Үздіктер ішінде үздік
Шымкент қаласында «Samgau» республикалық қысқаметражды фильмдердің фестивалі өтті. Фестивальге еліміздің түпкір-түпкірінен 18 бен 35 жас арасындағы жас кинорежиссер қатысты. Арасында біздің де жерлесіміз болды. Ол – Асылжан Әділханұлы. 22 минут, 54 секундтық хронометражды «Пат» туындысын фестиваль көрермендеріне ұсынды.

«Пат» қысқаметражды фильмінің негізгі идеясы – әке мен баланың таңдауы. Бала басқа мамандықты қалайды. Бірақ, әкесі ұлының кенші болғанын армандайды. Асылжан Әділханұлы облыстық Сәкен театрының видеографы болып қызмет атқарады. Осы фестивальде туындысы «Үздік қысқаметражды фильм» аталымының гран-приін алды.
Фестивальге жалпы саны 30 туынды түсіпті. Соның жиырмасы іріктеліп, ақтық сынға өтті. Кинорежиссерлердің туындылары фестивальдің ұсынған тақырыптарына сәйкес болуы шарт еді. Мәселен, «Шымкент – сүйікті қалам», «Мен және әлем», «Ұлттық құндылық – тәрбие негізі», «Жұмысшы мамандықтардың рөлі», «Экология», «Тіліміздің тағдыры – біздің қолымызда».
Үздіктерді анықтаған қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі продюсер Қанат Төребай, Канн фестивалінде «Үздік актриса» жүлдесін алған Самал Еслямова, «Айка» фильмінің режиссері, Канн фестивалінің лауреаты Сергей Дворцевой, әйгілі «Қошқар мен теке» мультфильмімен танымал режиссер Батырхан Дәуренбеков болды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»