Жаңалықтар

Өзге емес, өзім айтам өз жайымды

Сонымен жетпіс деген жасымның да табалдырығын аттаған жайым бар. Жеті күндей болмай өте шықты. Бәрі де болды.

Сынған күнім де болды, шақ­қан күнім де болды.

Мен кімге ғашық болмадым, кім маған ғашық болмады. Әлі де ғашықпын. Кімге екенін айта алмаймын. Өйткені ондай жанды түсімде ғана көремін.

Өң ғашығым адастырып кетті. Қырық екі жасында опат болды.

Қоңыр тірлік те кештім, асып-тасқан күндерім де болды.

Айлығы үш жүз мың теңгелік жұмыс та істедім, мұрнымды қанатпай айына үш мың доллар жалақы алған жылдарым да болды.

Қабатты үйде тұрмадым, шетелдік көлік мінбедім.

Қолжетімді бір бөлмелі пәтер­ді қанағат тұтқан күндерім болды, қазір кемі бес бөлмелік пәтерге сый­май жатқан жайым бар.

Автобуста жүруім азайып, самолетпен ұшуым көбейді.

Соның ешқайсысы да мені ұшпаққа шығарған жоқ.

Атақтан кендемін деп те айта алмаймын. «ҚР Мәдениет қайраткері», «ҚР Құрметті журналисі» деген атақтарым бар.

Соның қастерлісі «Шет ауданының Құрметті азаматы» деген атағым. Елу деген жасымда берген еді, алайда он жылдан кейін тапсырды.

Енді, міне, жетпіс жасыма шы­­ғар қарсаңында «Қарағанды об­лы­сының Құрметті азаматы» атанып отырмын.

Бұл мен де, ел де күтпеген жаңалық еді. Өйткені бұған дейін бірде-бір өнер адамы, оның ішінде жорналшы бауырлар бұл атақты алмақ тұрсын ұсынылмаған да екен.

Шынтуайтына келгенде бұл атақты маған жорналшылдығым, болмаса жазушылығым үшін берген жоқ, ұлтымды сүйгенім үшін берді деп есептеймін. Менің ұлтсүйгіштігім менің барлық шығармаларымнан қалампырдың мұрын жарар иісіндей аңқып тұрады. Бұл бір елде жоқ қазақшылық. Мен не ойласам да қазақ баласының мүддесі тұрғысынан ойланамын.

Менің майданым парасат майданы. Менің шығармашылығым – «қайтсек қазақ болып қаламыз, Жаһандық көшке қайтсек қазақ бо­лып қосыламыз?» деген майдан.

Екі облыстық мәслихаттың депутаты болдым. Сонда жүріп та­лай мәрте отқа түстім. Бірақ өр­тенбек тұрсын күйгем де жоқ. Өйткені менің қамал қорғаным – халық еді.

Мен орден де алдым. «ІІІ дә­режелі Еңбек Даңқы» деген. Бұл керемет орден, әрине. Өндіріс шам­шырақтарына, оның ішінде, шахтерлерге, кеншілерге, мұнай­шыларға, құрылысшыларға бері­летін орден. Ал жорналшыларға мұндай орден берілді дегенді ес­тімеппін.

Ал маған берді. Мен де, ел де таң қалды. Бәлкім, менің шахтада істегенімді, жер үстінде де шахтерше еңбектенгенімді ескергені болар. Қалай десек те, бұл мойындағандық. Жорналшының еңбегін шахтердің еңбегі деп.

Кім мені алдамады, менің де оңдырғаным шамалы. Бірақ өзімді алдамадым. Төртінші сыныпта жү­ріп жазушы боламын дедім. Болдым.

Мен өзімді жазушымын деп он бір жасымнан бастап есептеймін. Кейінгі жазбаларымның бәрін бала кезден бастап миыммен жазып келдім. Уақыты келгенде қағазға түсіріп, кітап қылып шығардым.

Біраз жұрт мені жорналшы деп біледі…

Біраз жұрт мені ақын деп таниды…

Драмашы ретінде де білетін жұртшылық бар…

Ертегіші деп білетін жұрт қарасы да сұйық емес…

Шежіреші деп білушілер де жыртылып айырылады…

Жазушы деп білетін жұрт та бар…

Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау­шы деушілер де бар…

Қарт та ойнадым. Бірде ұттық, бірде ұтылдық.

Асық та ойнадым. Бұрынғы Ақадыр ауданының чемпионымын.

Тоғызқұмалақты да серік ет­тім. Ирина Нольд атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазымын. ҚР ІІ-ші жазғы спартакиадасының күміс жүлдегерімін.

Облысымыздың тоғызқұмалақшылар командасын жаттық­тырдым. Тоғызқұмалақ ойыны бо­йынша зерттеулер жаздым.

Кейінгіде жұрт мені таза этнограф ретінде танитын болды…

Сонымен мен кіммін? Осындай сауалды мен өзіме жиі қоямын…

Бажайлап қарасам ешкім де емеспін. Құр жай Төреханмын. Әкімжан деген кісінің ұлдан тұңымын. Майбас деген атамның немересімін.

Менің жазғандарымның бәрі менікі емес. Халықтікі.

Халық әні, халық күйі деген атаусыз шығармалар болады. Ме­нікі де сондай жайт. Мен барлық саналы ғұмырымды халық шығармашылығына арнадым. Сөз тердім, жыр тердім, аңыз тердім, әпсана тердім, шежіре түздім. Және соны өзіне қайырдым. Том-том қылып.

Менің өмірім қызық. Талайлы жолымда талай тұлға ағаларым мен әпкелерім құшағын ашты. Жұмысқа шақырды. Бірақ менің таңдауым қашанда бөлек болып шығып отырды. Мен үшін Дидахмет Әшімханов, Жайық Бектұров, Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Өмір Кәріп, Марал Хасен, Қалихан Ыс­қақ сондай жандар болды.

Бірақ ешқайсысының жетегінде кетпедім.

Мен өзгере алмайды екенмін.

Өзім болып қалдым.

Төрехан Майбас болып.

Менің бақытым осында.

Сона-ау студент кезімде, жи­ырма деген жасын жасымда жазып едім.

– Өмір жатыр алдымда,

Жиырмадан аспаған.

Тең жарымын дәл соның,

Жасағандай басқа адам… – деп.

Сол өлеңім былай аяқталушы еді:

– Өмір жатыр алдымда,

Мен әлі аяқ баспаған.

Тең жарымын оның да,

Сүрмесе екен басқа адам…

Өкініштісі сол белгісіз адам көлеңкемдей қалмай келеді. Менің жиырма төрт сағатымның тең жарымын сол жасап келеді.

Бұл жетпісімді салиқалы қабылдадым десем де болады. Өйткені алпыс жасымда да сабырлық танытқам. Мен алпысымды елу то­ғыздың жалғасы деп қабылдадым.

Жетпісімді де солай қабылдап отырған жайым бар.

Алпыс тоғызымның жалғасы ғой деп…

Алдымдағы ағаларым, жеткізбеңіздер!

Соңымдағы інілерім, қалма­ңыздар!

Сен менің өміріме жаңа әлем болып кіргей, Жетпісім!

Төрехан МАЙБАС.

Басқа материалдар

Back to top button