Тазалық тек әсемдік пен әдемілік қана емес, мәдениет. Жауапкершілік. Елге, келешекке деген жанашырлық. Бүгінде «Таза Қазақстан» ұраны шын мәніндегі қозғалысқа, елді біріктірген жалпыхалықтық мақсатқа айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі баса айтқанындай, бұл бір күндік шара емес, өмір салты. Қарағанды облысы да бағдарлы бағытта табиғатты түлетіп, болашаққа жасыл мұра қалдыру үшін ауқымды, батыл істерге бел шеше кірісіп отыр. Өзендер арнасын қайта тауып, қоқыс алаңдары қысқарып, жаңа инфрақұрылымдар бой көтеріп жатқан бүгінгі ахуал – ертеңге деген сенімнің айғағы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені, «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы», – деген еді.
Осы орайда облыс аумағында да табиғатты түлету, туған жердің тұмса табиғатын қорғау бағытында ауқымды әрі келелі істер жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары аясында былтыр үлкен маңызы бар экологиялық жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, көне тарих пен табиғи байлықтың куәсіндей болған Үлкен Бұқпа мен Тоқырауын өзендерін санациялау бойынша ірі көлемді жұмыстар басталды. Биыл осы жұмыс барысын толығымен аяқтап, өзендердің жаңарып, өмірге қайта оралған арналарын көру көзделді. Сонымен қатар, Нұра-Волховское және Молодецкое өзендерінің маңызды екі учаскесін жобалау жұмыстары да қызу қарқынмен жүргізілуде. Туған өлкенің табиғи келбетін қалпына келтірумен қатар, болашақ ұрпаққа саф таза табиғат сыйлауға бағытталған биік мақсаттан туындаған әрекеттер көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз.
– Қатты тұрмыстық қалдықтарды көму көлемін азайту және оларды қайта өңдеу үлесін арттыру – бүгінгі күннің өзекті әрі маңызды міндеттерінің бірі. Яғни, экологияны қорғау ғана емес, ел болашағына деген жауапкершілікті де сезінгеніміз ләзім. Былтыр облыс көлемінде түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі 370 мың тоннаға жетеғабыл еді. Оның ішінде, 209,5 мың тоннасы қайта өңделіп, қайта пайдалануға жол тартты. Осы бағыттағы инфрақұрылымды нығайту мақсатында 2817 арнайы контейнер сатып алынып, 356 заманауи контейнерлік алаң жабдықталды. Алдағы жылдары да осы оң үрдіс жалғасып, контейнерлер мен алаңдарды орнатуға тұрақты түрде қаржы қарастыру көзделуде, – деп ескерді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Әсет Тазабеков.
Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған тағы бір маңызды бастама – қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару инфрақұрылымын жетілдіру. Өткен жылы Абай қаласында заманауи қоқыс сұрыптау желісімен жабдықталған жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы басталды. Нысан қалдық атаулысын тиімді сұрыптап, қайта өңдеуге жол ашатын, қоршаған ортаға түсетін жүктемені едәуір жеңілдететін стратегиялық жоба. Сонымен қатар, Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет аудандарында үш бірдей полигонды жобалау жұмыстары жүргізілуде. Теміртау қаласында да қоршаған ортаны сауықтыру бағытындағы нақты істер қолға алынуда. Подгорная мен Қ.Аманжолов көшелерінде жылдар бойы жиналып, табиғатты «тұншықтырып» келген рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары басталды.
Облыстың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бірқатар күрделі әрі кешенді жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – бұрынғы «Дарьял-У» радиолокациялық стансасының аумағында орналасқан жерлерді қалпына келтіру амалдары. Нәтижесінде техногендік жүктемеден зардап шеккен аумақ қайта түлеп, табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды экологиялық миссия межесіне жетпек. Биыл өңірде ауқымды су санациясы жобалары жалғаса түседі. Қарағанды қаласы мен Тоқырауын өзенінде реттеуші гидротехникалық құрылыстарды орналастыру арқылы Үлкен Бұқпа өзенінің арнасын кешенді түрде санациялау жұмыстары жалғаспақ. Бастама су ресурстарын ұтымды пайдалануға септеседі. Сонымен қатар, биыл Соқыр және Шерубай-Нұра өзендерін санациялау бойынша екі жаңа жобаны әзірлеу қолға алынады.
– Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ, ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін! – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы жылы су ресурстарын тиімді басқару және инфрақұрылымды жаңғырту бағыты өз жалғасын табады. Облыс аумағындағы су қоймаларына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, жаңа жобаларды әзірлеу, су шаруашылығы құрылыстарына техникалық тексеріс жүргізу, сондай-ақ, гидротехникалық нысандарда жоспарлы жөндеу жұмыстары атқарылады. Бұл жұмыстар тек техникалық тұрғыдан ғана емес, өңірдің экологиялық және әлеуметтік тұрақтылығына оң ықпал ететін маңызды қадамдар саналады. Бұдан бөлек, су шаруашылығы объектілерін облыстың коммуналдық меншігіне қабылдау бағытындағы жұмыстар да жоспарлы түрде жалғасады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»