Жалпыұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі қорытындыланып, үздік көрінген отбасы үкіленді.
«Достық» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында өткен марапаттау салтанатында қала ардагерлері кеңесінің төрағасы, «Мерейлі отбасы – 2017» қалалық байқауының жеңімпазы Жарас Қармысова биыл байқауда бақ сынаған барлық отбасын құттықтап, сәттілік тіледі.
Байқауға қазылық жасаған қалалық комиссияның шешімімен Хизиров әулеті жеңімпаз деп танылды.
Үлкен отбасының отағасы Мирзабек Хизиров — зейнеткер, еңбек ардагері, жасы 79-да. Көпбалалы отанасы Нозик Хизированың жасы 70-те. Жеті баланы жеткізген ерлі-зайыпты бүгінде 18 немере мен 2 шөберенің тәтті қылығына қоймай, қызығына қарық болып отыр.
Байқауға қатысқан отбасыларға естелік сыйлық пен диплом тапсырылып, сый-сияпат жасалды. Қарағандыдан арнайы шақырылған шығармашылық топ салтанатты шараның шырайын кіргізді.
Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»
ПРИОЗЕРСК қаласы.