АймақҚарағанды

Өзгерісті өзіңізден бастаңыз

Бүгінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы өңірде кеңінен таралып келеді. Яғни, тұрғындардың өз ауласын абаттандыруға тікелей атсалысып, әлеуметтік мәселелерді шешуде бірден-бір тиімді құралға айналды. Былтыр бұл жоба аясында Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан ауданында құны 718 миллион теңге болатын 23 жоба жүзеге асқан еді. Биыл бұл көрсеткіш еселенді. 43 жоба қолға алынып, оған бюджеттен 1 млрд 700 млн теңге бөлініпті. Биыл, тіптен, «Халық қатысатын бюджет» жобасына қызығушылық танытқан аудан тұрғындарының қатары күрт өскен. Тұрғындар тарапынан түскен өтініш саны 250-ге жетіпті. Бірақ, жоба стандартына сәйкес келетін 117 жоба таңдалып алынған. Ал, құрылыс жұмыстары келер жылдан басталады деп күтілуде.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Көршілердің қос қуанышы

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Көгілдір тоғандар шағынауданы №5/4 және №5/5 мекенжайының ауласына былтыр құны 35 млн теңге болатын қос бірдей алаң салынған. Қос үй 2018 жылы пайдалануға беріліпті. Сол уақытта аулада бір ғана сырғанақ және спорт жабдығы қойылған. Бірақ, бір артықшылығы, құрылыс жүргізген мердігер ұйым әу баста алаң үшін ауладан арнайы жер бөлген. Соңында табанын тегістеп, цемент төсепті. Бар болғаны қажетті спорт жабдықтарын орнатсаңыз болды, алаң – дайын. Осы жоба жайлы естіген аула тұрғындары қол жинап, өтініш жолдапты.

– Соңғы жылдары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Әуелі тұрғындармен келісіп, жоба нобайын әзірлейміз. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-талаптар ескеріледі. Әр жыл сайын осы жобаға қызығып, ұсыныс білдіретіндердің қатары артуда. Әрине, комиссия құрамы келіп түскен өтініштерді қарап, іріктейді. Кейбір өтініштер жобаға сәйкес келмей, кері қайтарылып жатады. Ондай уақытта түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, жол жасау, көпір салу деген сынды өтініш қаралмайды. Одан бөлек, бақылау аймағында тұрған немесе электр желісі, құбырлар өтетін аулаға алаң салмаймыз, – деді Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев.

Бұл алаңның жалпы ауданы – 300 шаршы метрден асады. Тартан жабыны төселіп, спорт жабдықтары орнатылған. Түрлі әткеншек пен орындықтар қо­йылған. Тіпті, алма, қарақат ағашы да егіліпті.

Ал, Көгілдір тоғандар шағынауданы №5/5 мекенжайының ауласындағы алаң тек бүлдіршіндерге арналған. Кішкентайларға арналған түрлі спорт жабдықтары мен әткеншектер орнатылыпты. Қос алаңның жөндеу жұмыстары бірге басталып, бірге аяқталған. Айгүл Аринованың осы мекенжайға көшіп келгеніне жеті жылдан асыпты. Өзі әу баста «Халық қатысатын бюджет» жобасы жайында естігенде таңқалып, сенбегенін айтады.

– «Өтінішімізді бірден қабылдап, аз уақыт ішінде алаң салып береді» деп ойламаған едік. Алаңның құрылысы басталғанда сенбей жүрдік. Әу баста ойын алаңы – бөлек, үлкендерге арналған орындықтар – бір бөлек болғанын қалағанбыз. Әрі балалардың ойын алаңы да екіншісінен алшақтау орналасқаны жөн. Жауапты орган өкілдері өтінішімізге құлақ асып, бәрін қалағанымыздағыдай жасап берді. Қуанышымызда шек жоқ. Күнде кешкісін тұрғындардың бәрі осы жерде жиналады. Одан бөлек, біздің аула мектеп пен балабақшаға баратын жолдың дәп ортасында. Мектепке бара жатқан да, келе жатқан бала да осы алаңнан шықпайды, – деді тұрғын.

