Өзекті сауалға – салмақты жауап
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Іnformburo.kz» ақпараттық-сараптамалық порталына сұхбат берді. Онда ел көкейінде жүрген көптеген өзекті сұрақтардың тұщымды жауабы айтылды. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы ақпарат кеңістігінде орын алып жатқан жайттарды үнемі тыңғылықты бақылайтындығын атап өтті. Сондай-ақ, елдегі ұлтаралық қатынастар, тіл саясаты, бейбіт жиындар және белсенді Дулат АҒАДІЛДІҢ өлімі мен Мұхтар ЖӘКІШЕВТІҢ сотына қатысты пікірін білдірді. Толығырақ тарқатсақ…
БІР МЕМЛЕКЕТ – БІР ТАҒДЫР
Тәуелсіздік алған сәттен бастап елімізде ұлтаралық татулық пен келісімді сақтауға басым бағыт берілді. Осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Дей тұрғанмен, ел арасы болған соң түрлі деңгейдегі келіспеушіліктер болып тұруы заңды да. Ал, арандатушы күштер соны тиімді пайдаланып, қоғамның тұрақтылығына нұқсан келтіруге тырысып-ақ бағуда. Көп жағдайда жеке бастың мүддесін көксегендер өз мақсатына жету үшін тұтас халықты құрбан етуге дайын. Сондықтан да, мұның алдын алу үшін мемлекет тарапынан батыл қадамдар жасалуы тиіс. Президент алдағы уақытта елдің ұлтаралық, этносаралық қарым-қатынас мәселесіндегі амалдарды қайта ой елегінен өткізу қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан достық пен келісім аумағы болды және болып та қала береді. Біздің ұранымыз – сан алуандықтағы бірлік. Осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар, этникалық топтар шындығына келгенде бір ұлт саналады. Шетелде бізді «қазақтар» деп біледі. Өйткені, біздің мемлекетіміздің атауы дәл осы сөзбен астасып жатыр» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі этнос өкілдерінің ешбіріне қысым көрсетілмейді. Яғни, олардың өзіндік ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалуына, ана тілдері мен мәдениетін сақтауға мүмкіндік беріледі. Бірақ, мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамытуға баса мән беріледі. Келешекте қазақ тілі ұлтаралық байланыс тіліне айналуы тиіс.
Осы орайда, 1 наурыз – Алғыс айту күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданына барып, Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездескенін айта кеткен жөн. Кездесу барысында Президент Тәуелсіздіктің арқасында қазақ халқы шын мәніндегі мемлекет құрушы ұлтқа айналғанын атап өтті. Ендігі міндет – еліміздің осы күнге дейін жиған абыройы мен жеткен жетістіктерін сақтап қалу. Ол үшін ауыл ақсақалдары елдің береке-бірлігін нығайтып, жастарға дұрыс жол көрсетуі тиіс.
ӘРКІМНІҢ ПІКІР АЙТУ ҚҰҚЫ БАР
Ата Заңымызда азаматтардың бейбіт жиын өткізулеріне рұқсат берілген. Әйтсе де, қолданыстағы заң нормалары көптің көңілінен шықпайды. Сын айтушылар көп. Осыған байланысты, қазір Президент тапсырмасымен бейбіт жиындарды өткізуге қатысты жаңа заң жобасы әзірленіп, қоғам талқысына ұсынылды. Сарапшылар бұл бастаманы жоғары бағалап отыр.
– Кез келген даулы мәселені ақылмен, сабырмен шешуге болады. Бізде бұл үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Жергілікті мәслихаттардың жанында, Қазақстан халқы Ассамблеясында, әкімдіктерде диалог алаңдары бар. Даулы мәселені митингке дейін жеткізбей, келісіммен шешуге болар еді. Митинг ең соңғы шара болуы тиіс. Елдегі бейбіт жиындарды өткізуге қатысты заң нормаларын өзгерту мәселесі Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған еді. Қазір заң жобасы дайындалып, талқыға ұсынылды. Барлық адамның пікірі ескеріледі. Сондықтан, жаңа заңның дұрыс болуына қоғам болып атсалысу қажет. Сондай-ақ, азаматтардың митинг ұйымдастыру және оған қатысу мәдениетін қалыптастыру керек, – дейді «Қарағанды облысы кәсіпкерлерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Серік Санаубаев.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы бейбіт жиын өткізу азаматтардың Конституциямен кепілдендірілген құқығы екенін атап өтті. Алайда, ол конституциялық құрылымды бұзуға бағытталған ұмтылыс немесе экстримисттік сипатта болмауы тиіс. Әйтпесе, ел азаматтарының басым бөлігінің мүддесі үшін заң аясында бірден тоқтатылады.
