Зауыттағы жас отау
Саран индустриалды аймағында орналасқан «Silk Road Electronics» тұрмыстық техника шығаратын зауытта жас отау нәтижелі жұмыс істеп жүр. Тіпті, екі жас зауыт ашылмай тұрып, жұмысқа орналасқан алғашқылардың бірі.
Әуелі зауыттың кадр бөліміне Диляра Талғатқызы жұмысқа орналасыпты. Іс құжатына мығым жұдырықтай қыз өзіне тапсырылған шаруаны ширатып әкетеді. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне үзбей барып, зауытқа жұмысшы мамандарды жинайды.
Сөйтіп жүргенде жолдасы Мирас Қанатұлы келіншегіне: «Мен сізді өмірлік серігім ретінде жар етіп алдым. Соның есесі болсын, мені енді жұмысқа сіз алыңыз», – деп әзілдепті. Ойнап айтқаны орындалып, әлі ашылмаған зауытқа құжатын өткізеді. Содан алғашқылардың бірі болып Ташкенттен тағылымдамадан өтіп, тәжірибесін жетілдіреді.
Мирас Қанатұлы зауытқа жұмысқа қабылданамын деп мүлдем ойламапты. Ол – Қарағанды зерттеу университетіндегі химия факультетінің үздік түлегі. Оқуын ойдағыдай бітірген Мирас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскери сапта жүріп те, өзін жан-жақты көрсете білген сарбаз түрлі оқу-жаттығу жиынында озық болады. Содан соң дипломымен «AlsKazlab» сынақ зертханасына химик болып орналасады. Ондағы міндетін де мінсіз атқарады. Тағы да өзі білім алған университеттен заңгер мамандығына қосымша оқуға түседі. Құқық қорғау саласында да еңбек етеді. Сөйтіп, келіншегі екеуі кеңесіп, жаңа зауыттан жарқын болашақ іздейді. Қазір Мирас Сайын – кәсіпорынның жауапты маманы.
– Келіншегім Диляра үнемі бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін аралап, зауытқа жұмысшы мамандарды іздеп жүретін. Ол кезде кәсіпорын әлі ашыла қоймаған. Содан әзілдеп айта салған едім. Ойыным шынға айналып шыға келді. Әйтпесе, екі бірдей дипломым бар. Екеуімен де тәуір жұмыс істеп, азды-көпті жемісін көрдім. Келіншегімнің күнде дастарқанда айтатыны – зауыттың келешегі, жоспары. Мені одан сайын қызықтыра берді. Сөйтіп, Ташкенттегі тұрмыстық техника шығаратын жеті бірдей зауыттан тәжірибе толықтырып келдім, – дейді Мирас Сайын.
Мирастың қай істі болсын домалатып әкететін қабілеті бар. Соның арқасында аз уақыт ішінде оған ас үй пешін құрастыратын цехты басқаруды сеніп тапсырады. Қазір оның цехында 25 жұмыскер бар. Ас үй пешінің «Artel», «Shivaki», «Arg», «Apetito» брендімен 62 түрін құрастырады. Күніне 350-400 пеш әзірлейді. Оларды толық құрастырып, техникалық тексерістен жіті өткізіп, еш кедергісіз жұмыс істейтініне көз жеткізіп, қаптап, құжатын сәйкестендіріп, қоймаға жөнелтеді.
Өндірістің жетекші цехына басшылық жасай отырып, жұмысты тиімді ұйымдастыру, жаңадан келген жұмыскерлерді оқыту, қауіпсіздік шараларын қадағалау деген секілді жауапты міндеттер де Мирастың мойнында. «Бастысы – өнімнің сапасы мен күнделікті жоспарды орындау», дейді өзі.
Жары Диляра да зауыттың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүр. Бүгінде сол еңбегі еленіп, кәсіпорын әкімшілігінің жауапты маманы болып тағайындалды. Серіктестіктің қоғам және мемлекеттік мекемелермен байланыс басқармасына жетекші болған Диляра Талғатқызының мойнында көп шаруа бар. Сырттан келген меймандарды қарсы алып, зауыт тіршілігімен таныстырудан басқа іскерлік келісім құжаттарын рәсімдеу, ішкі құжат айналымымен дамыл таппайды.
«Біз осы зауыт ашылмас бұрын отау құрғанбыз. Міне, отбасымыз да өсіп, өніп келеді. Біз еңбек етіп жүрген зауытымыздың өндірісі де өркен жайып, қанаты қатайып келеді. Күйеуім – зауыттағы ең озат жұмысшының бірі. Әрине, абырой санаймын. Зауытпен қатар қанат жайып келеміз. Осы жерде жүріп, жаңа баспанаға қол жеткіздік. Жаңа көлік алдық. Жас отбасы үшін бұл да аз жетістік емес. Басшылық еңбегімізді елеп, қызметімізді де жоғарылатып жатыр. Екі қызымыз бар. Олардың да оқу үлгерімі жақсы. Үйірмелеріне барады. Тәубе дейміз. Барлығы – еңбектің арқасы. Бастысы, жарымыз екеуміз үйде де, жұмыста да біргеміз», – дейді бақыт құшағындағы Диляра.
Екеуі де – белсенді. Бос уақыттарын тиімді өткізеді. Үйлерінің жанындағы спорттық кешенде бірге жаттығады. Міндетті түрде күнделікті шахмат ойнап, ойларын шынықтырады.
Айтпақшы, жас отау жақында жаңа шаңыраққа қоныс аударғанын сүйіншілеп қалды. Олар да отандық өнімді қолдап, өздері еңбек етіп жүрген «Silk Road Electronics» кәсіпорнынан электр тауарларын сатып алыпты. «Artel» брендімен теледидар, электрлі су жылытқыш, шаңсорғыш, ас үй пеші, ауасорғыш, кір жуатын машина, желдеткіш секілді тұрмыстық техника түрлерін қолданып отыр.
– Зауыт біздің отбасымыз үшін берекелі болды. Осы жерден мардымды жалақы тауып, жағдайымызды жасап жатырмыз. Шынымен еңбек еткенді көтереді. Кәсіпорынның келешегі әлі де зор. Әлемдік нарыққа шықты. Жұмысшыларға барлық жағдайды қарастырған. Жоғары жалақы, үй мен жұмыс арасында автобуспен тасымалдау, тегін түскі ас, толық әлеуметтік пакет ұсынады. Тәжірибе толықтырып, білім арттырамын дегендерді арнайы оқытады. Онда да күнбе-күн жалақысы жүріп жатады. Зауытта әлі де бос жұмыс орындары бар, – дейді Мирас Қанатұлы.
«Silk Road Electronics» ЖШС ресми сайтында жүк тасушы, логистика маманы, электрмонтер, жүк көлігін жүргізуші, жүк тиегіш көліктің жүргізушісі, әмбебап жұмысшы, тазалық маманы, слесарь, газ қазандығының операторы, сантехник, менеджер, метролог, техникалық бақылаушы, медбике секілді бос орынға хабарландыру тұр. Жұмыс жөнімен компанияның ресми сайтында көрсетілген мекенжайға баруға, сонда көрсетілген телефон нөміріне хабарласуға болады. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы байланыс орнату мүмкіндігі де бар.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»