Жаңалықтар

Үздіктер жолдамаға таласты

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің студенттер сарайы күлкіге көмілді. Білім ордасының қабыр­ғасында «Жайдарман» әзілкештер мен тапқырлар сайысы республикалық Бірінші Лига ойындарының 1/4 ширек финалы өтті. Сайысқа 19 команда қатысты. Кезең қорытындысы бойынша 10 команда ғана келесі кезеңге жолдама алды.

Суретті түсірген автор

«Жайдарман» – өзекті мәселелерді әзілмен жеткізетін тап­қырлар алаңы. Бұл күнде ел жастары арасындағы танымалдылығын жоғалтпаған.

Республикалық Бірінші Лиганың 1/8 финалы да Қарағандыда өткен еді. Ақтық сынның да жалауы осы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде желбірейді. Еліміздің менмін деген әзілкештері бас қосқан додаға іргедегі Қытайдан да команда келді. «Алтай» деп аталатын команда қандастарымыздан жасақталған.

Кешті «Жайдарман» Астана филиалының директоры Фурхат Курбанов жүргізді. Ол қарағандылық әзілкештердің өнерін жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Бүгінгі ойынның мақсаты – жас жайдарманшыларды шыңдау, Жоғары лига және эфирлік ойындарға баптау. Бірінші Лиганың Қарағандыда өтуі зор мәнге ие. Кейінгі жылдары қарағандылық әзілкештер сәтті өнер көрсетіп жүр. Соны ескеріп, кеншілер шаһарына қарай ат басын бұрдық. Ширек финал жоғары деңгейде өтті деген пікірдемін. Жастарды «Жайдарманға» шақырамын! Адамды күлдіре алу – жоғары интеллектінің белгісі, – деді Фурхат Курбанов.

Жартылай финалға 6 команда жолдама алды. Сонымен қатар, 2 команда резервпен өтті. Тағы 2 ұжымда ақтық сынға өтетін мүмкіндік бар. Жолдама иеленгендердің ішінде жергілікті «Амазонка» мен «Орталық» командасы бар.

– Қазір облысымызда Жо­ғары лигада ойнайтын команда жоқ. Бұл – жергілікті жанкүйерлерді мазалайтын мәселе. Осыған орай, Бірінші Лиганы әдейі Қарағандыға әкеліп отырмыз. Жергілікті командалар тәжірибе алып, басқа жайдарманшылармен аралассын, көрсін деген мақсатта. Мұнда тек әзілді емес, қазақ тілді аудиторияны да дамытып жатырмыз. Қытайдан қандастарымыз келді, – деді қазылар алқасының мүшесі, «Жайдарман» облыстық филиалының басшысы Ернат Әбутаев.

Ералы ҒАНИ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің II курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button