Ресми

Үздіктер марапатталды

Облыстық діни бірлестіктер клубының қызметі биылғы жұмысын қорытындылады. Басқосуда осы тақырыпқа қалам тербеп жүрген жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері аясындағы байқау жеңімпаздары марапатталды.

Суреттер ұйымдастырушылардан алынды

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты – дін саласындағы мәселелерді көтеріп жүрген үздік журналистерді анықтау.

– Мақалалар мен әңгімелердің тақырыптарында мемлекеттік дін саясаты, зайырлы мемлекет қағидаттарын насихаттау, діни экстремизм мен терроризм­нің алдын алу мәселелері қамтылуы керек. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының нормаларына қайшы келмеуі, оның ішінде, мазмұнында белгілі бір дінді немесе олардың айрықшылығын насихаттау және дінаралық келіспеушілікті тудыратын, діни нанымдарының уәждемелері бойынша азаматтардың құқықтарын кемсіту элементтері болмауы тиіс, – дейді клуб модераторы Дмитрий Полтаренко.

«Үздік телерепортаж», «Интернет БАҚ-тағы үздік материал» және «Мерзімді баспа басылымындағы үздік мақала» аталымдары бойынша жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын құттықтап, диплом мен ақшалай сыйақы сертификатын табыс­тады. Ерлан Бейсембайұлы БАҚ өкілдерінің жұмысының маңыздылығын атап өтіп, өңірдегі конфессияаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлес­тері үшін алғысын білдірді.

Жеңімпаздар арасында «Мерзімді баспа басылымындағы үздік мақала» аталымында ІІ орын алған «Ortalyq Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Қызғалдақ Айтжанова бар. Осы аталымда І орын «Индустриальная Караганда» газетінің аға тілшісі Светлана Свичке бұйырды. Ал, «Қоржынтүбек жаршысы» газетінің тілшісі Нұрғали Қарабеков ІІІ орынды иеленді.

«Интернет БАҚ-тағы үздік материал» аталымында «Temirtau tynysy» газетінің бас редакторы Нұрлыхан Қалқаманұлы үздік шығып, І орынды иеленді. ІІ орын «Creadom» ЖШС (eKaraganda.kz) тілшісі Анна Дябинаға бұйырды. «LIFE09» ақпараттық агенттігі ІІІ орынға лайық деп танылды.

Телеарнадағы үздік репортаж аталымында І орынды «Новое телевидение» телеарнасында шығатын «Зеленая волна» телерадио бағдарламасының жетекшісі Жанар Елшібекова алды. «QAZAQSTAN» телеарнасы облыс­тық филиалының тілшісі Светлана Шульц болса ІІ орынға шықты. Ал, ІІІ орын – Лиана Жамлихановада. Ол да «QAZAQSTAN» телеарнасының тілшісі.

Бүгінгі таңда елде 18 конфессия өкілдері өмір сүруде. Аймақтың соның 15-і бар. Діни бірлестіктер клубы діни бірлестіктердің бастамасымен екі жыл бұрын құрылған.

Облыстық діни бірлестіктер клубы белсенді жұмыс істеп келеді. Бірлестіктің аталған байқауды бірнеше жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Бұл қалам иелерін ынталандыра отырып, тақырыпты тереңірек қаузай түсуге жетелейді.

Өйткені, дін – өте нәзік әлем. Мұнда білімділік пен ұқыптылық қажет. Дінтанушылардың пікірі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы бастаған мамандардың құнды пікірлері мақалаларда орын алуы тиіс. Себебі, түрлі секталардың жетегінде кетіп, адасып жатқандар қаншама.

Сондықтан да, бұл бағытта жазылып жатқан мақалалардың өз оқырманы бар. Оқырмандар өздерін мазалап жүрген сауалдарға осы байқауға қатысып жүрген авторлардың мақаласынан жауап табары сөзсіз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табарына сенеміз.

«Байқауға қатысып жатқан және осы бағытта тұрақты мақала жазып, елдің сұранысын қанаттандыруға үлес қосып жүрген журналистерге шексіз алғыс айтамыз. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаған. Десе де, қазіргі таңда газет-журнал оқымайтындар адасушылыққа да ұрынып жатыр. Әлеуметтік желілерде қаптап жүрген ҚМДБ тарапынан рұқсат етілмеген уағыздарды тыңдағаннан гөрі, журналистердің зерттеп, көз майын тауысып жазған дүниелерін оқыған әлдеқайда тиімді. Өйткені, мұндағы ақпараттар мен деректер тексерілген әрі нақты. Журналистерге шығармашылық табыс тілейміз», – дейді қала тұрғыны Асылбек Сүлейменов.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button