Сонымен қатар, Айгүл Аринова көшеттерді үнемі суғарып, аула тұрғындарымен бірлесе сенбілік ұйымдастыратынын да баса айтты.

– Біздің талап-тілегімізді ескеріп, керемет алаң салып берді. Әрі бәрін қалағанымыздай жасады. Енді оны күтіп ұстау – міндетіміз. Сондықтан, көктем мезгілінде тұрғындармен сенбілікке шығып, тазалық жұмыс­тарын жүргізгенбіз. Енді алдағы уақытта тағы да өткізуді жоспарлап отырмыз. Тазалық үшін әрі оның күтіміне өзіміз жауап беруіміз қажет, – деді ол.

Ал, 11-шағынаудандағы №26 және №27 мекенжайының ауласында жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда аталған жобасы аясында спорт алаңдары салынбақ. Атап айтсақ, 30*15 өлшемінде – футбол, 20*15 өлшемінде – баскетбол алаңы бой көтереді. Және аула тұрғындарының өтінішімен 100 шаршы метрге балалар алаңы салынуда. Бұған дейін аулада әткеншек пен бірнеше спорт жабдығы болыпты. Бірақ, аула абаттандырылмаған екен. Әткеншекті шаң басып, спорттық жабдықтарға апаратын жолды арамшөп басқан.

– Құрылыс-монтаж жұмыстары мамыр айының басында басталды. Ең бастысы – бала қауіпсіздігі. Сондықтан, спорт алаңдары салынып болған соң бірден аула абаттандырылады. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, балалардың ойын алаңына көгал төселеді. Одан бөлек, орындықтар қойылмақ. Ал, бұған дейін осы жерде тұрған спорт жабдықтарының кейбірін қайта қоямыз. Арасында іске асатындары бар. Сондықтан, қайта орнына қойсақ, артық болмайды. Жөндеу жұмыстары үнемі қадағаланады. Тамыз айының соңында осы алаңды пайдалануға береміз, – деді Досбол Күлекеев.

Жөндеу жұмыстары күні кеше басталғанымен беті қайтыпты. Футбол мен баскетбол алаңы толық тазартылып, іргесі көтерілген. Енді қабырғасын бекіту қалып тұр. Ал, балалар ойын алаңының әзірге нобайы сызылып, алаңы таңдалған. Мұнда жөндеу жұмыстары енді басталады. Ал, құрылыс жұмыс­тарына жауапты мердігер ұйым құрылысқа қажетті құрал-жабдықтарды өңірдегі кәсіпорындардан алады екен.

Бір көшет – бір үміт

Былтыр аудан аумағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында барлығы 5 820 түп ағаш егілген екен. Оның 2 000-нан астамы Курьяновский ауылына апаратын тасжолының бойына отырғызылса, 290 түп қайың Күзембаев алаңында бой көтерді. Десе де, аудан әкімі жыл сайын көгалдандыру көлемі ұлғайатынын да сөзге тиек етті.

Жалпы, өткен жылы ауданда көшет күз айында отырғызылған еді. Сол уақытта көпшілік тарапынан түрлі сын айтылып, дабыл қақты. Көшеттің суыққа шыдамайтындығы жайында сын айтылған-тын. Бірақ, Досбол Батырбекұлы осы мәселеге кеңінен тоқталып, ақ-қарасын ажыратып берді.

– Қыркүйек айында тал егу үшін сала мамандарын жинап, жиын өткізгенбіз. Сонда мамандар талды -15 градусқа дейінгі ауа температурасында отырғыз­уға болатынын, әрі тиімділігін айтқан еді. Мамандардың нұсқауымен ауданға үйеңкі, қарағаш, қайың және терек ағашын егуді шештік. Сөйтіп, күз айында бастадық. Алайда, көптің тарапынан түрлі пікірлер айтылды. Бірақ, оған қарамастан өз жұмысымызды жалғастырдық. Әуелі «Сырдария» алаңынан бастап, Карл-Маркс көшесінің бойындағы алаңға дейін 500-ден астам көшет егілді. Одан кейін, Күзембаев алаңына қайың ағашын ектік. Ал, күтімді сәуір айынан бастадық. Бүгінде былтыр отыр­ғызған талдардың 90%-дан астамы – жайқалып тұр, – деді аудан әкімі.

