Өзекті өртер шер-шемен…
Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайында 31 мамырда «Бір шаңырақ астында» инсталляциясы көпшілік назарына ұсынылады. Композиция саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орайластырылған.
Инсталляция конференция барысында ашылады. Оған қуғын-сүргінге ұшырағандардың туған-туыстары, ақсақалдар кеңесінің, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері мен жастар қатысады. Кеңістіктік композиция мұражай қызметкерлері жинаған мұрағаттық құжаттардан құралған.
– Инсталляцияның бір бөлігі – барақтағы тас төсектер. Жылу вагондары мен НКВД концлагерьлерінің қайғылы атрибуты. Төсектер үстіне биркалары бар қаптар орналастырылған. Биркаларда сандар жазылған. Бұл – Қазақстанға ұлтына қарап, жер аударылған неміс, поляк, корейлер, кавказ ұлты өкілдерінің болжамды саны. Инсталляцияның орта тұсында лагерь тосқауылынан жұлып алынған тірек іспеттес бағана. Оның бөлшектерінде тоталитаризм дәуіріндегі теміртаулықтардың тағдырына қатысты ҰҚК мұрағаттарынан құпиясыздандырылған құжаттар: НКВД үштігінің үкімдері, үкімдерді орындау туралы актілер, ҚР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мұрағатынан алынған тұтқындардың фотосуреттері бар, – деді мұражай қызметкерлері.
Қарлаг тұтқындары мен Теміртаудағы қоныста түрмеден кейін тұрғандардың жеке заттары орналастырылды (1945 жылға дейін – Самарқанд кенті деп аталған). Бұл – күнделік жазбалары, музыкалық аспаптар және әдебиет. Экспонаттар қатарында «халық жауларының» жойылып кеткен фамилиялары бар фотоальбом, «Отан сатқындарын» анықтау ұсыныстары бар кітаптар, НКВД қызметкерінің атрибуттары мен куәлігі бар.
Инсталляциямен маусым айының соңына дейін танысуға болады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz