Өзгеріс те, мәселе де бар
Ой артынан ой қуалап келсеңіз, қоғамда бәрі мәдениеттен басталатынына көзіңіз жетеді. «Мәдениет жоқ жерде экономика да, білім де жоқ» деген нақыл бар. Билік ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістерге бет алған осы салада. Бұны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанов пен Асхат Аймағамбетовтың өңірдегі мәдениет майталмандарымен кездесуінде естідік. Депутаттар мен өнер қайраткерлері арасында ресмиліктен ада, ашық, еркін сұхбат өрбіді. Проблемалар көтерілді.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, «Amanat» партиясының облыстағы филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Алтынтөре Бөкенов қатысты. Сөзді Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов бастады. Ол мәдениет саласындағы елеулі өзгерістер туралы айтты.
– Креативті индустрия бойыншы заң жобасы қарастырылуда. Материалдық емес құндылықтарға қатысты өзім заң жобасын әзірлеп жатырмын. Қазіргі таңда мемлекеттің бар назары лудоманиямен күреске аударылғанын атап өткім келеді. Себебі, не істесек те, осы жастардың болашағы үшін жасап жатқанымыз анық. Ал, жас буын ойынның соңына түссе, бәрі бекер екені сөзсіз. Осы құмарлықтың кесірінен көбі өзіне қол салуда. Бұл – Қазақстан бетпе-бет келіп отырған қауіпті індет. Спортқа қатысты маңызды шешімдер қабылдануда. Легионерлерге миллиардтап қаржы бөлініп жатыр. Сол қаржыны ақсап тұрған салаларға бөлу – маңызды болып тұр. Нақты мәдениет саласында кадрлық мәселе шешімін таппай келеді. Осы проблеманы шешу үшін жаңа механизм дайындап жатырмыз. Мәселен, мақсатты түрде гранттар бөлеміз. Мақсатты грантқа түскен шәкіртке нақты талаптар қойылады. Яғни, дипломын алған соң кадр жетіспей жатқан ауданға барып жұмыс істеуі шарт. Жұмыс істейтін мекемесі алдын ала бекітіледі. Креативті индустрия бойынша да жаңа шешімдер қабылдаудамыз. Сіздерден нақты ұсыныс болса, тыңдаймыз, – деді Асхат Аймағамбетов.
Асхат Аймағамбетов авторлық құқыққа қатысты мәселелердің де шешіліп жатқанын атап өтті. Бұл – қаламгерлер мен сазгерлер үшін аса маңызды. Содан кейін археологияда да проблемалар бары айтылды. Тапқанын ешқандай есепке тіркемей шетел асыратын, немесе, саудаға шығарып жіберетін, қорымдарды талқандап кететін «қара археологтарды» қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделіп отыр. Археологтарға лецензия алу оңай екен. Яғни, лецензия алғаннан кейін қалаған қорымыңды қазуға болады. Ендігіде рұқсат қағазының берілуі де қатаңдатылмақ. Инспекцияларға да көңіл бөлінбек. Бүгінгі таңда инспекцияларда кадр тапшы, мемлекет тарапынан қолдау аз екен. «Бұл – өткен тарихымыздың көзіндей жәдігерлерді сақтау үшін аса маңызды» деді депутат.
Қазақ тілінде шыққан кітаптардың таралуына қолдау артпақ. Кітап дүкендерімен келісімдер жасалмақ.
Театр және кино актеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов өнерпаздарға берілетін мемлекеттік наградалар мәселесін көтерді.
– Біз алғаш театр табалдырығын аттағанда алдымыздан қасиетті өнердің ақсақалдары шыққан. Түрлі наградаларға жеткен, даңққа бөленген. Солар бізге театр әліппесін үйретті. Содан бері, міне, театр сахнасында тұтас өмір өте шықты. Өткен күніме көз жүгіртіп отырып, мынандай бір ойға келдім: жас өнерпазға жігер беретін, талаптандыратын сыйлықтар, мемлекеттік наградалар, марапаттар керек-ақ. Жастардың түсінігінде, наградалар тек қартайғанда ғана келеді. Сондай ой ойлаған азаматта ешқандай құлшыныс болмайды. Жастарға берілетін наградалар берілсе деймін, – деді Қайрат Кемалов.
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры Талғат Ыдырысов мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысына тоқталды.
– Мәдениет саласындағы мамандардың жалақысы – қай кезде де өзекті. Ұлттың мәдениетіне қызмет етіп жүрген өнерпаздар жұмысынан тыс уақытта той-томалақ аралап, қосымша қаржы табуға мәжбүр. Осы мәселе қаузалса екен, – деді Талғат Ыдырысов.
Асхат Аймағамбетов бұл мәселе бұрыннан барын және соны шешу үшін түрлі жолдар қарастырылып жатқанын атап өтті.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz