Үздік күйші атанды
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Қасиетті домбыра» республикалық байқауы өткен. Кенді аймақтың намысын Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Нұрзат Дарыбеков қорғап, «Ең үздік күйші» (шертпе күй) аталымында I орынды жеңіп алды.
Домбыра аспабының қадір-қасиетін арттыру, жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін ояту мақсатында өткізіліп келе жатқан байқауда жеңіске жетіп, облыс өнерпаздарының мерейін тасытқан жас күйшіні «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков арнайы шақырып, диплом мен сыйлық табыс етті.
– «AMANAT» партиясы үнемі қазақтың төл өнеріне жанашырлық жасап, насихаттап келеді. Атап айтсақ, «Алтын домбыра» айтысы арқылы айтыс өнері кеңінен насихатталып, жас таланттарға жол ашылуда. «Қасиетті домбыра» республикалық байқауы да қазақтың күй өнерінің жоғын түгендеп, жас дарындарды қолдауға арналған. Осы байқауда жарқырап көрініп, облыстың намысын қорғап, I орын алғаның үшін бек ризамыз. Шын жүректен құттықтаймыз. Аққыз анамыздай біртуар күйші бол, – деді Бекзат Қомарұлы.
Айта кетейік, жуырда ғана Алатау бөктерінен Мадияр Сүлейменов олжалы оралған еді. Нұрзат Дарыбеков те Арқа күйшілік өнерінің асқақ рухын барша қазақ баласына көрсете білді.
Жәлел ШАЛҚАР.