзеге асырудың сан қырлы жолдары ортаға салынады.
Бағдат аға жас тілшілерді жинап, «Жезқазған туы» газетінде өте-мөте пайдалы, жазу-сызудың, материал жинаудың, нақты іс үстінде репортаж жазудың, көркем очерктің ішкі дүниесіндегі кейіпкердің жан сырын, іс-қимылын аша түсудегі өз тәжірибесімен бөліскені бартын. Бағдат аға ойлы, мазмұнды, тілі төгілген очерк, суреттеме, сериялы, сараптамалы мақала жазудың хас шебері болатын. Күнделікті газетте жарияланып жатқан әр мақаласы өзгеше болатын. Төгіліп тұрған көркем тіл, шұрайлы, оқырманын бірден жетелеп әкетеді. Ал, очерктері шағын, көркем әңгіме, повестьке бергісіз.
Өзіміздің «Орталықтың» сарғайған газет тігіндісін парақтап көрсек, көз жеткізе түсеміз. Ағамыз – нағыз бесаспап журналист. Сын, сараптамаға толы мақалалары бейжай қалдырмайды, оқырманын. Ірі өндіріс орындарының жұмыс бағытын, ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеген, бақайшағына дейін шағатын. Кемшілігін дөп басады, асауға құрық салғандай тырп еткізбейді. Кеуделі басшылардың бұлқынуға шамасы келмей қалатын, талайы тәубесіне түсті ғой.
***
Бағдат ағаның кісілік келбеті,адамдық айнасы өзіме қатты ұнайтын. Бауырына тартты. Ауылымыз Ақсораң шыңының орай жатқан бөктерінде. Жап-жақын. Бір топырақтанбыз, талантты ағаның арқырап,дауылдатып, ашық-жарқын жүретін өтімді, өткір сәттері көз алдымда. Ол жасынан ұлттық құндылық, қазынамызға сусындап өскен. Дәстүр-салтымызға мейлінше адал болды. Оны өзінің тұла бойында, болмысында саф алтындай сақтай білді. «Қазақ іздеп жүрмін» атты талдау, сараптама мақаласы қоғамға айтарлықтай сілкініс әкелгенін парасатты оқырман ұмыта қоймаған болар. Қазір де тіл үшін күрес өзекті, өткір күйінде қалып отыр емес пе!?
Қадірлі ағамыз бір жылдары Шет аудандық «Ильич туы» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Оның алдында, обылстық газетте жүргенде өндірісті қалаға, жанындағы Приозёрный ауданына іссапармен келген-тін.
Сол жолы аға-іні боп ақтарыла сырласқанбыз. Ағаның алтын босағасындағы кең дастарханынан жата-жастана дәм татып, аунап-қунаған күндерімізде болғантын. Жә, бірді айтып, бірге кеттік… Сол іссапардан «Түнгі Балқаш тынысы» атты өндіріс туралы жазылса да лирикалы, ойнақы, тартымды, төгіліп тұрған бірнеше сериялы суреттеме берді.
…Бірде ағадан хат келді, орынбасары зейнетке шығады екен. Сол кісінің орнына қызметке шақырыпты. Сеніп, маған көрсеткен құрметіне қалай риза болмайын.
Ойын, пікірін көңілінде жүрген, жасырмайтын, ашық айтатын. Тік мінезі зілсіз болатын. Сәнді, жарасымды, таза, сулу киінетін, әдемі жүретін.
Алдыңда үлгі тұтар ағаң болса, арманың түгел… Мен үшін Бағдат Мекеев ағамыз сондай аяулы жанның бірі еді…
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.