Ресми

«Үздік учаскелік полицей» кім?

Қазіргі таңда учаскелік полицейлердің жұмысын жақсартуға, олардың әл-ауқатын арттыруға жан-жақты көңіл бөлінуде. Есесіне, жұмысқа деген талап та күшейген. Оларды адал еңбекке ынталандыру мақсатында «Үздік учаскелік полиция қызметкері» байқауы өткізіліп келеді. Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен биылғы үздік учаскелік полицейлер марапатталды. Сыйлыққа Жаңа Майқұдық ПБ полиция инспекторы капитан Тілек Түбеков және Осакаров ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторы майор Азамат Төрежанов ие болды.

Кеншілер аймағында елімізде алғаш рет «Үздік учаскелік полиция инспекторы» байқауының жеңімпаздарына 2 млн. теңге көлемінде жыл сайынғы сыйлықты бекітті. Бұл сала қызметкерлері үшін зор қолдау екені сөзсіз.

– Учаскелік полиция инспекторларының слетінде үздік учаскелік полиция инспекторлары үшін арнайы сыйлыққа бастамашы болдым. Учаскелік полицейлерді көтермелеу тәжірибесі одан әрі жалғасуы тиіс. Бұл жұмыс істеуге ынталандыру, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы.

«Үздік учаскелік полиция инспекторы» байқауы үш кезеңде өткізілген. Біріншісі аумақтық бөлімшелерде өтті. Аудандық және қалалық полиция бөлімдері де өз байқауын өткізіп, үздік учаскелік бөлімдерді таңдаған. Осыдан кейін полиция департаменті базасында екінші кезең ұйымдастырылды. Үміткерлер дене шынықтыру және атыс дайындығын, заңнаманы білу жөнінде тестілеуде білім-білігін сынға салды. Сонымен қатар, тұрғындардан шағымдар мен өтініштер бар-жоғы тексеріліп, қызмет көрсетілетін учаскелік әкімшілік учаскеде криминогендік жағдай бар-жоғы қарастырылды.

– Бұдан бөлек, біз онлайн дауыс беруді бастадық. Халықтың пікірі ең үздік учаскелік полиция инспекторын анықтау кезінде біз сүйенген негізгі өлшемдердің бірі болды, – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов.

Онлайн дауыс беру кезеңіне барлығы 20 полиция қызметкері жетіп, көпшіліктің дауысы ескеріліп, олардың екеуі таңдалыпты.

«Қалалық жердегі полицияның үздік учаскелік инспекторы» номинациясының жеңімпазы болып, Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің учаскелік капитаны Тілек Түбеков танылды.

– Маған дауыс берген әкімшілік аумақтың тұрғындарына шексіз алғыс айтамын. Полицияда 2016 жылдан бастап жұмыс істеймін. Ал, 2018 жылдан бері Шахтерский шағын ауданындағы учаскедемін. Маған сеніп тапсырылған аумақта барлығы 526 жеке және төрт көпқабатты үй бар. Бес мыңнан астам адам тұрады. Біздің міндетіміз – адамдарға көмек көрсету, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Учаскелік полицейдің маңызды міндеттерінің бірі – халықпен тығыз байланыста болу, – дейді Тілек Түбеков.

Ал, «Ауылдық жерлердегі үздік учаскелік полиция инспекторы» аталымына Осакаров ауданы учаскелік полиция бөлімінің майоры Азамат Төрежанов лайық деп танылды. Ол ішкі істер органдарында 2008 жылдан бері жұмыс істейді.

– Сыйлық аламын деп күткен жоқпын. Бұл – мен үшін зор ынталандыру болды. Осакаров ауданының Николаев ауылдық округінің тұрғындарына жеңіске жетуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын, – деді Азамат Төрежанов.

Өз тілшімізден.
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button