«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда…»
Сұрыптау станциясының маңындағы Жұмысшылар кенті сонау жылдары жолаушылар вокзалына қараған. Содан болса керек, ел аузында «Бай кент» аталып келген. Тәуелсіздік алған жылдары Жұмысшылар кенті Ә.Бөкейхан (Октябрь) ауданына қосылды. Содан бері кент тұрғындарының жағдайы көңілден де, көзден де таса қалды. Салынған жол, тартылған суы жоқ. Кәріз жүйесі де бұйырмаған. Жоспарда да жоқ. Байырғы тұрғындар 15 жыл бойы құзырлы орындардың есігін қағып, табалдырығын тоздырып келеді. Бірақ, одан өзгерген ахуал тағы жоқ.
Бүгінде кентте 680-нен астам үй бар. Жартысынан көбі – көпбалалы отбасылар.
Тозығы жеткен электр жүйесі
Ең басты мәселе – жарық. Жауған жауын, соққан дауыл онсыз да кетеуі кетіп тұрған кентке жұдырық. Табиғаттың мінезіне төтеп берер электр желісі қырық жамау. Үп еткен желден жалп етіп өшіп қалады. Соның салдарынан ауыл тұрғындары бір емес, бірнеше күн бой жарықсыз отыруға мәжбүр. Оған себеп – электр желісінің тозуы.
Ауыл тұрғындары осы мәселені көтеріп, аудан әкімдігіне, «Қарағанды жарық» ЖШС-іне шағымын айтыпты. Алайда, тиісті ұйым басшылары тұрғындардың сұрағына мардымды жауап бермепті. Бар болғаны, үзілгенді жалғап, жыртықты жамаудан аспаған.
– Кенттің орталығында мұндай мәселе жоқ. Кір жуғыш машина, мұздатқыш және тағысын-тағы тұрмыстық заттар қосылып тұр. Ал, кенттің жоғарғы және төменгі жағындағы үйлер артық ештеңе қоса алмайды.
Ол жақтарда электр кернеуі – 140-144 вольт. Мәселен, Достоевский көшесі №39 үйден бастап, №87 үйге дейінгі аралықтағы электр сымдары үзік-үзік. Жел тұрған сайын үзіледі де жатады. Сол көшенің тұрғындары үш тәулік жарықсыз қалды. Демалыс күндерге түсіп қалса, ешкім келмейді. «Қарағанды жарық» ЖШС-іне жазып, ескі сымдардың бәрін толық жаңалап беруін сұрасақ, «Бәрі жақсы, ауыстырып бердік» деп, үзілген жерін қайта жалғап кетеді, – деді кент тұрғыны Гүлзира Сағындық.
Достоевский көшесі №83 үйдің тұрғыны Дәулет Кәпенов:
– Өткен жолы дауыл тұрып, жарық өшіп қалды. Салдарынан тоңазытқышым жанып кетті. Енді қайтадан жаңалайын десем, тағы жанып кете ме деп қорқамын. Әрі қайтадан сатып алуға қалта көтермейді. Бұл – бір. Екіншіден, біздің ауланың жанымен өтетін электр сымы жамау-жамау күйінде тұр. Ертең қайта дауыл болса, әрең тұрған сым үзіліп кетпесіне кім кепіл? Балаларым далада жүрсе, алаңдаумен боламын. Электр сымы алда-жалда үзіліп кетсе, балаларымның үстіне түсе ме деп қорқамын. Әкімдікке ауыстыруды қажет ететін тұстарын анықтап жазып бердік. Алайда, әкімдіктен «Бәрі стандартқа сай» деген жауап келді. Бір емес, бірнеше мәрте осындай жауап алдық. Осы мәселемен қыстан бері алысып келеміз. Мамандар келеді де, «Жаңалау керек» деп түртіп алады. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ, – дейді.
Электр желісі істен шыққанда тұрғындар бірден кезекші бөлімге қоңырау шалады. Ал, олар оқиға орнына бірнеше сағаттан кейін келеді екен. Келген соң, «жарықты өшіру үшін рұқсат керек» деп қайта кетеді екен.
Қоқысқа тұншыққан, суға сусаған
Кенттегі 680-нен астам түтінге небәрі 105 қоқыс контейнері берілген. Пайызға шаққанда, кенттің 15%-ы ғана қоқыс контейнерімен жабдықталған. Одан қала берді, бір орынға төрт-бесеуін қатар қояды. Сонда, кенттің орталығы ғана қоқыс жәшігімен қамтылған. Ал, ауылдың жоғарғы және төменгі бөлігінде қоқыс жәшіктері жоқ.
«Орталықтағы қоқыс контейнері тұрған жер үлкен қоқыс айлағына айналып барады» дейді тұрғындар. Ол жерде тұрған төрт контейнер 15 үйге тиесілі. Оған ауыл тұрғындары күлін, малдың қиын және тағы басқа қалдықтарды шығарады. Қоқысын контейнер толғанша лақтырып, сыймағанын жанына қойып кетеді. Қоқыс шығаруға жауапты «Эко-Әлем» ЖШС «Біз контейнердің ішіндегі қоқысқа ғана жауап береміз» деп, сыртында шашылған қоқысты алмайды.
– Қоқыс контейнерлері лезде толады. Ал, тиісті мекеме аптасына екі рет шығарғанымен, айналасында жиналып қалған қалдықтарды тазартпайды. Соның салдарынан ауланы да, ауаны да ластап жатыр. Шашылған қоқысты тазалауға күшіміз жетпейді. Өзіміз көлік жалдап шығарып тастайық десек, қызметі удай, – деді Гүлзира Жақсылыққызы.
Ауласында қоқыс контейнері жоқ тұрғындар қоқыс үшін ақыны текке төлейтінін айтады.
– Біз жақта құжаты жоқ үйлер көп. Сол үйлерге ауадан алып, бірнеше адамдарды тіркеп қойған. Мәселен, бір үйде нақты үш адам ғана тұрса, оған керісінше, бес-алты адамға есептеп, төлем жіберіп жатыр. Уақыты болғандар осы мәселенің соңына түсіп, тиісті құжаттарын жинауда. Негізі, әр үйдің алдында бір қоқыс жәшігінен болуы қажет. Қазіргі уақытта аудан әкімдігі мен «Эко-Әлем» ЖШС арасында келісім бар. Сол келісім негізінде төрт-бес қоқыс жәшігін біріктіріп, кенттің әрбір жеріне топтап қойған, – дейді кент тұрғыны Дариға Қазанғапова.
Кент тұрғындары қоқыс контейнерін сұрап, аудан әкімдігіне бірнеше мәрте өтініш жазған. «Келер жылдың бюджетіне қосамыз» деп шығарып салған.
Құдайдың қара суына да зар бұқара. Қазіргі уақытта 680-нен астам түтіні бар кентте қысы-жазы тұрғындар сол бір-ақ жерден су тасуға мәжбүр. Ол – төменгі ауылда, яғни, кентке кіреберіс тұста.
Жоба бойынша «Дәнекер» ЖШС-імен ұзындығы 19 шақырым болатын жерге су тарту жайында келісім бар. Нақты айтсақ, әр көшеге ауыз су тартылуы керек-тін. Ал, суды үйге кіргізу – қожайынның өз еркі. Бүгінде су тартылуы керек көшелердің тек бес шақырымына ғана су жеткізіліпті. Қалғаны әлі аяқталмаған. Тіпті, жобалық-сметалық құжаттамасының мерзімі өтіп кеткен. Қазіргі уақытта аудан әкімдігі жауапты мердігер компания өкілдерін сотқа берген. Кейін, жасалынбаған жұмыстардың бәрі қайта қаралады. Ал, ол үшін жобаны қайта әзірлетіп, аудит өткізу қажет. 2021 жылдан бері әлі аудит өтпегендіктен, жоба сол қалпы іске аспай жатыр. Соның салдарынан кент тұрғындары бір су көзіне тәуелді. Қыста ол қатып қалса, іргедегі Сұрыптау кентінен су тасиды. Биыл сол жағдай қайта қайталанайын деп тұр.
