Жаңалықтар

Заманынан оза туған тұлға немесе Хәкім Зәкішевтің феномені неде?

1976 жылдың ақпан айында Мәскеуде билеуші компартияның кезекті «тарихи» 25-съезі болып өтті. Қашанда тың идеялардың бастамашы болатын жаңашыл редакторымыз Рамазан Сағымбеков қарағандылық бір делегаттың, еңбек адамының атынан газеттің екі-үш санына съез күнделігі деген тақырыпта материал ұйымдастырайық деген ұсыныс жасады. Сонда таңдау Қарқаралы ауданы «Восток» совхозының директоры Хакім Зәкішевке түсті. Өзге кенші, малшыларға қарағанда сауатты маман, ел басқарып жүрген іскер азамат. Совхоз директоры болған бес-алты жылдың ішінде шаруашылықты гүлдей жайнатып жіберіпті деп еститінбіз. Оған қарқаралылық әріптесіміз, осы аудандағы меншікті тілшіміз Әбікен Бақтыбаевтың съезд делегаттарына арналған айдармен жариялаған ең алғашқы «Директор» атты суреттемесі де дәлел еді. Біз де қарап қалмай басқа делегаттар туралы өз мақалаларымызды ұсынып жаттық. Сол жылғы газет тігіндісін ашсам, Социалистік Еңбек Ерлері, кеншілер Р.Литман туралы Кәртай Ермекбаев, Қ.Әбдірәсілов туралы Қойшы Шаяхметов, овощ өсіруші Е.Терещенко туралы Орынбай Аймағамбетов, сондай-ақ, токарь Н.Бабичева туралы Масғұт Халиоллин, құрылысшы Л.Юнева туралы осы жолдар авторы бір-бір очерк-суреттеме арнап, жарыса жазыппыз. Бәрі де өз саласының асқан мамандары, тіліміз жеткенше мақтадық.

Сурет: автордан

Дегенмен, Әбекең жазған суреттеменің шоқтығы биік болып шықты, өйткені кейіпкері келісті, ұшқыр ойлы азамат екен. Шағын мақала экономикалық очерк деңгейіне жетіп қалыпты. Онда автор Жарлыдан геологтар жерасты суының мол қоры табылысымен совхоз директоры жайылымды көлдетіп суару әдісін енгізгені, он мың қой бордақыланатын кешен, қырық мың қой тоғытатын орын, ауру малды емдейтін санитарлық пункт салынғанын, мал қырқатын агрегат орнатылғанын үлгі ретінде орынды баяндайды. Жайылымдардың ауыспалы жүйесін енгізеді, 12 мың гектардан астам жайылым қоршалып, торларға бөлінеді. Мал әр бөлікте кезекпен жайылады, сонда 3655 ірі қара үш-ақ жерге шоғырландырылып, жайылып-бағылады екен. Комсомол-жастардан құралған «Бағлан» кешенді механикаландырылған қой өсірушілер бригадасының жұмысы да өнімді. Кейінгі жылдары қатты сынға алынған бұл жүйе «Востокта» дұрыс ұйымдастырылыпты, жастардың дем алуына қолайлы жағдай жасалып, бір-екі жылдан кейін оқуға түсуіне жолдама берілетін болған. Совхоздың егін бітік шыққан жылдары Отан қоймасына миллион пұт астық құйған кезі де болған екен.

Күнделікті жазуға көмектесу редакция­дағы ең өнімді қаламгер, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Қайыркен Сұлтановқа жүктелді. Хакім ағай редакцияға келіп, бәрімізбен танысты. Жұқа келген, ат жақты, жүріс-тұрысы ширақ азамат екен. Шаруаның адамы ғой, партияның жаршысы бола қалған бұл рөліне сонша қуанған рай танытпайды. Кейін білдік, ол қаһарлы 1938 жылы дүниеге келген, атақты Сеңкібай батырдың тұқымы, атасы мен әкесі белсенділердің көрсетуімен «халық жауы» атанып, атылып кеткен. Шешесі де Новосібірге жер аударылған, сөйтіп, ол жастайынан жетім қалып, балалар үйі-интернатта өскен екен. Қарқаралыда он жылдықты аяқтағаннан кейін Алматыда Қазақ ауыл шаруашылық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Ақмола облысының «Коммуна» совхозында бастайды. Еліне оралып, Қарқаралы ауыл шаруашылық басқармасында тәжірибесін молайта түседі. Оған аупарткомның 1-хашысы М.Шаекиннің қолдауымен 1969 жылы небәрі 32 жасында шаруашылығы күрделі, Қарқаралының іргесіндегі «Восток» совхозын басқару сеніп тапсырылады.

Партияның үлкен форумының делегаты болу, одан күнделік жазу Хакімнің бұрынғы беделіне бедел қосқандай болды. Енді ол кейбір өзі көптен ойлап жүрген, кейін орыс тілді журналистер «экзотикалық» деп атап кеткен ойларды жүзеге асыруға бел шеше кірісіп кетті. Ата кәсіп – мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығын да дамытуды жөн көрді, Қарқаралының түгін тартсаң, майы шығатын құнарлы жерінде кәсіптің алуан түрімен айналысуға болатынын іс жүзінде дәлелдеуге тырысты.

Алғаш директор болып келгенде екі мың бас аз өнімді жергілікті ірі қараны қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырына айырбастаған еді, сөйтіп, ірі қараның санын 6500-ге жеткізді. Қой саны да 22 мыңнан 35 мыңға дейін артты. Осыншама малды қолда ұстап тұру үшін мал азығының берік қорын жасау қажеттігі белгілі. Жоғарыда айтқанымыздай, суармалы алқапты ұлғайтып, көлемін төрт мың гектарға дейін ұлғайтты, совхоз жүгері, көп жылдық шөп егетін болды. Жер суаруға скважиналар бұрғыланып, 28 «Фрегат», 12 «Волжанка» агрегаттары қолданылды. Егістіктің көлемі 17 мың гектар құрады. Міне, осындай сан-салалы шаруашылық саласының арқасында совхоз мемлекетке тек 1984 жылы 2208 тонна астық, 1051 тонна ет, 75 тонна сүт, 44 тонна жүн тапсырған екен, сонда жалпы өнім көлемі 2,5 миллион сом болған.

Ұшқыр ойлы басшы Хакім Зәкішев мұнымен де қоймай жан-жануардың басқа түрлерін өсіруге бел байлайды. Бағанағы экзотика деп отырғанымыз осы. Алдымен төрт түліктің төресі – түйе өсіруді қолға алады. Қарқаралы өңірінде бұрынғы патша заманында да, колхоз кезінде де түйе болған. Кейін ойсылқара тұқымы төрінен айрылды. Совхозға сонау Атырау жақтан жеткізілген түйеге алғашқыда адам түгілі ит үріп, сиыр мөңіреп, жылқы кісінеп, қой қашып азан-қазан болған екен. Ақыры жерсініп, үш жылда түлік саны 150-ге жеткен. Пайдасы да шаш етектен келген. Ел етін жеп, шұбатын ішіп, мәз-мейрам болып қалады. Шұжық цехын ашып, оған немістің озық жабдықтарын әкеп орнатты. Бұл жерде өзіндей керекулік жаңашыл азамат, совхоз директоры, ұлты неміс, Еңбек Ері атанған Яков Герингтің ақыл-кеңесін пайдаланғанын атап өткен жөн шығар.

Ал бірақ Хакім директордың аң фермасын ашуы тосын оқиға болды, қазақ ауылы терісі бағалы түлкінің түрлерін (қызыл, көгілдір, ақ қара түлкіні – песец, чернобурка, күзенді – норка) қолдан өсіреді деп кім ойлаған? Бұл да Яков досының ақылымен жасалған шаруа еді. Аңдарды өсіріп қана қоймай, терісінен малақай, жаға тігіп, тіпті, тон пішетін цех ашады. Ол – ол ма, енді бірде іскер заамат бал арасын өсірумен айналысуға бет бұрады. Несі бар, Қарқаралыдай шұрайлы өңірде бал арасын өсіруге барлық мүмкіншілік бар. Тек қана мамандар жағы жоқ. Оның да қисынын табады Хәкең. Қарағандыдан осы істің асқан шебері Василий Сидоренконы қолқалап шақырып алады, оған барлық қолайлы тұрмыстық жағдай жасайды. Сондай-ақ тағы бір білгір маман Бағдат Есенгелдин мен оның әйелі Шолпанды да алдырып, үшеуі шаруаны дөңгелетіп алып кетеді. Ешкі өсіргені және ол анау-мынау емес түбітті ангор ешкісі болғаны да бір пара әңгіме. Тұрмыстық жағдай дегеннен шығады, совхоз орталығы Тегісшілдік ауылына келген адам асфальтталған көше, заманауи үйлерді көріп, диқан – малшылардың шат-шадыман тұрмысына шаттанар еді. Ауыл кейін қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтардың атын алды. Міне, Еңбек Қызыл Ту орденді, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылық қызметкері Хәкім Зәкішев осындай жан еді.

«Ешкi өсiру біздің өңірге таңсық шаруа емес. Кешегі Совет Одағы тұсында Қарқаралының «Восток» совхозының директоры Х.Зәкiшев ағамыз 400 ангор ешкiсiн өсiрiп, тек түбiт жүнімен нарық келген бетте жүнжіп кете жаздаған ауылдастарын асырағанын бүгінгілер аңыз етіп айтады. Өз құлағымызбен естідік. Хакім ағамыз түйе де, бие де, сиыр да, ара да, қара түлкі мен норка да өсірген ғаламат жаңашыл директор болған. Әттең, сол шалқып тұрған шаруашылыққа ие болатын ешкім шықпады. Қайсыбірін айта бересің?», деп налиды белгілі журналист, осы газеттің редакторы болған Мағауия Сембай бауырымыз совхоздың кейінгі күйі туралы (М.Сембай. «Құбылыс», Астана, 2015 ж, 161 б.).

Иә, нарық келді де, Хәкім ағай қанша тырысқанымен шаруашылықты тұтастай сақтап қалмақ болған талабынан ештеңе шықпады. Ақыры екі рет жүрек талмасымен ауырып, қалаға көшті. Мұнда да бос жатпай нарық заңына бейімделген, ұлттық үлгідегі «Сыбаға» дүкенін ашқаны бар.

Сонымен, заманынан оза туған жаңашыл директордың феномені неде? Ол туралы кезінде қазақ, орыс тілінде белгілі журналис­тер С.Алпысов, М.Омарбеков, В,Коревко, П.Жуковский, ақиық ақын С.Ақсұңқарұлы облыстық газеттерде көсілте мақала, эсселер жазып жатты, облыстық телеарнадан бейнефильмдер көрсетілді. Білікті ауыл шаруашылық мамандары, ел басқарған азаматтар М.Шаекин, Т.Шахарбаев, Х.Бурабаев, Р.Омарбекова, Н.Омархановтар оның өнегелі өмірі, іскерлік, шаруақорлық қырларымен қатар адамдармен тіл табыса білетін асыл қасиеттерін еске алысты. Осындай еліне елеулі, халқына қалаулы болған адамды мәңгі есте қалдырып, өзі оқыған мектепке есімін беру туралы ұсыныс та айтылып еді. Бірақ, мұндай мәртебе қазіргі тәртіп бойынша тек республикаға танымал болған адамдарға ғана беріледі деген желеу кесе-көлденең тартылады. Мұны асыл азаматтың дүниеден өткеніне жақын арада 15 жыл толуына байланысты отбасы мүшелері аруағына Құран бағыштап, ас бергелі жатқанда әдейі еске алып отырмыз.

P.S. Мына қазіргі нарық заманында қайдағы бір уақытта дәурен құрған «қызыл директордың» жұмыс тәжірибесін осыншама талдап, еске алудың не қажеті бар, деп бағзы бір оқырманның сауал қойып, кіжіңдеуі мүмкін. Иә, бұл күндері кешегі келмес­ке кеткен деп жататын кеңестік кезеңнің ұмыт болған іс-тәжірибесінің қажеті шамалы шығар. Бірақ, көп салада өткен ғасырдың 80-жылдарындағы деңгейге жете алмай келеміз. Көретініміз – тоз-тоз болған өндіріс ошақтары, қаңырап қалған ауыл. Ең бастысы, көш бастайтын көсемдер, алғыр да іскер азаматтар табылмай тұр. Әлі де «үкімет далаға қалдырмайды» деген құлдық психологиядан арыла алмай жүрміз. Сондықтан да, Хәкім Зәкішевтей заманынан оза туған тұлғалардың феноменін зерттеп, зердеге салудың артықтығы жоқ деп білеміз.

Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button