Үздік бейнеблогерлер марапатталды
Қарағандыда «Үздік бейнеблог» облыстық байқауы мәресіне жетіп, қорытындысы шығарылды. Оған жасы 12-ден 30-ға дейінгі аралықта оқушылар, студенттер мен мұражай қызметкерлері қатысып, бақ сынады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байқауды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің «Тұлғатану» ҒЗО ұйымдастырған.
– Бұл өнер сайысы алғаш рет өткізіліп отыр және С.Сейфуллин, Б.Майлин және І.Жансүгіровтің 125 жылдығына арналды. Басты мақсат – өскелең ұрпақтың өздері туралы білуі үшін жазушылардың шығармашылығын жастар арасында насихаттау. Болашақта байқауды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы жылы Абайдың 175 жылдығына, Н. Нұрмақовтың 125 жылдығына және әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнаймыз, – дейді мұражай директоры Ержан Нұрмағанбетов.
Қазылар алқасының қарауына келіп түскен 30 жұмыстың 9-ы үздік деп танылды. Қатысушылар үш тақырып бойынша өз бейнеблогтарын дайындады:
– Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары тарихы;
– Қарағанды облысындағы халықтардың саяси репрессиялары және депортациясы: ұлт пен халықтың тағдырында;
– «Үш арыс» І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин.
– Мен «Алаш» тарихына өте қызығатындықтан «Үш арыс» тақырыбын таңдадым. Биыл олардың мерейтойын атап өттік. Үш арыс туралы бәрі білсе екен деймін, соның ішінде, жастардың тереңірек білгенін қалаймын. Қазіргі жаңа технологиялар дәуірінде көптеген оқушылар мен студенттер кітаптарды оқымайды және бейнеблогтар өте кең тараған. Бес минутқа созылатын бейнежазбамда Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы толығырақ тоқталуға тырыстым. Сондай-ақ, жазушының 125 жылдығына орай аймақта ұйымдастырылған басты іс-шаралар туралы да айттым, – дейді Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығының қызметкері Қуаныш Тыныбек.
Сайыстың тағы бір қатысушысы Сәбина Әбдіқадырова өзінің бейнеблогы үшін саяси қуғын-сүргін мен халықтардың Қарағанды облысына жер аударылу тақырыбын таңдаған.
– Неліктен осы тақырып? Себебі, біздің Жезді ауылының жанында жер аударылған үйлер және қуғын-сүргінге ұшырағандарға арналған бұрынғы түрме ғимараты бар. Мен өзімнің конкурстық жұмысымды жасау үшін көп еңбек еттім және жұмысыма жоба жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Гүлжанат Аблаева көмектесті. Бейнеблогым үшін күні бойы экспедиция құрамында болып, жер аударылған адамдардың қайда тұрғанын көрдім. Менің ойымша, осы жұмысым арқылы сыныптастарым да ауылымыздың тарихы туралы көбірек біле алды, – дейді Жезді кентінің №6 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Сабина Әбдіқадырова.
Байқаудың қорытындысына сәйкес қазылар алқасы үш санат бойынша 9 жеңімпазды анықтады.
Кіші жас тобында III орынды Жезқазған қаласы №13 ОМ 9 сынып оқушысы Інжу Жалғасбай және Малика Карина иеленді. Ал, II орынға №50 ОМ 6 сынып оқушысы Еркежан Кәрібай және Алина Тұрсынбай жайғасса, I орынды Сабина Әбдіқадырова жеңіп алды.
Орта топта ҚарМУ тарих факультетінің студенттері Жібек Қасымжанова, Мадина Жаппарова және Нұрдәулет Қойшыбаев жеңімпаз атанды. II орын да, осы факультеттің студенттері Гүлниза Қолдасова, Толқын Төребай және Айдана Мерекеге берілді. III орын – «Қазақмыс» Корпорациясы политехникалық колледжінің студенттері Анна Романико, Әбдімәлік Оспанов және Данил Савостьяновқа бұйырды.
Ересек топта Қуаныш Тыныбек I орынды қанжығаласа, II орын – Гүлдерайым Аманжолова мен Елена Тимершаиховаға табысталды. Ал, III орынға Әлім Мырзахмет, Айзат Серікова және Қанағат Тойжанов жайғасты.