Өзекті мәселелер – билік назарында
Кеншілер аймағына сапарында Президент Қарағанды, Теміртау қалаларын дамыту туралы тапсырма берген болатын. Атап айтқанда, Теміртау қаласының соцқала бөлігінде емхана, спорт кешенін тұрғызу жүктелген. Сонымен бірге, ЖЭО2-нің жағдайы да жіті назарға алынған. Ал, Қарағандыда балалар мен жасөспірімдер сарайын, бассейн құрылысын жүргізу міндеті тұр. Сондықтан, аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ аппарат мәжілісін осы тапсырмалардың орындалу барысын түгендеуден бастады.
Президент тапсырмасы бақылауда
Теміртау қаласындағы емхана бойынша қазірде жобалау жұмыстары қолға алынған. Жобалауға қатысты шаралар атқарылған соң емхана құрылысының жұмысы бастау алады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басиннің айтуынша, емханаға қатысты жұмыстың сеңі жылдың соңына дейін бұзылады. Ал, спорт кешенін тұрғызудағы шаралар алдағы жылдың еншісінде көрінеді. Бұған қоса, алпауыт компания ЖЭО-2-ге қатысты берілген тапсырманы тиянақты атқаруға сендіріп отыр. Қарағанды қаласындағы балалар мен жасөспірімдер сарайының жобасы мемлекеттік сараптаудың талқысында. Сараптаудан сүрінбей шықса, конкурстық шаралар іске аспақ. Осы орайда Ерлан Жақанұлы жергілікті билік өкілдеріне құрылысқа қатысты жұмыстарда әбжіл қимылдауды тапсырды.
Аймақтағы ахуал қандай?
Бұл туралы аймақ басшысының тиісті сала бойынша орынбасарлары мәлімдеді. Оның қатарында, қала-аудандардың бюджеттік қаражаттарды игеру, күзгі жиын-терім, көмірмен қамтылу, жылу беру маусымына дайындық пен оның басталуы сынды өзекті мәселелер бар.
Берілген бюджеттік қаражаттарды игеруде қалыс қалған қала-аудан әкімдеріне ширақтық таныту жайы айтылды. Орын алған кемшіліктерді жою жүктелді.
Жылу беру маусымы мен нысандардың, көмір жеткізілетін тораптардағы отын қоры да облыс әкімінің назарында. Бүгінгі таңда облыста жылу беру маусымын бастау қолға алынды. Облыстың солтүстік және орталық өңірлерінде жылу 1 қазаннан 5 қазан аралығында берілсе, оңтүстік өңірлерде 10 қазаннан деп жоспарлануда. Әлеуметтік және мәдени маңызы зор нысандар толықтай отынмен қамтамасыз етілді дегенімен, облыс әкімінің арнайы шығарған дербес тобы кей аудандардағы білім, мәдениет нысандарында көмірдің әлі жеткізілмегенін анықтаған. Тіпті, қайсыбір көмір қоры болуы тиіс тораптарда көмір атымен жоқ. Осыған байланысты Ерлан Жақанұлы жұмыстар жүргізуді орынбасарларына тапсырды. Егер, аталған дерек нақтыланса, әкімдерге шара қолданылатындығын және жеткізді.
Аймақтың тағы бір баса зейін қойған мәселесі – күзгі жиынтерім. 1 қазандағы дерек бойынша 524 мың гектардан өнім жиналған. Бұл 64,3 пайызды құрайды. Орташа өнімі гектарына 12,1 центнер. Жаңаарқа, Ұлытау, Шет аудандары жиын-терім жұмыстарын мәреге жеткізген.
Картоп 7 780 гектардан жиналыпты. Ол – 84 пайыз шамасында. Ондағы өнімділік гектарына – 233 центнер. Көкөніс 1219 гектар аумақтан алынып, 84,5 пайызды көрсетіп отыр. Жалпы, көкөністен 34,5 мың тонна жиналған. Орташа шығымы – гектарына 283 центнер.
Қалдық өңдеуде қарқын бар ма?
Жыл сайын облыста орташа есеппен 650 тонна коммуналдық қатты тұрмыстық қалдық шығарылады екен. 2018 жылдың алты айында 305 мың тонна қалдық қалыптасыпты. Соның ішінде, жеке жинақтау нәтижесінде 49 мың тоннасы сұрыпталып, қайта өңделген. Жарты жылдың қорытындысы бойынша өңдеудің үлесі 16 пайызға өскен екен. Ал, өткен жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 9 пайызды көрсетіпті. Құзырлы орындардың мәлімдеуінше, қалдықтарды өңдеу ісіне инвестиция тарту жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
Мысалы, «Қарағанды қаласының ГоркомТранс» ЖШС «Сет Групп», «Bio GTS» компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы 300 мың тонна болатын, сонымен бірге, 15 Мегаватт электрқуатын алуға мүмкіндік беретін қалдық өңдейтін зауыттың құрылысын жоспарлауда. Қазіргі таңда инвесторлармен келіссөздер жасалуда. Жобаның құны – 2 млрд.теңге. «Казгринэнерджи» ЖШС Кеңгір ауылында қуаттылығы 9 Мвт Биоэлектр стансасын салуды көздейді. Жобаның құны – 8,2 млрд. теңге. Пайдалануға 2019 жылдың желтоқсанында беріледі деп күтілуде.
«Денсаулық»: бағдарлама һәм бұқара
Биылғы жылы денсаулық сақтау саласында 4 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Нұра ауданының Ахмет ауылында, Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында, Қарқаралының Қарағайлы кентінде және Қарағандыда жедел жәрдемнің медстансасы салынады. Сондай-ақ, дәрігер мамандарды тұрақтандыру үшін Шахтинск қаласында 32 пәтер жөнделеді. 2019 жылы Қарағандыда 18, Абайда 13, Ақтоғайда 3 және Жезқазғанда 7 қызметтік пәтерге жөндеу жүргізу қолға алынбақ. Мамандарды баспанамен қамту – жергілікті дәрігер тапшылығын жоюға септігін тигізеді.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»