Үздіктер үштігінде тұрақтай алмады
Қазіргі таңда «Шахтердің» жағдайы мәз емес. Күні кеше үздік үштікте тұрған жерлестер соңғы кездесуде сүреңсіз ойын көрсетті. Сырт алаңда павлодарлық «Ертіс» командасына қарсы қарымта кездесу өткізіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша олар бұл ойында ұпай еншілей алмай, турнир кестесінде үшінші сатыдан төртіншіге сырғыды. Ал, қоржында әзірге – 32 ұпай.

Қос команда – турнирдің басты фавориттері. Екі клубтың да тарихы бай. Екеуі де биыл Премьер-лига жолдамасына үмітті. Екеуінің арасындағы бірінші кездесу 0:0 есебімен аяқталған болатын. Бұл жолы павлодарлықтар қателікке бой алдырмады. Дәп осы қарымта кездесуге сайланып келген сыңайлы. Олай дейтініміз, бас төреші допты ойынға қосқан бойда шабуылды үдетті. Сөйтіп, ойынның небәрі 7-ші минутында есеп ашты. Негізі, бұл қарсыластардың кезекті шабуылдарының бірі-тін. Шабуыл барысында қарсылас команда бұрыштама допқа ие болды. Осы тұста жартылай қорғаушы Нұрғайни Бөрібаев бұрыштамадан допты ойынға қосқан. Бұрыштамадан әуелете көтерілген допқа Еркебұлан Тұңғышбаев бірінші болып жетіп, бірден қақпаға бағыттайды. Осылайша алаң иелері есеп ашып кетті.
42-ші минутта Нұрғайни Бөрібаев тағы бір керемет нәтижелі пас шығарып, командасын алға сүйреді. Бұл жолы ол қорғаушылардан айласын асырып, допты әуелете алдыңғы қатарда жүрген Темірлан Ағымановқа асырған. Ал, Темірлан келіп тұрған мүмкіндікті мүлт жібермей, есепті 0:2-ге жеткізді. Осылайша, бірінші тайм да тәмамдалды.
Екінші тайм басталысымен жерлестер сапынан алаңға тыңнан қорғаушы Эльхан Саидов пен шабуылшы Артем Литош шыққан. Одан кейін араға 20 минут салып шабуылшы Арман Нүсіп ойынға қосылды. Тың ойыншылар командаға күш қосқандай. 75-ші минутта жерлестер шабуылға қайта шығып, соңын голмен түйіндеді. Негізі, шабуылды ұйымдастырған – Арман Нүсіп. Қарсылас қорғаушысын алдап өтіп, қақпаға алыстан соққы жасаған еді. Алайда оның соққысы қақпа бағанасына тиіп, кері қайтқан. Осы тұста кері қайтқан допқа шабуылшы Диас Қалыбаев бірінші жетіп, есеп алшақтығын қысқартады. Бірақ, есепті теңестіруге мүмкіндік тумады. Ойынның негізгі уақыты аяқталар тұста павлодарлықтар үшінші голын салып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Қазақстан Бірінші лигасының XVI турының қорытындысы бойынша көш басында ақтаулық «Каспий» клубы тұр. Еншілерінде – 41 ұпай. Одан кейінгі сатыға 36 ұпаймен павлодарлықтар көтерілді. Ал, үздік үштікте 35 ұпаймен – өскемендік «Алтай». «Шахтер» болса, 32 ұпаймен төртінші сатыға сырғыды. Бірінші лиганың аяқталуына бар болғаны 10 ойын қалды. Жерлестердің ойын кестесіне көз жүгіртсек, Премьер-лига жолдамасына үміт бар секілді. Ең болмаса, турнирді үздік үштіктің қатарында аяқтауға мүмкіндік бар.
Дегенмен, қалған он қарсыластың бәрін жеңу – мүмкін емес. Бұдан кейін қарағандылықтар «Екібастұз» клубымен кездеседі. Бірінші ойында жерлестер бұл командамен тең тарқасқан еді. Қарымта кездесуде жеңуге әбден болады. Тағы бір үлкен сұрақ тудырып тұрған қарсыласы – «Алтай» мен жамбылдық «Тараз» клубы. Жерлестер қос командамен өткен бірінші ойында жеңіліп қалған-тын. Сондықтан, қос командамен болатын қарымта матчтың болжамын дөп басып айту оңай болмай тұр…
Қысқасы, Премьер-лига жолдамасы – команда қолында.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»