Ресми

Өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық па?

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығымен, шағын және орта бизнес өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. 2022 жылы алпауыт кәсіпорын жергілікті өндірушілерден 35 млрд. теңгеге тауар сатып алған.

– Біз жүйелі түрде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесінің өсуін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізудеміз. Компания сатып алатын тауарларға тұрақты талдау жүргізіледі. 2022 жылдың 9 айындағы дерек 388 млрд. теңгенің тауары сатып алынғанын көрсетеді. Бұл ретте қазақстандық қамту – 301 млрд. теңгені немесе 78% құрады. Шикізаттық емес тауарларды жергілікті өндірушілерден сатып алу 35 млрд. теңгені құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52%-ға өсті, – деді облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Әскербек Халтонов.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Владимир Яблонский, проблемаларды шешу үшін жеткізушілермен үнемі кездесулер өтетінін айтса, қазақстандық қамтуды дамыту бағдарламасы туралы бейіндік бөлім бастығы Інжу Күзеубаев тілге тиек етті.

Бүгінде компания швеллер мен бұрыштар, матауыштар, болат арқандар, респираторлар, қолғаптар, полиэтилен пленкасы және тағы басқа өнімдерді экспорттайды.

Кездесу барысында жергілікті тауар өндірушілер өз сұрақтарын қойып, шағымдарын да айтты. Осы орайда, аймақ басшысы: – Компания өңірдің тауар өндірушілерінің әлеуетін толық пайдаланбайды. Бұл біздің ел, біздің аймақ және біздің адамдар екенін сезіну керек. Барлығымыз бір шаңырақ астындамыз, сондықтан, жерлестерімізді жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек, – дей келе, әрбір кәсіпорынмен мәселелерді пысықтауды талап етті.

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақсатында облыс әкімдігі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен меморандумға отыруды жоспарлауда.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button