Басты тақырыпРухани жаңғыру

Зерттеу енбек – зерделiге

    Қарағандыда Әсет НАЙМАНБАЙҰЛЫНЫҢ 150 жылдығы аясында атқарылған үлкен шаруаның бірі – «Арқаның Әсет ақыны» атты монографиялық еңбектің тұсауы кесілді. Еңбектің авторы белгілі өлкетанушы, тарихшы Темірғали АРШАБЕКОВ болса, монографияны кітап қылып шығарушы һәм тұсаукесерін ұйымдастырушы – Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы. Сонымен, Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» бағыты аясында өткен тұсаукесер кешке тоқталсақ.

Әсет әлемі ұшан-теңіз, шексіз дүние екенін көзі ашық ел білсе керек. Соның бәрін болмаса да, басты-бастыларын тоғыстыруға тырысқан автор еңбегінің тұсаукесер кешін аталған басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова құттықтау сөзімен ашса, әдеби шараны филология ғылымдарының кандидаты Азат Бабашев жүргізіп отырды. Әсеттанушы деген ресми аты болмағанмен бұл кісі тізгін тартып, жіберу барысында Әсет шығармашылығына қатысты біраз дүниенің тиегін ағытып отырды. Мәселен, Әсет мұрасын ең алғаш жинап, бастырушы Сәкен Сейфуллин хатқа түсірген «Әсет пен Кемпірбайдың бақұлдасуынан» бөлек ақынның «Біржан салмен қоштасуы» барын да айтып қалды Азат ағамыз. Сонымен қатар, шараға сонау Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен келген филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыпов та Әсет әлемі төңірегінде орамды ой айтты. «Әсет өзі синкретті тұлға ғой. Ол сал-серілердің шоғырына да, Абай мектебінің өкіліне де жатады. Әнші, композитор һәм айтыскер ғана емес, интеллектуал ақын. Әннің сөзін де, мәтінін де табан астында суырып салып айта бергенге ұқсайды. Шығармаларының көбі ауыздан ауызға жету арқылы тарағаннан кейін бір өлеңі мен екіншісі араласып кете берген. Мәселен, оның «Інжу-маржанының» екінші шумағы басқа өлең, бірінші шумағындағы мағынаға үйлеспейді. Сондықтан, ақын мұраларына терең тексталогиялық талдау керек-ақ. Әсеттің ақындық мектебі жөнінде де көп айтыла бермейді. Мысалы Ілияс Жансүгіровтің поэзиясынан Әсеттің ізін көруге болады. Бұл да қаралу керек?» дейді Жантас Жақыпов.

Аталған ғылыми еңбекті жазуда өлкетанушы, тарихшы Темірғали Аршабеков өзі жетекшілік ететін «Арқа мұрасы» ғылыми-зерттеу орталығының мұрағаттардағы сирек қолжазбаларын сараптап, мұражайларда сақталған ақын өміріне қатысты жәдігерлерді тереңірек зерттеген екен.

«Тіпті, Ырысжанмен айтысын Әсет кейіннен өзі өңдеп, қайта жазған деген пікір де бар» деген филолгия ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанұлының ойын ҚарМУ филология факультетінің деканы, профессор Мұхамедқали Әбдуов байытты: «Әсет кей айтыстарын өзі жазған деген әңгіме бар ғой. Ырысжанмен айтысын оқып отырсақ, оған көз жеткізу қиын емес. Айтыстың басын Әсет баяндаумен бастайды. Осындай жерде жәрмеңке бар, сонда ас беріледі. Мені онда арнайы шақырған соң бардым. Сосын ел осында Ырысжан деген ақын кеп отыр, сонымен айтыссаң қайтеді деген қолқа салды маған. Содан айтысқа түстік дейді де, екеуінің айтысы басталады. Екеуара айтысып отырады да бір кезде Әсет Ырысжан маған осылай деп сұрақ қойғанда, мен оның өлеңге жүйрік, оңай ақын еместігін аңғардым деген сияқты айтып кететін тұстары да бар. Мұның айтысқа еш қатысы жоқ, кейіннен жазылғаны байқалады».

Біздің білуімізше, монографияның бір құндылығы – Әсеттің алашшыл ақын болғандығы жөніндегі бөлімі. Онда Алаш арыстары Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулаттардың қытайдағы қазақтар арасына барғанда, Әсетке арқа сүйегені, ақынның сонда шығарған «Алашқа» толғауы берілген. Бұл жөнінде сол жерде өлкетанушы Мұхамедқали Баймұханов сөйлеп, аз-кем дерек келтіре кетті.

Қорытынды сөз «Арқаның Әсет ақыны» монографиясының авторы Темірғали Аршабековке берілді. «Әсетті зерттеу барысында Әдебиет және өнер институтының сирек кітаптар қорында жұмыс істедім. Сонда төте жазумен жазылған Әсет мұраларын Б.Адамбаевтан кейін ешкім алдырып, қарамаған екен… Ақын өмірі мен мұрасын зерттеудегі басты мақсат – қазақ халқының болмыс-бітімін Әсет шығармалары арқылы тани түсу» дейді автор. Осы сөзден кейін Жантас Жақып, Гүлнарайым Хасенова, автор – үшеуі кітаптың тұсауын салтанатты түрде кесті. Жиналған жұртқа алғыс айтып, разылығын білдірген Темірғали ағамыз Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасына өз еңбегін тарту етті. Шара барысында Құрмаш Ыбышев, Ержан Базарбеков секілді белгілі дәстүрлі әншілер Әсет, Абай, Сәкен әндерін шырқады.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button