Өзгерген өңір, гүлденген өлке
Қарағанды аймағының қуатты Қарағандыға айналуында оның өңірлерінің өзіндік үлесі зор. Өңірдің өркен жаюы – аймақтың тынысын ашып, болашағын бекемдей түсері хақ. Облыста сегіз аудан болса, соның ішінде шоқтығы биік, шоғыры бөлек – Ақтоғай. Алаш арыстарының ізі қалған тарихи мекендегі ел үшін елеулі істердің куәсі болдық.
Тоқырауын бойында, түтін түтеткен бұл өңір – бүгінде бөлек, өзгеше өңір. Түлік өргізіп, дән сіңірген бұл қауым шегірткенің шеңгелінде қалмас үшін жұдырықтай жұмылып, жұмысқа кірісіпті. Ақтоғайда ақшаңқан киіз үйдей жаңа үйлер бой көтеріпті. Жаңа шағын аудан салыныпты. Ал, балалар үшін этнолагерь сипатындағы демалыс орны балдырғандарды қабылдауға әзір екен. Тарқаталық…

Зиянкеске қарсы күрес жүйелі
Қазіргі таңда Ақтоғай ауданында жүргізілген жедел шаралардың арқасында зиянкестер ошағы оқшауланған. Аудан аумағындағы жерлерді өңдеу аса жеңіл авиация мен дрондарды әуеден де, мамандандырылған техниканы пайдалана отырып, жерден де жүргізіліп жатыр. Бүгінде жағдай бақылауда, жұмыс алдын ала жүргізілуде.
Облыс аумағындағы фитосанитариялық ахуал бойынша дерекке сүйенсек, аса қауіпті және қауіпті зиянды организмдерге қарсы зерттеу жұмыстары жоспар бойынша 5,4 млн гектар аумақта жүргізілуде. Оның ішінде, үйірлі шегіртке зиянкестеріне 1264,07 мың гектар аумақ зерттелетін болады. Зерттеу жұмыстары сәуір айында басталған.
Аталған мониторингтік іс-шараларды атқаруға «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» 35 маманды және қосымша 5 айлық мерзімге 16 уақытша анықтаушылар және 12 тұрақты автокөлікке қосымша 15 жалдамалы автокөліктер тартылды. Одан бөлек, жергілікті атқарушы орган тарапынан шегіртке зиянкестеріне қарсы мониторингтік жұмыстарды жүргізуге қосымша 17 анықтаушы алынды.
– Көп жылдар бойы жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелерін салыстырғанда, үйірлі шегіртке зиянкестерінің облыс аумағында шығуы 1999-2000 жылдар, 2010-2011 жылдарға сәйкес келеді. Яғни шегіртке зиянкестерінің он-он екі жылдық көтерілу цикліне және биылғы жылы шегіртке зиянкестері үшін қолайлы болған ауа райы жағдайына байланысты, – деді Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жасұлан Ешмұханов.
Итальяндық шегірткенің Қарқаралы ауданында жер бетіне шығуы байқалған.
Үйірлік шегірткеге, атап айтқанда итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеу 20 мамырдан бастап жүргізіліп келеді. Дала жұмыстарына барлығы 136 маман тартылған.
– Биыл итальян прусына қарсы 59,3 мың гектар жерді өңдеу жоспарланған еді. Алғаш рет пилотсыз ұшу аппараттары (дрондар) пайдаланылуда. Қазір тоғыз жер үстіндегі бүріккіш, бір аса жеңіл ұшақ және дельтаплан, төрт агродрон іске қосылды. Қарқаралы, Шет, Бұқар жырау және Ақтоғай аудандарында бүгінгі таңда 14,3 гектар жер өңделіп үлгерді. Аса жеңіл авиациямен – 8090 гектар, агродрондармен – 982 гектар, жер үсті бүріккіштері арқылы – 4960 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Ақтоғай ауданында алдын ала жүргізілген тексерулердің арқасында жұмыс бағыты анықталып, бюджеттен қажетті қаржы бөлінді. Қазір ошақ оқшауланған. Егер шегіртке саны бір шаршы метрге үш данадан асса, бұл аумақ химиялық өңдеуге жатады. Дернәсілдер табылған жағдайда біздің мамандар бірден өңдеуге шығады, – деп түсіндірді Жасұлан Ешмұханов.
Мамандар қыс айларының жылы болуының шегірткеге қолайлы болғанын айтады. Зерттеу күзде және көктемде жүргізіліп, болжам жасалған.
– Қазір жағдай тұрақты. Мониторинг жүргізіп, зиянкестер нормадан артық жиналған жерлерді анықтаймыз. Барлық алқапты зерттейміз. Бұл – өте қиын әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Облыстық және аудандық филиалдардан басқа қосымша күш те тартылды. Әкімдік белсенді көмектесіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, шаруалар шегірткелер көп жиналған аумақ жайлы мәліметтерді ұсынады. Ал, мамандар жылдам координаттарды анықтап, өңдеушілерге береді, – дейді Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалының директоры Қайрат Мұхамеджанов.
Сонымен қатар, шекаралас облыстармен қауіпті зиянкестерді анықтауға бірлескен зерттеулер жүргізудегі ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың мәлімдеуінше қажетті күш, техника мен препараттар жеткілікті. Ауа райы қолайлы болған жағдайда егістік алқаптарын өңдеу жұмысын шілдеге дейін аяқтауға болады. Дрондар қол жетпейтін жерлерді өңдеуге мүмкіндік береді. Ал, шағын авиация жұмысты жеделдетеді. Ұшақ күніне шамамен 500 гектар өңдеуге қауқарлы.
Жаңа шағын аудан қанат жайып келеді
Ақтоғай ауданының орталығында құрылыс жұмысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, мұнда жайлы үйлерден тұратын жаңа шағын аудан салынуда. Алғашқы қоныстанушылар жаңа үйлерге көшіп те үлгерген. Өткен жылдың соңына қарай 15 екі пәтерлі үй және бір 12 пәтерлі екі қабатты үй пайдалануға берілді. Бұл үйлердің бәрі қажетті коммуникацияларға қосылыпты. Атап айтсақ, жылу желісі, су құбыры, кәріз һәм электр қуаты бар.
Басты мақсат – тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал отбасыларды баспанамен қамтамыз ету, олардың тұрмыс сапасының жақсаруына үлес қосу, пәтер кезегін азайту. Бүгінгі күні аудан аумағында 314 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр.
– Тұрғын үй мәселесін шешу және тұрғындарды апатты үйлерден көшіру үшін өткен жылы Ақтоғай ауылының солтүстік-шығысында жаңа шағын ауданның құрылысы басталды. Тұрғын үй кезекте тұрғандар арасында бөлінеді, – деп атап өтті Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов.
Дерекке сүйенсек, былтыр Шашубай кенті мен Ақтоғай ауылында 120 отбасы пәтерге ие болып, қоныстойын тойлаған. Қоныс иелерінің арасында жас мамандар да бар.
– Әйелім екеуіміз бұл күнді ұзақ күттік. Екеуіміз де мектепте жұмыс істейміз. Өзім информатика пәнінен сабақ беремін, ал, жұбайым – бағдарламашы. Әзірге екі баламыз бар. Биыл қаңтар айында осы жаңа үйге пәтерімізге көштік. Үй – қыста жылы, жағдайымыз – жақсы. Жаңа үйіміз – өмір сүруге өте ыңғайлы. Үкіметтің қамқорлығына, аудан әкімдігіне бек ризамыз, – деп қуанышымен бөлісті Аңсаған Қабыхан.
Былтыр ауданда 11 үй берілді. Тағы 14 үй салынып жатыр.
Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл тағы 14 екі пәтерлі үй мен 12 пәтерлі екі қабатты бір үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Одан бөлек, инженерлік желілер, атап айтсақ, қазандық, су құбыры, кәріз, электр желілері салынуда. Оның алдында талапқа сай екеніне көз жеткізуі үшін тексеріс жүргізіледі.
Бір айта кетерлігі, Шашубай және Сарышаған кентінде де тұрғын үй мәселесіне назар аударылып келеді. Дерекке сүйенсек, қазір Шашубайда 70 пәтерге қайта өңдеу жұмысы жүргізілуде. Сарышағанда әрқайсысы 12 пәтерден тұратын екі қабатты тұрғын үйді тапсыру көзделген.
– Қазір жұмыстар аяқталуға жақын. Орталық жылуға биыл қосылады. Пәтерлерді әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға ұсынамыз. Үйлерді жекеменшік компаниялар салуда. Жергілікті билік сатып алып, баспанаға мұқтаж отбасыларға беріледі. Бұл – тиімді. Үйге 3 жылға кепіл беріледі. Кемшілік шықса, құрылыс компаниясына ескерту беріледі, олар өз тарапынан тиісті жұмысын жүргізеді. Бір шаршы метрдің бағасы – 230 000 тг. 12 пәтерлік екі қабатты үй жалпы 650 шаршы метр көлемінде. 3 бөлмелі пәтердің ауданы 58 шаршы метр. Яғни, құны шамамен 12-11 млн тг. Жылу, су, электр жүйесі толықтай орталықтандырылған, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Ардагер Қапашев.
«Жас турист» – жас буынға жолбасшы
Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылы еліміз бойынша үздік туристік ауылдардың бестігіне кірген. Қазір ауданда, оның ішінде, Шабанбай би, Қызыларай ауылдық округтерінде туризмді дамыту бағытында елеулі жұмыс атқарылуда.
Біздің назарымызды өзіне бұрып, қызықтырғаны Шабанбай би ауылдық округінің орталығы Қаратал ауылы маңында, туристік аймақта өз жұмысын бастағалы тұрған «Жас турист» жазғы лагері.
Ақтоғай ауданы білім бөліміне қарасты қосымша білім беру орталығының директоры Медет Омарбековті әңгімеге тарттық.
– «Жас турист» жазғы киіз үй лагері – аудан аумағындағы 7-11 сынып оқушыларына арналған турист-эстетикалық бағыттағы демалыс ошағы. Бұл лагерьде балалар бір маусымда 30 оқушыдан қабылданады. Екі топқа 15 баладан бөлінеді. Әр топтың жеке тәлімгері мен тәрбиешісі, аға тәрбиешілер болады. Әр маусым 7 күннен тұрады. Былтыр 5 күн болған. Балалардың өтініш-тілегі ескеріліп, 2 күн қосылды, – деп түсіндірді Медет Боранбайұлы.
Бұл маңда 2018 жылы жазғы шатырлы лагерь жұмыс істеген. Кейін ковид басталғанда лагерь жұмысы уақытша тоқтапты. Енді, былтырдан бастап, аудандық білім бөлімінің бастамасымен қайта қолға алынып отыр.
Алғашында 2018 жылы сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы Сейіл Жүнісовтің идеясымен шатырлы лагерь ретінде жұмысын бастаса, кейін Сейіл Мінтайұлы зейнетке шыққан соң бұл бастаманы аудандық білім бөлімінің басшылығына келген Айдос Қуанышбаев қолға алып, былтырғы лагерьге жауапты болған екен.
Қазір Айдос Кәріғұлұлы аудан әкімінің орынбасары қызметінде. Бүгінгі күні бұл маңызды жұмысқа аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гауһар Дуанбекова бас-көз болып отыр. Лагерь шығыны облыстық бюджеттен қаржыландырылатынын атап өткен жөн.
– Жеті күнге жалпы кесте және әр күнге жеке кесте жасадық. Кестеге сай балалар әр күні бір орынды аралайды. Ол үшін арнайы автобус бар. Мысалы, алдымен оқушылар Бегазы-Дәндібай қорымына барады. Экскурсия жүргізетін арнайы мұғалімдер және қажетті тәрбиеші, тәлімгерлер қарастырылған. Ал, тарихшы мамандар қорымның тарихынан бастап, әр таңбасына дейін егжей-тегжейлі айтып береді. Оқушылар бұл туралы мектептен де ақпарат алып келеді. Мұнда сол білімін толықтырып, ескерткіштерді көзімен көріп, сезініп, жазғы демалысты тиімді өткізеді. Келесі күндері экскурсия осы маңдағы Әулиебұлақ, Әулиетау сынды киелі орындарға жалғаса бермек. Жеті күннің әр күні жеке танымдық әрі қызықты экскурсияға толы болуына күш салудамыз, – деп толықтырды орталық директоры.
Лагерь биыл 5 маусымда 30 баладан 150 оқушыны қабылдауды жоспарлап отыр. 15 маусымда алғашқы екі топты қабылдау басталады. Әзірге мұнда 5 киіз үй. Әрқайсысына шамамен 7-8 баладан қоныстанады. Біреуі арнайы техникалар, дәрістер мен жиын өткізуге тәлімгерлер мен тәрбиешілерге бекітілген. Алдағы уақытта мүмкіндіктер базасын кеңейту жоспарланған. Атап айтсақ, тағы екі шатыр алу жоспарда тұр. Мердігерлер де нақтыланыпты. Жеткізіп береді деп күтілуде. Болашақта облыстық деңгейге көтеріліп, аудан тарихымен, тылсым табиғатымен басқа аудандардың балаларын таныстыру жоспары жоқ емес.
Жалпы, лагерьге алдымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасылардың балалары тартылады. Сонымен қатар, аудан бойынша оқу озаттары, шығармашылық жағынан белсенді оқушыларға келуге мүмкіндік беріледі.
Лагерь аумағында қажетті дүниенің бәрі бар. Атап айтсақ, аумағы қоршалған. Әр киіз үйдің іші төселіп, жатын орындар, төсеніштер және экскурсияға шыққанда иыққа асып жүретін сөмке де дайын тұр. Түрлі қызықты сабақтар мен ойындар өткізуге үлкен экранды теледидар және жарық беруші құрылғылар сақадай сай. Одан бөлек, ауыз су арнайы үлкен ыдысқа ыңғайланып, душ һәм қоқыс тастау аймағы да әзірленіпті. Ал, күніне бірнеше мезгіл тамақты Шабанбай би ауылдық округінің орталығындағы мектеп асханасында ішеді. Ол үшін автобус қарастырылған.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»