Үздік тәжірибе үмітті ақтайды
Медициналық қызметтердің сапасын арттыру – денсаулық сақтаудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл орайда медициналық-санитариялық алғашқы көмек мекемелерінің жұмысы ерекше маңызға ие. Былтырдан бастап ашылған үздік тәжірибелер орталығы емханалар жұмысын реттеп, жетілдіруге ықпал етуде. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев аппараттық жиында мұндай орталықтар тәжірибелерін барлық емханаларда ашуды тапсырды. Және бұл жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтауды міндеттеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, аймақта медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 37 ұйым бар. Олар емханалар жүктемесін азайтып, қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Бұл қызмет желісін кеңейту бір емханадағы учаскелер санын 40-45-тен 12-16-ға дейін қысқартып, қадамдық қолжетімділік мүмкіндігін жасап отыр.
– Үздік тәжірибелер орталығы былтыр алғаш рет Қарағандыдағы №3 емханада ашылды, – деді Бибігүл Төлегенова. – Жыл басынан бері тағы төртеуі, оның ішінде, Теміртау мен Балқаш қалаларында ашылды. Сондай-ақ, Осакаров ауданындағы аудандық аурухана жанынан да орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Үздік тәжірибелер орталығының жұмыс қағидалары 28 емханада ішінара енгізілді. Мұнда халыққа отбасылық қағидат бойынша сапалы медициналық, психологиялық және әлеуметтік қызмет көрсетуге баса назар аударылады.
Үздік тәжірибелер орталықтары бірнеше бағытта жұмысы істейді. Оның біріншісі – мультидисциплинарлық командалардың жұмысы. Оның құрамына отбасылық дәрігер, әлеуметтік қызметкер, психолог, акушерка және үш медбике кіреді. Бибігүл Райханқызының айтуынша, бұл топ медициналық қана емес, әлеуметтік мәселелерді де шешуге ықпалдасады. Бұл мақсатта жергілікті әкімдіктермен, жұмыспен қамту орталықтарымен, әлеуметтік қорғау қызметі және кризистік орталықтармен жұмыс жолға қойылған.
– Барлық емханаларда әлеуметтік қызметкер лауазымы енгізілді. Олардың негізгі міндеті – учаскедегі әлеуметтік осал топ санатындағыларды анықтау және қолдау шараларын ұйымдастыру. Яғни, анықталған мәселе жан-жақты қаралады. Бұған дейін әлеуметтік қызметкердің жұмысы мұндай нәтижелі болмаған еді, – дейді Бибігүл Төлегенова.
Оның айтуынша, 324 мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді. Олардың бақылауында 17 әлеуметтік осал топ санаты бойынша 112 847 адам бар.
Үздік тәжірибелер орталығында бірқатар жобалар жүзеге асырылатынын да айту керек. Мәселен, «Науқас көзімен алғашқы 5 минут», «Халық кеңесі», «Дұрыс тамақтану мектебі», «Денсаулық мектебі» жобалары жұмыс істейді. Сүт бездері қатерлі ісін анықтауға, инсульттің алдын алуға оқытатын жобалар да бар.
– Бірінші қыркүйектен бастап №1 және 3 емханаларда «Салауатты мектеп» жобасы қолға алынды. Оған №4, 21, 64, 78 мектептер қатысуда. Жоба саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, денсаулыққа қатысты сауаттылықты арттыруға, сонымен қатар, ерте жүктіліктің алдын алуға бағытталған, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Емханаларда партонаждық қызмет бөлімі жасақталған. Ондағы медбикелер қабылдаудан босатылып, жүкті және 5 жасқа дейінгі балаларға жауапты болады. Бүгінгі таңда мұндай қызметпен айналысатын 252 медбике бар.
Жалпы, медицналық мекемелердегі қызметті жетілдіру мақсатында медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру маңызды. Жыл бойы ұйымдастырылған арнайы тренингтер барысында медициналық бағыттар ғана емес, әлеуметтік қызмет, халық сенімін арттыру, денсаулық сақтауды насихаттау тақырыптары қамтылды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz