Зейнетақы ұлғайды
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 451,4 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 793 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 трлн 658,4 млрд теңге қарастырылды.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мәлімдеді. «2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 497 мың адам. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 097 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 95 491 теңге, базалық зейнетақы – 47 606 теңге», – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
Ведомство биылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері Ұлттық Банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни, инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып, ұлғайтылғандығын еске салды. Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап, бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады. Мәселен, 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды. Бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.
Министрлік 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске салды. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, әлде мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 90%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 110% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»