Ресми

Өзекті мәселелер талқыға түсті

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен басқарма басшылары Бұқар жырау ауданының тұрғындарымен жүздесті. Кездесу Ғабиден Мұстафин атындағы кенттің мәдениет үйінде өтті. Аудан тұрғындары түрлі сұрақтарына жауап алды.

Олардың көпшілігі облыс басшысымен көзбе-көз жолыққысы келді. Арасында жеке бастың мәселесімен емес, бүкіл елді мекен тұрғындарының мүдделерін білдіргендер де болды.

– Мен Мұстафин ауылы тұр­ғындарының атынан жүгіндім. Нұра өзені арқылы өтетін кө­пірдің қашан салынатынын сұ­радым. Облыс әкімі мен аудан басшысы «Көпір келесі жылы болады!» деп уәде берді. Бұл – халық үшін экономикалық және стратегиялық маңызды нысан. Біздің ауылдың көптеген тұрғыны қалада жұмыс істейді. Оған жету үшін Ақтау арқылы жүру керек. Егер олар көпір салса, тіке жол арқылы уақыт пен жанармайды үнемдей алады, – дейді зейнеткер Петр Федченко.

Суықсу ауылының тұрғыны Оспан Нұрланов туған ауылында бұрынғы мектептің үш қабатты ғимаратын жөндеу қажеттігін алға тартады. Қазір ол қаңырап бос тұр. Ауыл белсендісі оны балалар мен жастарға арналған спорт клубына айналдыруды ұсынады. Сонымен қатар, ол Суықсу ауылынан Ақбастауға дейінгі 5 шақырым жолдың жөнделуіне қатысты алаңдайтынын жеткізді. Аймақ басшысы «Бұл учаске келесі жылы асфальтталады» деді. Бұрынғы мектеп ғимаратын қайта құру мәселесі де қарастырылмақ.

– Мен кездесудің осы форматына ризамын. Өзімді мазалап жүрген көкейімдегі сұрақтарымды қойып, толық жауап алдым. Әйтеуір, бізге құлақ түрді. Толық тыңдады. Ешқандай кедергі болған жоқ. Ұсыныстарымыз қаралады деп үміттенемін, – деп бөлісті Оспан Нұрланов.

Ал, Центральное және Петровка ауылдарының жаттықтырушылары жастарға арналған спорт залының тапшылығы бар екенін ортаға салды. Ботақара кентінің жергілікті өзін-өзі басқару мүшелері болса, септиктерді тазартудың жоғары тарифіне ша­ғымданып, ұсынысын айтты.

Бұдан бөлек, аудан тұрғындары ауылдарды абаттандыру, сапалы сумен жабдықтау мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі олардың шағымы мен ұсынысын жазып алып, әрбір өтінішті жеке пысықтауды тапсыр­ды.

– Барлық сұрақ менің жеке бақылауымда болады. Бірде-бір өтініш жауапсыз қалмайды. Барлық мәселе бойынша жауапты тұлғалармен нақты жоспар жасалады, – деп атап айтты Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Бұқар жырау ауданында жүріп жатқан егін жинау барысымен танысты.
Ол «Баймырза Агро» ЖШС және «Нұр СХ» жетекші ауыл шаруашылығы құрылымдарының картоп және астық қоймасына барды. Биыл олар шамамен 25-30 мың тонна бидай өнімін алып, картоп және арпа өсірген.

Компаниялардың егіс, суару және егін жинаудың барлық процесі автоматтандырылған. Егіс­тіктерде суды үнемдеуге мүмкіндік беретін заманауи дөңгелек тамшылап суару машиналары орнатылған. Фермерлер нақты егіншілік жүйесін қолданып келеді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру дәлдігі үшін GPS-навигаторлар техникасы да пайдаланылады.

Жалпы, Бұқар жырау ауданы бойынша дәнді дақылдарды жинау алаңы 158,6 мың гектарды құрайды. Картоп жинау алқабы 2218 гектар. Басқа көкөністерді 193 гектар алқаптан жинау жоспарлануда.
Егін жинау науқанына 339 шаруашылық, 235 астық жинайтын комбайн және 33 бірлік картоп жинау техникасы жұмылдырылған.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button