Үздік үштіктен үміттіміз
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Ал, отандастарымыз жарыс басталған күннен-ақ ел қоржынына жүлде салумен келеді. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз биатлоншы Владислав Киреев ел қоржынына үшінші алтынды салды.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/So-y-betke-1024x684.jpg)
Фристайл-акробатикадан Ұлттық құрама тарихи алтын медаль жеңіп алды. Ел қоржынына бір емес, қос алтынды салды. Әуелі фристайл-акробатикадан ерлер құрамасы алтын салды. Құрама сапында өнер көрсеткен Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов.
Аралас командалық сында күміс медаль жеңіп алды. Команда сапында Аяна Жолдас, Асылхан Асан және Шерзод Хаширбаев өнер көрсетті. Ал, шаңғы жарысынан ерлер арасында сынға түскен Олжас Климин қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ол 10 шақырымға еркін стильде сайысқа түскен болатын. Осы аталымда сынға түскен тағы бір отандасымыз Владислав Ковалев мәре сызығын – алтыншы, Наиль Башмаков – 10-шы, Ернар Нұрысбеков – 16-шы болып кесті.
Конькимен жүгіру сайысында ерлер арасындағы 500 метрге жүгіруден өнер көрсеткен Евгений Кошкинге қола жүлде бұйырмады. Мәре сызығын төртінші болып кесіп, ел үшін керемет нәтиже көрсетті. 3000 метрге әйелдер бәсекесінде Надежда Морозова да жүлдегерлер қатарына бір саты жетпей, IV орынмен бәсекені аяқтады.
Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңінде қарсыластарын ойсырата жеңді. Бұл кезеңде Гонконг құрамасы отандастарымызға қарсыласа алмады. Үш айналым қорытындысы бойынша 24:0 есебімен тізе бүктірді. Енді ел құрамасы жартылай финалда Қытай құрамасымен кездеседі. Қытайлықтар 1/4 кезеңде Тайвань құрамасын 7:2 есебімен жеңді.
Әйелдер құрамасы үшін чемпионат ережелері өзгертілген. Оған себеп – қатысушы командалардың аздығы. Отандастарымыз өз тобынан – І орынмен, ІІ орынмен – Оңтүстік Корея хоккейшілері шыққан. Ал, екінші топтан Қытай мен Жапония хоккейшілері суырылып алға шықты. Қазір төрт команда өзара бір-бірімен күш сынаспақ. Отандастарымыз өкінішке қарай жапондарға қарсы бірінші ойын өткізіп, 0:4 есебімен жеңіліп қалды.
Одан бөлек тағы бір отандасымыз Вадим Куралес биатлоннан күміс жүлде иеленді.
Шаңғы жарысынан әйелдер құрамасы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Командалық бәсекеде Ұлттық құрама мәреге Қытайдан кейін келді. Үздік үштіктің қатарын Жапония шаңғышылары түйіндеді. Жарыс жолына шыққан қатысушылардың қатарында Камила Елғазинова, Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга мен Надежда Степашкина есімді спортшылар бар.
Шаңғы жарысынан ерлер құрамасы командалық эстафетада Азия ойындарын ІІІ орынмен түйіндеді. Команда құрамында Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин мен Владислав Коволёв сынды спортшылармен жасақталған.
Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте – ІV орында.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»