Өзгеріс мүмкіндікті молайтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл өзгерістер қарапайым пациенттерге не береді? Жалпы, жүйеге қалай әсер етеді? Медициналық сақтандыру саласындағы өзгерістерге қатысты сұрақтарымызға Қарағанды облысы бойынша «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Фазыл Копобаев жауап берді.

– Жаңа заңнамаға сәйкес жүйедегі негізгі өзгерістерді атап өтіңізші?
– Ең алдымен, халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесімен қамтылуын арттыруға қатысты өзгерістерді айту керек. Бүгінде Қарағанды облысында 954,6 мыңға жуық адам сақтандырылған. Бұл – облыс тұрғындарының 84%-дан астамы. Алайда, 178 мыңға жуық адам жүйеден тыс қалып отыр.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жарналар республикалық бюджеттен емес, жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі төмен (D және E) азаматтар үшін де жарна төлейді. Облыс бойынша бұл шамамен – 51 мың адам.
– Салмақ облыстық бюджетке түссе, жергілікті билікке қалай әсер етеді?
– Бұл әкімдіктердің халықты жұмыспен қамту бойынша жауапкершілігін арттырып, жұмыс орындарын ашуға, кедейлікті азайтуға және белсенді шаралар қабылдауға ынталандырады.
– Мемлекет тарапынан төленетін жарналарда өзгеріс бола ма?
– Қазақстанда мемлекет жеңілдігі бар 15 санаттағы азаматтар үшін жарналарды төлейді (балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, жүкті әйелдер, студенттер және басқа санаттар).
2025 жылы жарна мөлшері – 2%, ал, 2027 жылдан бастап 2,2%-ға, 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін кезең-кезеңмен артады. Бұл ретте, қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін жарна мөлшері өзгеріссіз қалады.
– Азаматтар жарна төлеуді уақытша тоқтатса, мәртебесін жоғалта ма?
– МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекті қамтамасыз ету мақсатында жарналарды кемінде 5 жыл (60 ай) қатарынан төлеген азаматтар уақытша төлем тоқтаған жағдайда 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады. Қазір бұл мерзім – 3 ай. Алайда, бұл төленбеген кезеңдер үшін төлемнен босатылады деген сөз емес. Мысалы, егер азамат тұрақты түрде жарна төлеп жүрсе, бірақ, жұмысынан айырылып, табыссыз қалған жағдайда ол әлі де МӘМС аясында медициналық қызмет алады. Дегенмен, кейін бұл қарызды өтеуі қажет.
– Бірыңғай медициналық көмек пакеті ұғымы енгізілді. Жаңа пакет бізге не береді?
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында медициналық қызметтерге әділ әрі тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру туралы айтты.
2026 жылдан бастап, онкологиялық ауруларға скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне енгізіліп, сақтандырылу мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға тегін көрсетілетін болады. Сондай-ақ, 8 әлеуметтік маңызы бар ауру, атап айтқанда, туберкулез, ВИЧ, вирустық гепатиттер мен бауыр цирроздары, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылулар, сирек кездесетін аурулар, миокард инфарктісі, инсульт бойынша кеңес беру мен диагностикалық көмек те тегін көрсетіледі. Қазір мұндай көмек тек ВИЧ пен туберкулез бойынша ғана.
2026 жылдан МӘМС базалық пакетіне келесі қызметтер: амбулаторлық диализ, консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде 12 топта созылмалы ауруларды бақылауда ұстау бойынша стационарлық және стационарды алмастыратын көмек (мысалы, бауыр аурулары, қан және қан жасау жүйесінің аурулары, қалқанша без аурулары, буындар, омыртқа аурулары, сүт безінің ісіктері, жүрек ақаулары және басқалары).
– Мұндай ауқымды өзгерістер кезінде жүйенің қаржылық тұрақтылығы қалай сақталады?
– Иә, медициналық көмек көрсетудің негізі – қаржылық тұрақтылық екені анық. Осыған байланысты 2026 жылдың қаңтарынан жарна мен аударым есептелетін ең жоғары шек жаңадан белгіленеді: жұмыс берушілер үшін – 40 АЕК, қызметкерлер үшін – 20 АЕК. Бұл жүйенің тұрақтылығын сақтап, салық жүктемесін арттырмайтын ымыралы шешім деп ойлаймын. Осы өзгерістің нәтижесінде МӘМС жүйесінің кіріс бөлігі жылына шамамен 200 млрд теңгеге көбейеді деп күтілуде.
Қабылданған өзгерістер МӘМС жүйесін әділеттірек, тұрақты әрі қолжетімдірек етпек. Бұл – әрбір азаматтың әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы медициналық көмек алуына бағытталған нақты қадам.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан, Жансая ОМАРБЕК
«Ortalyq Qazaqstan»