Зауыт тынысы кеңейе түсті
YDD Corporation Қарағанды ферроқорытпа зауыты әлемдегі ферроқорыту саласында 6 жетекші өндіріс ошақтарының қатарында. Бүгінде компания өнімдері Ресей, Жапония, сондай-ақ, Еуропа мемлекеттеріне және басқа да елдерге экспортталуда. Зауыттың 1-ші пеші биыл шілде айында ашылған еді. Кеше облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен аталған кәсіпорынның 2-ші пешінің салтанатты жағдайда іске қосылуы өтті.
Қарағанды Қазақстанның индустриялық жүрегі екені белгілі. Сондай ауқымды іске, еліміздің әл-ауқатын арттыруға өзінің үлкен үлесін қосып келе жатқан осы ферроқорытпа зауыты. Кәсіпорында 380 адам еңбекпен қамтылған. Өндіріс толық қуатына шыққанда 550 адам жұмыс істейтін болады. Зауыт ең соңғы заманауи техникалармен жабдықталған. Жылына 60 мың тонна ферросилиция өндіруге қауқарлы. Ал, зауыттың бірінші кезеңдегі жылдық жалпы өнім көлемі 180 мың тонна өнімді құраса, екінші кезеңде 240 мың тоннаны еңсереді. Бүгінге дейін 6 мың тонна өнім өндірілді.
-
Ферроқорытпа зауыты – облысымыздың бренді. Алғашқы пештің ашылуы Премьер-Министрдің қатысуымен өткен еді. Бүгін 2-ші пешті іске қосып отырмыз. Осындай тарихи сәтке куә болғаныма өте қуаныштымын. Жақын болашақта зауыттың 3-кезеңі пайдалануға берілетініне сенемін. Баршаңызды зауыт жетістігімен құттықтаймын және еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді Жеңіс Қасымбек өзінің құттықтау сөзінде.
Жоба мемлекеттік индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қолдауымен қазақстандық және еуропалық инвесторлардың жеке қаражатына іске қосылған. Жоба құны 35 млрд. теңгені құрайды.
Қарағанды ферроқорытпа зауытының құрылысына Швеция, Дания, Түркия, Қытай, Грузия, Ресей және Қазақстанның инженерлік және жоғары технологиялық өнеркәсіп саласының әлемдік деңгейдегі жетекші компаниялары қатысыпты.
Сонымен қатар, аталған жиынның өзге де құрметті қонақтары – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Думан Әубәкіров, компания басшысы Ерлан Нығматулин өздерінің ыстық лебіздерін білдіріп, алдағы уақытта зауыттың үлкен жетістікке жететініне сенімді екенін тілге тиек етті.
Салтанатты іске қосу рәсіміне кәсіпорынның жұмысшылары қатысты. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек пештің тетігін басты. Автоматтандырылған жүйе сол сәтте іске қосылып, алып қазандық толы балқытылған темір арнайы үлкен қалыпқа құйылды. Жұмысшылардың көңіл күйінен жоспарлы жұмыстың нәтижелі жүріп жатқаны байқалып тұрды. Төрт қабатты алып ғимараттың әр қабатында өз ісінің шеберлері өздеріне бекітілген міндеттерді атқарып жатты. Алып өндіріс ошағы ұжымының ынтымағы жарасқан жұмысына таң қала әрі тамсана қарадық.
Айлық еңбекақымыздың көлемі – 200 мың теңге. Уақытылы беріледі. 12 сағаттық жұмыс режимі. Екі күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Киім және тамақпен толық қамтамасыз етіп отыр. Арнайы автобус жұмысшыларды тасымалдайды. Өзім екі жылдан бері, яғни, зауыт құрылысы басталғалы бері осында қызмет етемін, – дейді инженер-құрылысшы Талант Манабаев.
Жәлел ШАЛҚАР.