Зейнетақы реформасы: жұмыс берушінің жүгін ауырлатпай ма?
Жаңа жылдан бастап жұмыс берушілерге әр жұмыскер үшін 5 пайыздық зейнетақы жарнасын аудару міндеттеледі-мыс. Шартты – жинақтаушы төлем – жұмыскердің өз жалақысынан аударылатын 10 пайыздық аударымнан басқа. Бұл ретте енгізілетін төлемнің жұмыскер жалақысына әсері көпшілікті мазалаған мәселелердің бірі. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің тарапынан қарсы уәждер айтылып жатқаны да жасырын емес. Сонымен…
ӨЗГЕРІС НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?
Негізі бұл норма 2015 жылы «Зейнетақымен қамту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына енгізіліп қойған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру, тиісті еңбек өтілі бар азаматтарды жоғары зейнетақымен қамтамасыз етуді көздейді. Яғни, зейнетақы жүйесіне мемлекет пен жұмыскер ғана емес, жұмыс беруші де қатысып, зейнетақы жүйесі үш тараптың жауапкершілігі негізінде құралатын болады.
– Қазіргі таңда жұмыс берушінің жұмыскер үшін төлейтін міндетті зейнетақы жарналарын енгізудің нормаларын іске асыру үшін аталмыш міндетті зейнетақы жарнасын есептеу және аудару, сонымен бірге, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына төлемдер жүргізу механизмдерін қарастыратын тиісті Ережелер әзірленді. Ережелердің жобасы тиісті мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде және олар жыл соңына дейін мақұлданатын болады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов жақында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік мемлекеттің негізгі басымдықты халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыттап отырғандығын алға тартты.
ТӨЛЕМ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?
Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесіне сәйкес 5 пайыздық төлемді жұмыс беруші өз қалтасынан төлейді. Бірақ, төленетін төлем көлемі әр жұмыскердің еңбекақысы негізінде есептеледі. Яғни, ол әркімде әртүрлі болуы мүмкін. Жұмыскердің өз жалақысынан аударылатын 10 пайыздық зейнетақы жарнасы жұмыскердің меншігі саналатын болса, жаңа төлем жұмыскердің меншігі саналмайды. Сәйкесінше, мұрагерлікке қалдырылмайды. Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушы қайтыс болса немесе ел аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен жағдайда шартты зейнетақы шоттарындағы қаражат сол жүйенің қалған қатысушылары арасында қайта бөлінетін болады.
- Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар өмір бойына зейнетақы алу мүмкіндігіне ие болады. Бізде жинақтаушы зейнетақысы біткеннен кейін кейбір адамдардың зейнетақысы азайып қалады. Осы жағынан бізге өтініш айтып келетіндер көп болатын. Жаңа жүйе арқылы бұл мәселені шешуге болады, – деді «БЖЗҚ» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Жоламан Кабасов.
Оның айтуынша, мұндай зейнетақы төлемін алу үшін жұмыс берушілер кемі 60 күнтізбелік ай көлемінде аталған 5 пайыздық аударымды жасауы тиіс екен.
– Осы мерзім ішінде аударымдары жасалған зейнет жасына жеткен жұмыскерлер мен І және ІІ топтағы өмірлік болып бекітілген мүгедектігі бар азаматтар ала алады.
Шартты-жинақтаушы құрамдауыштан төленетін зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы керек, – деді ол.
Салалық министрлік мәлімдегендей, жұмыс беруші 5 пайыздық төлемді штаттан тыс жұмыскерлерінен бөлек зейнетақы жасындағы жұмыскерлері үшін де төлемейді. Әскери және қарулы күштер құрылымы да бұл міндеттен босатылған. Осы ретте мамандар қалтасынан артық тиын шығармауды ойлағандар қатары артып кету қаупі бар екенін жасырмайды.
Көлеңкелі экономика өрістеуі мүмкін
Мәселе артық төлемнен басын ала қашқан бизнес құрылымдарының саны көбейіп, көлеңкелі еңбек нарығы күшейіп кетпей ме деген қауіпте болып тұр. Өйткені, Президенттің әуелі халықтың әл-ауқатын көтеру керек деген тапсырмасын басшылыққа алған ел Үкіметі зейнетақыны көтеру үшін бизнеске қосымша салмақ түсіріп отырғанын мойындап отыр.