– Біздің аулаға дейін су тартылған. Үйге өз қаражатымыз есебінен кіргіздік. Су жетпеген көршілерімнің бәрі суды бізден алып отыр. Егер біздің үй болмаса, ол кісілер төменгі ауылдан тасып ішеді. Өткен жолы аудан әкімі халықпен кездесу өткізген болатын. Сол жерде осы мәселе бойынша сұрақ қойғанымызда, бізге әлі аудиттің өтпей жатқандығын айтты, – деді Дариға Қазанғапова.
Жол төселген жалғыз ғана көше бар
Кентте бір ғана көше бар. Автобус та тек осы жолмен барып, қайтып жүр. Оның да жетісіп тұрғаны шамалы. Жамауы мен шұрық-тесігі көп. Көше арасында жол атымен жоқ. Қыста қардан, көктемде лайдан көз ашпайды кент тұрғындары.
Жолды жөндеу үшін әуелі кәріз жүйесін тарту қажет. Одан кейін, тартылмаған жылу құбыры тағы бар. 2025 жылы көгілдір отын тартылады деген жоспар бар. Демек, осының бәрі орындалмайынша, жол жоқ. Бұл тұрғындар әлі үш-төрт жыл жол көрмейді деген сөз. Мұны өздері де жақсы біледі.
– Кенттегі 300 орындықты №56 мектеп септикпен отыр. Алдағы уақытта кәріз жүйесін осы мектептен бастау қажет. Жер астындағы жұмыстар бітпейінше, жол да жөнделмейді. Ең болмаса көшеаралық жолдарды ретке келтіріп берсе екен. Қыс пен көктемде үйден шығу қиындап кетеді. Сонымен қатар, басты жолда адам көп өтеді деген жерлерге жылдамдық бәсеңдеткіш қойып беруін сұраймыз. Себебі, жастар осы көшеде аса үлкен жылдамдықпен жүреді, – деді Гүлзира Жақсылыққызы.
Жолаушылар вокзалының жанында Сұрыптау кентін жалғап тұрған ұзындығы 300 метр көпір бар. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Қыс түссе, тозығы жеткен көпірдің мехнатын ел тартады.
– Қыста Сұрыптауға қатынау қиын. Кішкентайымды Сұрыптау бекетіне балабақшаға шанамен өзім апарып жүрдім. Осы көпірге келгенде қатты қиналамын. Кішкентайымды көтеріп, шананы сүйреп шығамын. Таңға жақын көк мұз. Егер аяғың тайып кетсе, балаңмен бірге құлайсың. Көпірдің астымен өте алмайсың. Бір жағыңнан поезд келіп қалса, баламен қай жаққа қашасың? Еріксіз осы көпірмен өтуге тура келеді, – дейді көпбалалы ана Дариға Қазанғапова.
Мұндағы балалардың біразы Сұрыптау кентінде оқиды. Кейбірі – Майқұдықта. Боранды күндері автобусқа сыймайды. Балалармен қатар, жұмысқа баратын жұрт та бар. Ал, тұрғындар қалаға емес, мына тұрған Майқұдыққа жете алмай отыр.
– Кент ішіне кіретін №42 автобус қана. Оның өзі бір сағатта бір жүреді. Одан бөлек, екі сағаттық түскі үзілісі бар. Сұрыптаудан шыққан автобус кенттегі басты жолмен барып қайтады. Мұндағы жұрт Майқұдыққа таң атпастан жұмысқа кетеді. Таңертең автобус 7:35-те жүреді. Ал, біздің жұмыс 8:00-де басталады. Сыйғаны жүре береді де, сыймағаны көпір асып, Сұрыптауға барады. Үлгергенінше №118 автобусқа мінеді, – дейді Гүлзира Жақсылыққызы.
Тұрғындар бұл мәселе жайында аудан әкімдігіне де хат жазған. Ал, әкімдіктегілерден «Жолаушылар саны аз» деген жауап келіпті. Бірақ, тұрғындар бұнымен келіспейді.
– Әкімдіктегілер Майқұдыққа дейін келетін бір автобустың аялдамасын осы жаққа дейін созуға уәде берді. Қандай автобус екені әзірге белгісіз. Былай қарасаңыз, автобусқа ақылы мінетін жолаушыларға қарағанда, тегін қатынайтын балалар саны көп. №3 автопарк басшылығы осыған қарап отыр. Жолды ақтамағандықтан автобус бермеді. Ол түгілі бар автобусымыз жиі қатынамайды, – дейді Дариға Қазанғапова.
Қазіргі таңда қатынап жүрген №42 автобустың жанына «тағы біреуін қосып берсе» деген тұрғындардың тілегі бар. Аралығы бір сағат емес, жарты сағатқа қысқарту қажеттігін де баса айтады.
Дәрі мен балабақшаға Сұрыптауға барады
Бұған дейін жеке кәсіпкерлер кенттің төменгі жағынан шағын дәріхана ашқан екен. Алайда, шығынын ақтамағандықтан жауып тастапты. Себебі, жоғарғы ауылдың тұрғындарына көпір асып, Сұрыптауға барған тиімдірек. Енді кәрі-жастың бәрі еріксіз Сұрыптауға қатынап жүр.
Кент тұрғындарының жартысынан көбі – көпбалалы отбасылар. Қазіргі таңда ата-аналар балаларын Сұрыптау бекетіндегі немесе Майқұдықтағы балабақшаларға тасиды.
– Балаларымды қысы-жазы Сұрыптаудағы балабақшаға апарамын. Қыста кешігіп баратын сәттеріміз болады. Сол кезде балабақша тәрбиешілері 10-15 минутқа кешіксеңіз «балаларыңызды кіргізбейміз, алып кете беріңіз» дейді. Бір айтып, екі айтып сөзің өтпеген соң, амал жоқ, келген ізіңмен балаңды жетектеп кері қайтасың. Баласын балабақшаға тастап, әр жағынан жұмысқа кететіндер де бар. Тәрбиешілер баласын кіргізбей қойса, онда кері қайтуға мәжбүр. Әрі жұмысынан да қалады, – дейді кент тұрғыны Дариға Қазанғапова.
Кентте дүкен болғанымен, нан тағы да басқа күнделікті тұтынатын өнімдер жоқ. Кент тұрғындары жеке кәсіпкерлердің дүкен ашқанын күтіп жүр. Тіпті, сол дүкенге сатушы, нан пісіруші болуға да қарсы емес. Себебі, бұл жақта жұмыссыздар да бар. Әрі жаңа піскен нан да керек…
Түйін
Осы мәселенің бәрін көзбен көру үшін Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов пен Ә.Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Дүйсембеков кентке іс-сапармен келіп қайтқан. Десе де, тұрғындар кент мәселесін қағазға тізіп, мамыр айында қайтадан облыс әкімдігіне жолдаған. Арада бір ай өткен соң жауап та келіпті. Тұрғындардың мәселесін облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қарап, жауап қатыпты. Ол жерде:
– Бүгінде Сұрыптау станциясында 5 бірдей мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Ал, Жұмысшылар кенті үшін №56 мектептің жанынан 75 орынды балабақша ашу жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, «Днепровская» және «Саялы» көшесіндегі автомобиль жолы қайта жөндеуден өтеді.
Сұрыптау кентіндегі ұзындығы бес шақырым болатын су құбыры желілерінің құрылысына 277,9 млн.теңге бөлінген. Конкурстық негізде өткізілген жобада «Дәнекер» ЖШС жеңіп, келісімшарт жасалған. Алайда, мердігер шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты біржақты тәртіпте тоқтатылды. Биыл осы жобаның жобалық-сметалық құжатын қайта қарау жоспарлануда. Құжаттамаға түзетулер енгізілген соң мемлекеттік сатып алулар порталына конкурс жарияланады.
Ал, футбол алаңын жөндеу жұмыстарына келер болсақ, мердігер ұйымның кепілдігі бар. Соның негізінде хабарлама жіберілді.
Сонымен қатар, тұрмыстық қатты қалдықтарды, аудандағы рұқсат етілмеген қоқыс полигондарын тазарту үшін электронды конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Мердігермен шарт жасасқаннан кейін тиісті шаралар қабылданады, – делінген жауап парағында.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»