Үздіктер қатарында
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтері арасында инновациялық жұмыстардың республикалық байқауы өтті. Байқауды ұйымдастырушы – М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі жанындағы оқу-әдістемелік бірлестігі. Қолдаушысы – «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы.

Аталған байқау педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, озық тәжірибелерді таратуға және заманауи білім беру технологияларын насихаттауға бағытталды.
Республикалық деңгейдегі білім додасына еліміздің 14 облысынан 15 педагог қатысып, өзара тәжірибе алмасып, үздік жобаларын ұсынды. Қатысушылар білім беру үдерісіне енгізіліп жатқан инновациялық әдістерін, авторлық жобаларын және шығармашылық жұмыстарын қорғады. Байқау барысында кәсіби құзыреттілік, әдістемелік шеберлік пен жаңашылдық басты назарда болды.
Байқау 3 модульден тұрды. I модульда қатысушылар өзін және кәсіби жетістіктері мен педагогикалық тәжірибесін таныстырса, II модульде заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып ашық сабақ өткізу жүктелді. Ал, III модульде берілген тақырып бойынша монолог оқу арқылы қатысушының шешендік қабілеті мен кәсіби көзқарасы сынға түсті.
Кеншілер өлкесінің намысын қорғаған Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі оқытушысы Ербұлан Мақатай байқауда жоғары нәтиже көрсетіп, үш модуль бойынша алғырлығын танытып, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Бұл – ұстаздың кәсіби ізденісі мен шығармашылық еңбегінің айқын нәтижесі.
Байқау барысында педагогтердің үздік жобалары мен тиімді оқыту технологиялары кеңінен таныстырылып, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.
– Байқау маған тәжірибе алаңы болды. Әріптестерімнің жаңашыл идеяларымен танысып, өз тәжірибеммен бөлісіп, кәсіби дамуымның маңызды кезеңін бастан кештім. Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Қолдау көрсеткен әріптестеріме және ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Алдағы уақытта да білім беру саласында жаңашыл жобаларды жүзеге асырып, шәкірттерімнің сапалы білім алуына өз үлесімді қоса бермекпін, – дейді Ербұлан Айтпайұлы.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