- Қайсыбір бизнес субъектілері 5 пайыздық төлемді айналып өтіп, компания бюджетін үнемдеу үшін кейбір қызметкерлерді жұмысқа алғанда келісімшартпен рәсімдеуі мүмкін. Өйткені, заң бойынша азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істейтіндер, яғни, штаттан тыс жұмыскерлерге аталған жаңа төлемдер жасалмайды. Мұндай жағдай орын алмауы үшін арнайы еңбек инспекциясы бақылауда ұстайтын болады, – деді Ақмәди Сарбасов.
Шынымен де, кәсібінен нәсібін тауып отырған кейбір кәсіпорындардың салықтан жалтаруы жиілеп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда тұрақты салық төлеп отырған белсенді бизнес субъектілерінің саны азаю қаупі бар. Бұл ретте қарапайым халық та жұмыс берушінің қас-қабағын бағатыны анық. Бірақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдегендей, жұмыс берушінің жаңа тәртіппен төлемдер жасауы жұмыскерлердің жалақысын төмендетуге себеп болмауы керек.
- Жұмыскердің жалақы мөлшері еңбек шартында көрсетілген. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек шартына кез келген өзгертулер тек қызметкер мен жұмыс берушінің өзара келісімі бойынша енгізілуі мүмкін. Ондай жағдайлар орын алса, салық және басқа да төлем түрлерін тексеру арқылы анықталады, – деді Ақмәди Сарбасов.
Вице-министрдің айтуынша, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары және жеке қызметпен айналысатын басқа да адамдар жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының 5 пайызын және міндетті зейнетақы жарналарының 10 пайызын өз бетінше төлейді.
Кәсіпкерлер неге қарсы?
Негізінде мұндай төлемдер елімізде 2014 жылдан бері жасалып келе жатқанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Осыған дейін зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмысшылары бар жұмыс берушілер 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен төлеп келді. Былайша айтқанда, мұндай жүйемен жұмыс жасауда тәжірибе бар. Биылғы жылдың 1 шілдесіндегі мәліметтерге сүйенсек, 11,3 мыңнан астам жұмыс беруші міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы бойынша 5 пайызды 495 мың қызметкер үшін аударған. Ал, шағын және орта бизнес өкілдері үшін бұл міндеттемені орындау айтарлықтай ауыртпалық түсіретін сияқты.
– Бұл мәселе 2014-2015 жылдары талқыланған болатын. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік тәуекелдер және жұмыс берушілерге түсетін қосымша ауыртпалықты меңзеп, қосымша жарналарды енгізуді қолдаған жоқ. Ұлттық палата тиісті сараптамалық қорытындылар және бастамашыл хаттарды Үкіметке жолдады. Нәтижесінде заңның күшіне енгізу мерзімі 2018 жылдан 2020 жылға шегерілді, – дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Алена Романова.
Оның сөзіне қарасақ, төлемдер жұмыс берушілерге қосымша ауыртпалықтар тудырады.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәселенің екі тәуекелін ашып көрсетті. Біріншіден, нақты еңбекақылар көлемі мен жұмыс орындарының саны «көлеңкеге» кетеді. Бүгіннің өзінде зейнетақылық жарналарды төлемеу, тұрақты төлем жасамау фактілері бар. Қосымша жарналарды енгізу одан сайын кері әсер береді. Екіншіден, тауар және қызмет көрсету құнына қосымша жүктеме. Жұмыс беруші бұл қаражатты қайдан алуы керек? Қосымша қаражат тауарлар мен қызметтің бағасына салынады, инфляцияны тудырады. Нақты еңбекақы мөлшерін төмендету тәуекелі пайда болып, қызметкерлер жұмыссыз қалу қаупі бар.
Мамандар онсызда кәсіпкерлерге түсетін қаржылық жауапкершілік көп екенін алға тартуда.
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру салымдарының кезең-кезеңмен өсетінін ұмытпаған жөн. Егер 2019 жылы жұмыс беруші міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1,5% төлеп, ал жұмысшы ештеңе төлемесе, 2020 жылдан бастап жұмыс беруші – 2%, ал жұмысшылар – 1%- дан төлей бастайды, тағы екі-үш жылдан соң жұмыс берушінің жарнасы 3%-ға, ал жұмысшының жарнасы – 2%-ға дейін артады, – дейді А.Романова.
5 пайыздық төлем төлене бастауы үшін кемі бес жыл аударым жасау керек екенін ескерсек, оны келесі жылдан ала қоятындар жоқ. Қазір Үкімет экономикалық дамудан гөрі әлеуметтік жағдайды көтеруді бірінші орынға қойып отырғаны анық. Дегенмен де, барлық тараптың мүддесі ескерілгені абзал.
Жансая ОМАРБЕК.