Биыл жыл басынан бері 1 500-ден астам көшет отырғызылыпты. Енді жыл соңына дейін 5 000 тал жоспарда. Ал, оның 85%-ын орындау – ауданға қарасты ірі кәсіпорындарға тиесілі. Яғни, заңнамаға сәйкес табиғатқа келтірілген зиянды өтеу мақсатында өтемақы аясында отырғызады.

– Бүгінде ауданымызда бірнеше ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Солардың қатарында «Аsia ferroalloys» ЖШС және «Энергоресурсы Караганды» ЖШС компаниясы да бар. Биыл осы ірі компания өкілдерімен ғана жұмыс істейміз, – деді Досбол Күлекеев.

Агроном Сәкен Келдібаев Күзембаев алаңына не себепті қайың ағашының отырғызылғандығын түсіндіріп, олардың күтімі жайында айтып берді.

– Әуелі тал егілетін аумақ толық тексеріледі. Яғни, топырақтың құнарлылығын, жерінің ылғалдығын анықтаймыз. Содан кейін қандай тал жерсінетіні белгілі болады. Осы алаңға арнайы қайың ағашын отырғызуды жөн көрдік. Себебі, бұл жердің топырағында қайың жақсы өседі екен. Әуелі шұңқырлар тиісті стандарттарға сәйкес алдын ала қазылды. Қайың ағаштарының арасы 3 метр, – дейді сала маманы.

Сонымен қатар, талды күз немесе көктем мезгілінде отырғызуға кеңес беріп, тиімділігі жайында да айтып берді.

– Көпшілік күзде отырғызудың тиімділігін біле бермейді. Күз айында тал ексеңіз, топырақтың құнарлылығы жоғары болады. Ал, көктемде еккен талыңызда керісінше, бейімделу процесі жүреді. Соның салдарынан өліп қалған тал көп. Сондықтан, тал отырғызуды күзде бастаған жөн. Әрі ескі технология­дан шығып, заман талабына сай әдістерге көшуіміз қажет, – деді Сәкен ­Келдібаев.

Ауданның іргесіндегі Курьяновский ауылына апаратын тас­жолының бойына былтыр күзде екі мыңға жуық үйеңкі егілген көрінеді. Бұл мәселенің де соңы үлкен дауға ұласқан. Сала мамандарына көпшілік тарапынан сын да айтылып, мін де тағылыпты.

– Ағаш отырғызбастан бұрын аудан басшысымен кеңес құрдық. Бұл жердің топырағы құнарлы. Әрі көптің қатынайтын жолы болған соң, осы жерді әдейілеп таңдағанбыз. Сол кезде жұрт арасында қаңқу сөз көп болды. Өздері беймәлім экспорттарды алып келіп, бізді сынның астына алды. Тіпті, «Еккен талдарыңның тек 15%-ы ғана тамырланады» дегендер де болды. Оған да мән бермей, бәрін өз технологиямыз­бен отырғыздық. Әдеттегідей, шұңқырын күн бұрын дайындап алдық. Ал, көшеттер әкелінгенде, өзім әрқайсысын қарап, тексеріп алдым. Әрі мердігерлермен де үнемі байланыс ұстап, тексеріп отырдық. Қазіргі уақытта аптасына екі мәрте суарылады. Ал, күн салқын болған жағдайда бір мәрте жеткілікті, – деді Сәкен ­Келдібаев.

Технология бойынша әр ағаштың үш жерінен темір қазық қағылып, байланған. Әр үйеңкінің ара қашықтығы – 3 метрден. Ал, тереңдігі – 50 см қазылған. Себебі, жылдам тамырланып, жылдам көгеру үшін сала мамандары осы техникамен еккен. Әрі отырғызған әр талына өз топырағын емес, сырттан қара топырақ әкеліп салған көрінеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button