Зейнеткерлер зерікпес үшін
Қарағандыдағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы қарттардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Зейнеткерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының кабинеттері Қарағандыда сәтті жұмыс істеп тұр.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Саян Жарылғаповтың айтуынша, қазіргі таңда 1 236 қызмет алушы тіркелді. Сандарды салыстырсақ, зейнет жасындағы қала тұрғындары арасында белсенді ұзақ өмір сүру орталығына баруға қызығушылық танытқандар көп.
– Біздің қызмет алушыларға фитмике, гимнастика, йога, «дені сау арқа» фитнес-бағдарламасы, жаттығу залы, скандинавиялық серуендеу жаттығулары ұсынылады. Сондай-ақ, мекемелерде үстел теннисі, тренажер залы, шахмат, би, өзін-өзі қорғау әдістері, тоғызқұмалақ сияқты спорттық-сауықтыру қызметтері бар. Зейнеткерлер домбырада ойнайды, компьютерлік сауаттылығын арттырады. Қажеттілік туындаған жағдайда заңгердің, психологтың кеңесіне жүгінеді. Зейнеткерлер үшін Әділет департаменті өкілдері «Заң бойынша мүлікке мұрагерлік» бойынша және полиция өкілдері «Алаяқтық» тақырыбында семинарлар өткізеді, – дейді «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының директоры Саян Жарылғапов.
Директордың сөзіне сүйенсек, қарттар мәдени демалыс аясында театр, мұражай, кітапханаларға барады.
Жақында қарттар Ақмол ауылындағы АЛЖИР мемориалдық кешеніне әрі Астанаға сапарлап қайтыпты. Бүгінгі таңда Майқұдықтағы «Ару әжелер», «Сәулем-ай» хор ұжымы және «Гармония» би тобы мерекелік іс-шараларға белсенді қатысады. «Сәулем-ай» хоры облыстық «Өнер – өмірім» шығармашылық байқауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталған.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz