Бас тақырып

«Өзбек – өз ағам, өз малым – садағам»

Арқаның сайын даласында жайылған жылқының, ірі қараның, қойдың еті экспортталып жатқан жоқ. Біз «бренд» қылатын Арқаның еті ашығын айту керек, өзбек ағайындарының «нан табарына» айналып отыр. Одан қалса, делдалдардың күнкөрісіне ғана жарап тұр. Тонна-тонна ет өндіретін әлеуеті де, әрекеті де бар шаруашылықтар жетіп артылады. Алайда, фермерлер ет экспорттаудың машақатына маза қашырғысы келмейді. Есесіне шошқа еті Өзбекстан еліне экспортталып жатыр.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ет бар, экспорт жоқ

Аймағымыз – аграрлы. Ауыл шаруашылығы басқармасының мына мәліметіне қарағанда, ауыл халқы малды. Бүгінгі күннің дерегі өңірде 427 893 ірі қара мал, 687 809 қой-ешкі, 398 856 жылқы бар дейді. Бірақ, осы мыңғырған малдың біреуі шекара аспады. Осыдан-ақ, ет экспорттауға қай шаруаның үміті болсын…
Қарағанды облысынан ет экспортының болмауы ішкі нарықты қорғау және бағаларды ұстап тұру үшін Үкіметтің уақытша қатаң экспорттық квоталарына (осы жылдың маусым айына дейін) байланысты екенін айтады мамандар.

– Бірақ, бұл шаруаға негізгі тежеу – мал ауруларының өршуінен ветеринарлық шектеулер, экспортқа шығатын өнім сапасының стандартқа сәйкес келуіне қойылатын талаптардың жоғарылығы, өнімді терең өңдеу кәсіпорындарының болмауы және аймақтағы жалпы мал шаруашылығы өндірісінің төмендеуі, – дейді агросарапшы Ниқанбай Омарханов.

– Ең бастысы, бізде мал басы азып кеткен, шаруашылықтар ұсақталып кеткен, мал тұқымын асылдандыру жұмысы жоқ, мал сою цехтары жоқ, мал санитарлық-ветеринарлық талаптарға сай сойылмайды, ДСҰ талаптарына сәйкес келмейді. Яғни, мал өсіру, күтіп-баптау, бордақылау, кондицияға жеткізілу, зооветеринариялық технологиялары мен шаруашылық тәртібі жоқ, жабайы бағымдағы мал ешқашан да экспортқа жарамайды! Ет өндірісінің төмендеуі, еттің сапасының стандартқа сәйкес келмеуі, мал шаруашылығының шашыраңқы, ала-құла дамуы, сондай-ақ, өндіріс шығындарының жоғары болуы, «ауыл-аудан-облыс-республика» арасындағы жүйелі шаруашылық қарым-қатынастың жоқтығы, олардың сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Мысалы, бүгінгі таңда өзім білетін орташа ет шаруашылығы 600 бастай бордақы малын өткізу бағасының төмендеп, сұраныстың жоқтығынан бордақылау және сою мерзімінің созылып кетуінен өткізе алмай отыр. Ал ол ертең еттің сапасын төмендетуге әкеледі. Осылайша, ішкі бағаларды ұстап тұрумен әлек болып жүрген билік құрылымдарының әрекеттері салдарынан ет экспорттаушылар Қарағанды облысында экспорттың дамуына кедергі келтіретін жасанды қатаң шектеулер мен квоталармен бетпе-бет келеді, – дейді Ниқанбай Иманғалиұлы.

Машақаты маза қашырады

Мәселен, Арқа даласында етті әрі биязы жүнді «Қарғалы» қой тұқымын отар-отар қылып өсіріп отырған «Отқанжар» шаруа қожалығының ет экспорттауға қауқары жетеді. Талапқа сай келетін мал соятын алаңы жұмыс істеп тұр, сапалы жемшөбі бар, екпесі бақылаулы, қысқасы, инфрақұрылымы ет экспорттауға жарап тұр.

– Ішкі нарықтың өзіне ақадал малымызды пұлдап саудалау қиынға соғып тұрғанда, шетелге ет экспорттауға тіпті, бас қатырмаймыз, – дейді шаруашылық басшысы Қанат Отарбаев.

– Мал шаруашылығын дамыту туралы жиі айтамыз, әлеует бар екенін де жақсы білеміз. Алайда, іс жүзінде экспорт мәселесі жолға қойылмай отырғаны жасырын емес. Бұған нақты мысалдар да бар. Бір кездері Біріккен Араб Әмірліктерінен ет сатып алуға ниетті өкілдер келіп, шаруашылықтармен (оның ішінде біздің ферма да бар) тікелей байланыс орнатуға талпыныс жасаған еді. Бірақ, бұл бастамалары ұзаққа бармады. Мәселе – ет экспорттау­дың жүйелі түрде жолға қойылмауында. Қиындық көп болды. Карантин талаптары, ветеринария­лық рәсімдер, тасымалдау мәселесі, әуе қатынасы, жемшөп базасы – бәрі бір-бірімен байланысқан күрделі түйіндер. Осы мәселелердің ешқайсысы нақты шешімін таппағандықтан, шетелдік серіктестердің де қызығушылығы біртіндеп сөне бастады. Ақырында олар бұл нарыққа жоламай кетті. Содан кейін шыны керек, біз бұған жүйелі түрде бас қатырып көрмедік. Өйткені, бүгінгі таңда шетелге ет экспорттау түгілі, өзіміздің қойымызды ел ішінде өткізу де оңай болмай тұр. Ішкі нарықта да өткізу арналары шектеулі, баға тұрақсыз, делдал көп. Мұндай жағдайда шаруаға экспорт туралы ойлаудың қажеті жоқ. Экспорт – бір шаруашылықтың немесе бір өңірдің ғана шаруасы емес. Бұл – мемлекет деңгейінде шешілетін мәселе. Егер, Үкімет тарапынан нақты тетіктер ұсынылмаса, ветеринариялық, логистикалық, қаржылық қолдау көрсетілмесе, жеке шаруа­ның мұндай ауыр жүкті көтеруі мүмкін емес. Экспортқа шығу үшін алдымен ішкі нарықтағы мал өткізу жүйесін реттеп алу қажет. Қазір шаруалар өндірістен қашпайды, мал басын көбейтуге де дайын. Бірақ, өнімді қайда, қалай өткіземіз деген сұрақтың жауабы жоқ кезде, тәуекелге бару қиын. Сондықтан, ет экспортын дамыту туралы сөз нақты іс-шаралармен, инфрақұрылыммен және тұрақты саясатпен бекітілуі керек, – дейді ауыл шаруашылығы саласының білікті ұйымдастырушы Қанат Жариясұлы.

Әлеует бар, әрекет кемшін

Ет экспорты нарығындағы бәсеке – бүгінгі таңда аса жоғары. Бразилия, Аустралия, АҚШ, Аргентина сынды ірі экспорттаушы елдер халықаралық стандарттарды қатаң сақтап қана қоймай, логистикалық мүмкіндіктерін де барынша дамытқан. Ал, ветеринарлық талаптары қатал көптеген мемлекетке Қазақстанның ет өнімдері әлі толыққанды ене алмай отыр.

Дегенмен, соңғы жылдары Қарағанды облысында экспортқа бағытталған өндіріс кәсіпорындары іске қосылып келеді. Өңірде мал сою және қайта өңдеу жұмыстары халықаралық талаптарға сай ұйымдастырылып, сыртқы нарыққа шығудың нақты тетіктері қалыптаса бастады. Жоғарыда айта кеткеніміздей, өңірдегі «Медео» мен «Волынка» фабрикалары Өзбекстанға 3 200 шошқа экспорттаған. Сонымен қоса, облыста өндірілетін құс еті мен жұмыртқа өнімдері Қырғызстан, Армения және Ауғанстан нарықтарына тұрақты түрде жеткізіліп отыр. Алдағы уақытта «Ақнар» құс фабрикасы Қытай нарығына шығуды жоспарлап отыр. Абай ауданындағы «Шанс» шаруашылығы Жапонияға жылқы етін экспорттауды көздейді. «Арай KZ» кәсіпорны да Біріккен Араб Әмірліктерімен экспорттық келісімге қол қойған. Қазір кәсіпорында халықаралық талаптарға сай болу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Бірақ, әзірге Қарағанды ет экспорттай алмайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаевтың айтуынша, Қарағанды облысына Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (WOAH) тарапынан аусыл бойынша ресми мәртебе берілмеген. Осыған байланысты, өңірден аусылға бейім жануарларды ел аумағынан тыс жерге шығаруға рұқсат жоқ. Яғни, халықаралық талаптарға сәйкес, аусылға қатысты мәртебесі анықталмаған аймақтан тірі мал немесе сол ауруға бейім жануарлар еті экспортталмайды.

– Экспортқа шығатын шаруашылықтар қатаң талаптардан өтеді. Ең алдымен, кәсіпорын ресми экспорттаушылар тізіміне енгізілуі қажет. Бұдан бөлек, ветеринариялық және санитариялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестік басты шарт болып саналады. Өндіріс аумағының қоршалуы, арнайы сою орындарының болуы, мал мен құстың толық вакцинациядан өтуі міндетті. Барлық дерек электрондық ветеринариялық жүйеге енгізіліп, тұрақты бақылауда болады. Өнім сапасы – өзекті мәселенің бірі. Халық­аралық нарыққа жол ашу үшін мал сапалы жемшөппен қоректенуі, ветеринарлық бақылау жоғары деңгейде жүргізілуі және қасапханалар мен ет өңдеу орындары әлемдік стандарттарға сай болуы тиіс. Сонда ғана шетел нарығына шығуға мүмкіндік болады. Қазіргі күнде ет және ет өнімдерін Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Жапония, Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Еуропаға шығаруға болады, – дейді Ержан Бекетбаев.

«Жер мәселесін реттеу керек»

Экономист Сапарбай Жобаев ет экспорты, жалпы агросаладағы әр мәселе жер саясатына байланысты екенін тілге тиек етеді.

– Қарағанды облысы – жайылым жерлері кең, шөпке бай шалғындары жеткілікті өңір. Табиғи-климаттық әлеуеті жағынан бұл аймақтың мал шаруашылығын, соның ішінде ет өндірісін дамытуға толық мүмкіндігі бар. Алайда, осы артықшылықтар әлі күнге дейін толық пайдаланылып отыр деп айту қиын. Мәселенің түп-тамыры – ауыл шаруашылығындағы жер қатынастарына барып тіреледі. Ауылдағы жерге иелік ету құқығы нақты түрде шаруа мен диқанның қолына берілмейінше, мал шаруашылығын жүйелі дамыту қиын. Жерге сенімді иелік ете алмаған шаруаның ұзақмерзімді жоспар құруға, мал басын көбейтуге ынтасы төмен болады. Бұл – экономикалық тұрғыдан заңды құбылыс. Ет экспорты мәселесіне келсек, бұл бағытта шектеу қоюдан гөрі, керісінше, жалпы Қазақстан бойынша ынталандыру тетіктерін енгізу қажет. Экспортқа тыйым салу немесе түрлі әкімшілік кедергілер жасау ауылдағы өндірістің дамуын тежейді. Нарыққа еркін шығу мүмкіндігі болғанда ғана шаруалар өнім көлемін арттыруға мүдделі болады. Сондай-ақ, шет елдерден сатып алынған асыл тұқымды малға қатысты ұстанымды қайта қарау керек. Арнаулы ережелер арқылы мұндай малдың аналық басын емес, олардың төлдерін экспорттауға рұқсат беру орынды шешім болар еді. Бұл ішкі мал басын сақтай отырып, шаруаларға қосымша табыс табуға мүмкіндік береді және селекция­лық жұмыстың тиімділігін арттырады. Қазіргі таңда бордақылау жүйесі толық жолға қойылмаған өңірлер аз емес. Осындай аймақтарда экспортты жеке шаруалардың өз бетімен дамытуы қиын. Сондықтан, бұл бағытта Үкімет тарапынан нақты қолдау тетіктері қажет. Бордақылау алаңдары, өңдеу кәсіпорындары, логистика және өткізу жүйесі қатар дамығанда ғана экспорттың экономикалық әсері сезіледі. Қорыта айтқанда, жерге нақты иелік ету, экспортқа еркіндік, асыл тұқымды малға қатысты икемді саясат және мемлекеттік қолдау – мал шаруашылығын дамытудың негізгі тіректері. Осы бағыттар өзара үйлесім тапқанда ғана Қарағанды облысы сияқты өңірлердің аграрлық әлеуеті толық іске асады, – дейді сарапшы-экономист.

Тобықтай түйін

Қорыта айтқанда, инфрақұрылымның тозуы, логистикалық байланыстың әлсіздігі, өндіріс көлемінің төмендігі және өнім сапасына қатысты мәселелер өңірдің ет экспортын дамытуға басты кедергі болып отыр. Алдағы уақытта сырт ел нарығына шығуға қабілетті кәсіпорындар саны саусақпен санарлық. Бір кездері ет державасына айналамыз деген арманға әл-әзір қол жете қоймайтын сияқты. Сонда, өзбек ағайындардың қалтасына жұмыс істеп жүре береміз бе?

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button