«Бұған қоса, бейбіт жиындарды өткізудің тек хабарландыру тәртібін енгізу түбегейлі маңызды деп санаймын. Әрине, бұл ретте ұйымдастырушылар билікке жиынға қатысушылардың жоспарланып отырған санын хабарлауы тиіс. Бұл – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барынша маңызды. Сол арқылы ұйымдастырушылар да, жергілікті билік те қоғамдық тәртіпті сақтауға екіжақты жауапты болады. Дегенмен, үкіметтік заң жобасындағы бейбіт жиындарға қатысушылардың санын 250 адам деп шектеу енгізу жөнсіз деп санаймын» – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
КЕҢЕСТІҢ ҚҰРАМЫ ӨЗГЕРЕДІ
Былтыр қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату және мемлекеттік жүйені реформалауға қатысты халықтың нақты ұсыныстары мен бастамаларын бір арнаға тоғыстыру мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылған болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, кеңес жұмысы қазірдің өзінде тиімділігін көрсеткен.
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мемлекеттік жүйемізді реформалау бойынша пайдалы ұсыныстарды түрлендіруге қабілетті кеңес ретінде өзін жақсы жағынан көрсетті. Саяси реформалардың бірінші топтамасының заң шығармашылық процесі басталып кетті. Экономикалық салада ауқымды іс атқарылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен реформалардың келесі топтамасы әзірленеді. Мемлекеттік қызметшілерді жұмылдыру арқылы қауырт жұмыс жүргізіліп жатыр. Кеңеске мемлекетіміздің құрылысына өз үлесін қосуды қалайтын жаңа адамдар келгісі келеді. Олар – танымал заңгерлер, азаматтық белсенділер. Сондықтан, таяу уақытта мен бұған дейін хабарлаған ауыс-түйіс жария етіледі», – деді Президент.
Дей тұрғанмен, қоғамда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына көңілі толмайтын топтар да бар. Үкіметтік емес ұйым өкілі Серік Санаубаевтың айтуынша, бұған кеңес жұмысы туралы толыққанды ақпараттың ұсынылмауы ықпал етуі мүмкін.
– Мойындау керек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамындағы азаматтардың кейбірін халық танымайды. Әрі олардың атқарып жатқан жұмысы туралы ақпарат аз. Сондықтан да, халық сенімсіз көзбен қарайды. Президент бастама көтерген кезде жұрт бұл кеңеске үмітпен қараған еді. Ол үміт әлі сөнген жоқ. Сондықтан да, Мемлекет басшысының кеңес құрамын өзгертіп, танымал заңгерлер мен азаматтық белсенділерді тарту бастамасын құптаймын. Олар жұмысты жандандырып, халық сенімін ақтайды деген үміттемін, – дейді Серік Мәлікбекұлы.
АЛАЯҚТЫҚ ӘРЕКЕТТЕРГЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛАДЫ
Осыдан бір ай бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктерді тіркеу мәселесі қаралды. Қоғамда қызу талқыланып, көптің көңілін алаңдатқан мәселенің бірі – осы. Сол кезде Мемлекет басшысы сырттан әкелінген көліктерді уақытша тіркеуге алуды тапсырған еді. Ақпан айының 1 мен 29 аралығында уақытша тіркеу бойынша науқан болды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істеп, барынша ақпарат таратқан болатын. Дей тұрғанмен, бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Президенттің айтуынша, қазір Армениядан машина әкелудегі алаяқтық әрекеттерге байланысты тергеу жүргізіліп жатыр екен. Сондай-ақ, бұл келеңсіздікке жол берген бірқатар мемлекеттік құрылымдардың қызметі де назарға алынады.
