«Үздік ауыл әкімі» анықталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел әрі тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өткен болатын. Ал, жергілікті жерлерде мемлекеттік саясатты тиімді жүргізіп, халықтың билікке деген оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететін бірден бір адам – ауыл әкімі. Демек, ауыл халқының мемлекеттік басқаруға қатыса алуы да, әлеуметтік жағдайының қандай болмағы да өздері сайлаған әкімге тікелей байланысты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен ауылдық округ әкімдері арасында өтетін «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсы қызметінде көзге түсіп, халқына жақын болған әкімдерді марапаттауды көздейді. Облыстық комиссия биыл да байқаудың өңірлік жеңімпазын анықтап, республикаға жолдама берді.
Комиссия отырысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар және комиссия мүшелері «Үздік ауыл әкімі» үміткерлеріне әкімнің өз қызметінде халықтың сұранысына сай ашық, адал әрі әділ болу маңыздылығына тоқталып, аталған байқаудың ауылдарды дамытуға және де осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға оң септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.
Департамент басшысының орынбасары Абылайхан Наурызбаев қызметінде екі жылдан астам жұмыс жасап, халық арасында беделге ие болған, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған ауыл әкімдері бұған дейін аудандық деңгейде іріктелгенін айтады.
– Төртінші жыл қатарынан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Үздік ауыл әкімі» конкурсы өтуде. Конкурстың мақсаты – өзінің қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық мекеннің дамуына ерекше еңбек сіңірген ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу, сондай-ақ, халықтың билікке деген сенімін нығайтып, мемлекеттік қызметтің оң имиджін, оның ішінде ауыл әкімдерінің оң имиджін қалыптастыру, – дейді Абылайхан Дағыстанұлы.
Республикалық конкурстың өңірлік деңгейіне төрт ауданның ауылдық округтерінің әкімдері өтінім берген. Олар – Қарқаралы, Нұра, Осакаровка және Шет аудандары ауылдық округтерінің әкімдері.
Өңірлік кезеңде қатысушылар комиссия мүшелеріне ауылдық жерлерде халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған жобаларды қорғап, экономикалық және әлеуметтік әсері бар ауылды дамыту жөнінде ұсыныстар енгізді.
Бірінші сөз алған Қарқаралы ауданы, Балқантау ауылдық округінің әкімі Аслан Рахымбергенов қызмет еткен алғашқы жылында алдымен ауыл тұрғындарын интернетпен қамтамасыз еткен. Іздене жүріп, жол жағдайын да реттеуге кірісіп кетіпті. Мәселен, ұзындығы 9,6 шақырым Қарабұлақ ауылына кіреберіс жолды жөндеуді бастаған.
– Бұл – аудандық маңызы бар жол. Оның жағдайы өте жаман еді. Осыған байланысты, Егіндібұлаққа қатынайтын автобустар бізге бұрылмайтын. Тұрғындар кейде ауылға дейін 9 шақырымнан астам жолды жаяу жүретін. Өткен жылы 1,8 шақырымын жөндедік. Биыл жұмысты аяқтау жоспарда, – дейді әкім.
Ал, Гүлзат Смағұлова басқаратын Нұра ауданы, Шахтерское ауылының келбеті облыс орталығына бергісіз екенін жыр қылып айтады көргендер. Атап айтқанда, «көрсең көз тоятын» ауылда асфальт төселмеген көше жоқ.
– Өзім әйел заты болғандықтан, тәртіпті жақсы көремін. Жұмыс орнымда да көлденең зат жатпайды. Тұрғындар да соған үйренген. Ауылымыздың тап-тұйнақтай болып тұратыны да содан болар, – дейді Гүлзат Өмірзаққызы.
Конкурсқа құжат тапсырған төрт ауылдың әкімінің бірі – Шет ауданының Босаға ауылдық округінен келген Қазбек Рахметов. Қазбек Құрманбайұлы басқаратын ауылда қалаға бергісіз тігін цехы, кулинариялық дүкен, қыз-келіншектерге арналған сән салонына дейін бар. Одан бөлек, Босағада бұқаралық спортқа ерекше ден қойылған. Тағы айта кетерлігі, ауылдағы жеті көшеге түгел жарық шамдары орнатылған.
Ал, Осакаров ауданы, Құндызды ауылдық округінің әкімі Ақан Сыздықов ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күш-жігерін салуда. Ол «мемлекет тарапынан ауылға бөлінетін түрлі субсидияларды халыққа дұрыс жеткізіп, түсіндіре білу маңызды» дейді. Содан да болар, Ақан Хамитұлы басқаратын ауылда мемлекеттен әлеуметтік көмек алатын отбасы жоқ. Бұл – әкім жұмысының негізгі көрсеткішінің бірі екені анық.
Комиссия мүшелері қатысушылардың жобаларын тыңдап, тиісті бағаларын берді. Конкурс қорытындысы бойынша Қарқаралы ауданы, Балқантау ауылдық округінің әкімі Аслан Рахымбергенов өңірлік деңгейде «Үздік ауыл әкімі» атанды.
Екінші кезеңге өткен үміткердің республикалық деңгейде ауыл әкімдерінің проблемалық жағдайлары бойынша ситуациялық кейстерді шешу қабілетіне баға беріледі және ауылдық округті дамыту бойынша дербес жобалық жұмысты қорғау бойынша әңгімелесу өтеді. Ал, әңгімелесу қорытындысы бойынша байқау жеңімпаздары мен номинация иегерлері «Қазақстан Республикасының үздік ауыл әкімі» І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен, «Үздік шаруашыл әкім», «Ашық әкім», «Үздік әлеуметтік жоба» номинацияларымен марапатталады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz