АймақБалқаш

Үздік оқушылар марапатталды

С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясында оқушылар арасында дәстүрлі «Ел болашағы – білімді ұрпақ» деген тақырыпта мектеп форумы өтті. Форумды ұйымдастырудағы мақсат – республикалық және халықаралық пән олимпиадасының, ғылыми жоба сайыстарының, сондай-ақ «Зерде» байқауының жеңімпаздарына сый-құрмет көрсетіп, көпшілік алдында марапаттау. Сонымен қатар, бастауыш сыныптардың арасынан үздік оқушыны анықтап, Сәкен Сейфуллин және Нұраш Тілеуберген атындағы шәкіртақы тағайындау.

С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры Гүлзада Манатаева алғы сөз сөйлеп, оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды құттықтады.

– Болашақта тек білімді ел ғана бәсекеге төтеп беріп, өзінөзі сақтап қалатыны сөзсіз. «Ел болашағы – білімді ұрпақта». Сондықтан білім беру саласында жасалып жатқан жаңа реформаларды жүзеге асыру білім беру мекемелеріне ортақ іс. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік саяси және жаңа технологиялық өзгерістер ұрпақ тәрбиелеу ісін жаңа сатыға көтеруді қажет етеді. Біздің оқушыларымыз жыл сайын биік межелерден көрініп келеді. Осындай озат оқушыларды тәрбиелеген ата-аналарына алғысымыз шексіз, – деді Гүлзада Мұқатайқызы.

Сонымен қатар, халықаралық өнер байқауларының, пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар жарысының жүлдегері болған 62 озат оқушы «Табысты оқушы – 2023» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, 4 «А» сынып оқушысы Мансұр Бөлекбай, 4 «Б» сыныбының оқушысы Айару Бекболатқызы, 4 «Д» сыныбының оқушысы Аягөзім Асхатқызы «Директор сыйлығына» ие болса, мектеп басшысы атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бұл жолы Сәкен Сейфуллин атындағы шәкіртақы 4 «Ә» сынып оқушысы Ажар Берікке, Нұраш Тілеуберген атындағы шәкіртақы 4 «Е» сыныбының оқушысы Әбдіғами Қуанышұлына бұйырды. Айтулы марапатты форумның құрметті қонағы, ақын Нұрдос Маратұлы табыстады. Оқушыларға үнемі қолдау білдіріп жүретін қаламгерге мектеп ұжымының Алғыс хаты тапсырылып, ұстаздар қауымы келешекте де оқушыларды өнерге баулу жолында бірлесе жұмыс атқаратындығын айтты.

Форумға қатысушылар өлең оқып, күй тартып, ұстазға арналған ән шырқап, ортаны көңілді де әсерлі думанға бөледі.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясында 113 оқушы оқу үздігі болды. Ал, бастауыш сынып бойынша 65 оқушы білімділер қатарынан көрінген. 

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button