«ЕАЭО бойынша кейбір серіктестерімізбен де өзара іс-қимылда бірқатар мәселе бар. Біз олармен бірге алдағы уақытта мұндай проблемалардың қайталануына жол бермеу үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Үкіметке қазақстандық көлік иелерінің мүдделерін ескере отырып, Армениядан әкелінген автомашиналарды пайдалануды ретке келтіру бойынша қосымша ұйымдастырушылық шараларды әзірлеу тапсырылды», – деді Мемлекет басшысы.
КОРОНАВИРУСТАН ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?
Қазір бүкіл әлем елдері коронавирустың таралу қаупінен алаңдап отыр. Ал, Қытаймен шекаралас жатқан біздің елімізде бұл мәселенің өзектілігі тіптен жоғары екені айтпаса да түсінікті. Сұхбат барысында Мемлекет басшысы ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай шаралар қабылданғанын айтып өтті.
«Біз жағдайды бақылауда ұстауға тырысамыз. Өкінішке орай ешкім, тіпті, дамыған мемлекеттер де вирустың енуінен қорғанысқа толық кепілдік бере алмайды. Дегенмен, дер уақытында қабылданған шаралар оң нәтижесін беріп отыр. Бүгінгі күнгі жағдайға сәйкес, Қазақстанда жұқтыру оқиғалары тіркелген жоқ. Үкіметке азаматтардың денсаулығын қорғау үшін ең батыл, жан-жақты шаралар қабылдау тапсырылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл шаралар асыра сілтеусіз және артық дүрбелеңсіз жүзеге асырылады. Сондай-ақ, вирустың таралу қарқыны да назарға алынбақ. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, онда көп адамдар қатысатын шаралар, жоспарланған халықаралық форумдардың уақыты өзгертіледі немесе мүлдем болмайды.
«Тарих індеттің билік пен азаматтардың батыл әрекеттерінен «қауіптенетіндігін» көрсетіп отыр. Орта ғасырда оба өзіне адамдар қарсы тұрғаннан кейін қалалардан кейін шегінді. Ал ол кезде тиісті дәрі-дәрмек те болмаған еді. Меніңше, адамзат білімімен және технологиясымен осынау пәледен қорғана алады», – деді Президент.
ӘДІЛДІК САЛТАНАТ ҚҰРАДЫ
Сұхбат барысында Президент соңғы күндері қоғамда қызу талқыланған белсенді Дулат Ағаділдің қазасына және Мұхтар Жәкішевтің сотына байланысты пікір білдіріп өтті. Мемлекет басшысы белсендінің қазасына байланысты іспен тыңғылықты танысып шыққанын айтты.
«Өкінішке орай, белсенді Ағаділ жүрек жетіспеушілігі салдарынан қаза тапқандығын нық сеніммен қуаттай аламын. Кері сендіруге тырысу – демек шындыққа қарсы шығу. Қаза тапқан азамат кім болса да, қандай көзқарасты ұстанса да ол ең алдымен адам. Адам өмірі бірегей әрі баға жетпейді. Бәріміз де Алла тағаланың жазмышына мойынсұнамыз. Иманды болсын», – деді Президент.
Сондай-ақ, Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығу немесе түрмеде қалуы соттың құзіретінде екендігін атап өтті.
«Әрине, Жәкішевтің денсаулығына байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы бірнеше рет жүгінгені маған да белгілі. 3 наурызда бірінші сатыдағы сот отырысы өтеді. Соның шешімін күтейік. Мен оның әділ болатындығына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
ТҮЙІН
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының сұхбатында көпті алаңдатқан мәселелердің нақты жауаптары берілді. Президент өзінің қоғамдағы өзекті оқиғалардан толық хабардан екенін аңғартты. Осы арқылы соңғы оқиғаларға байланысты абдырап қалған елді сабасына түсіріп, кез келген мәселе өз уақытында оңтайлы шешімін табарына сендірді.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