Жаңалықтар

Заманына сай туған ұстаз

        Дүниеге келген пендеге бұйырған бақтың бірі – ұрпақ өрбітіп, соңына із қалдыру. Хакім Абай «Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» демекші, сана берген соң, замананы ырқыңа имек керек. Жаңа заманның келбетін жасап, жарқын істерге жол ашқан сондай ерекше азамат – Балтабай ОМАРХАНОВ. Жақсы адам өмір жолымен-ақ өз заманынан дараланып тұрмай ма? Иә, ол шынымен, білім саласындағы бірегей жан.
Балтабай Иманғалиұлы 1952 жылы Қарқаралы қаласында туған. Он жылдықты бітіріп, Қиыр Шығыста әскери борышын өтеді. 1977 жылы Семей қаласындағы педагогикалық институтты тәмамдап, аудан мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етті. 1984 жылдан бастап 2017 жылға дейін Әлібек Бүркітбаев атындағы №12 орта мектепте 34 жыл директор болып жемісті қызмет атқарып келді.
Сол білім ошағында өткен дара жолы, 1985 жылдан бастаған соқпағы сараланып, үлкен даңғыл жолға айналды. 34 жылдағы еңбегінің жемісін тарих бетінде қалған әрбір құнды істерінен көруге болады. Өзі басқарған Ә.Бүркітбаев атындағы №12 орта мектеп аудандағы алдыңғы қатарлы мектептердің біріне айналды. Жүз жылдық шежірелі тарихы бар мектеп тәжірибелі басшының ұйымдастыруымен 2011 жылы мерейтойын аудан, облыс көлемінде лайықты атап өтті. Уақыт өткен сайын шыңдалып, жаңарған заманның көшінен қалдырмай үлкен ұжымды алып жүру басшыға асқан жауапкершілік екенін сезіне білген Балтабай Иманғалиұлы – оқу-материалдық кешенінің сақталуына көп көңіл бөліп, оқу сыныптарының жаңа заман талабына сай безендірілуіне, мектептің тазалығына, абаттандырылуына баса назар аударды. Әскери-спорттық алаң, география алаңы, оқу-тәжірибе алаңы талапқа сай жабыдықталды. Мектеп маңы көк желек пен гүлге көмкерілген.
Заман көшінен қалмайтын, жаңалықтың жаршысы болатын мектепте жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалды. Осы жылы мектеп шатыры жөнделіп, жұмыстың сапалы аяқталуы қамтамасыз етілді. Кейінгі жылдары толық жабдықталған шағын орталық, мультимедиа, химия кабинеттері пайдалануға берілді. Мектеп тарихынан сыр шертетін мұражай жабдықталған. Мектепте аудан ұстаздары мен мектеп басшыларының тәжірибе алмасу семинарлары жиі өтеді. Аудандық, облыстық түрлі байқауларда шәкірттері мен ұстаздары жүлделі орындар иеленіп жүр. 2003 жылы ұжым облыс мектептерінің арасында «Таңдаулы ауыл мектебі» атағын жеңіп алды. Аудандық «Жыл мұғалімі» байқауларында мектеп ұстаздары жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Мектеп – ауылдағы бірден-бір мәдениет ошағы. Білікті басшының бастамашылдығымен ұстаздар қауымы жылда Жеңіс күнінде ауыл тұрғындары мен соғыс, тыл ардагерлеріне мерекелік концерт ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Оқушыларды салауаттандыру мақсатында мектеп мұғалімдері мен оқушылар арасында бұқаралық спорттық жарыстар жүйелі өтеді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуде бес жыл қатарынан аудан мектептерінің алдын бермей, биіктерді бағындыруға талпындырды.
2000 жылдардан бері мектеп түлектері ЖОО-ның 23 грантын жеңіп алса, 45 түлек орта арнаулы оқу орындарының грант иегерлері атанды. 2013-2017 жылдары мектеп түлектері аудан мектептерінің арасында үздік шығып, абырой биігінен көрінді. 2012-2013 жылы ҰБТ-дан 11-сынып оқушысы Дана Мұхаметқали 113 балл жинап, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің грантын жеңіп алды. Алтынбек Сайдолла Қарағанды техникалық университетіне грантқа оқуға түсті. 2013-2014 оқу жылында Б. Нұрғабден 104 балл жинап, «Ерекше үлгідегі» аттестат иеленіп, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне грантқа оқуға түсті.
2014-2015 оқу жылы Бекайдар Сатыбалдиев 100 балдық көрсеткішпен ҚарМТУ-ға грантқа оқуға түсті.
2015-2016 оқу жылы Балнұр Есенгелді 111 балл жинап, «Алтын белгімен» мектепті аяқтап, Еуразия университетіне грантқа оқуға қабылданды. Биыл Асқар Манкен ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсті. 2016-2017 оқу жылында Дана Қалиолла 104 балл жинап, ҚарМУ-ға грантқа оқуға түсті.
2013-2014 оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп ұжымы «Білім беру саласының үздік мекемесі» аталымын жеңіп алып, аудан әкімінің дипломымен марапатталды. «Өрлеу» Ұлттық орталығы біліктілікті арттыру институтының «Шағын жинақты ауыл мектебі: дамыту стратегиялары – 2014» тақырыбындағы қашықтықтан ұйымдастырылған байқауда мектеп ұжымы ІІІ орын иеленді.
Аталған игі істердің басы-қасында болып, мектептің оқу-тәрбие жұмысын биік деңгейге жеткізген Балтабай Омархановтың да еңбегі бағаланып, 1993 жылы «ҚР білім беру ісінің үздігі» атағы берілсе, 2015 жылы «Жыл адамы» атағын алды. 2017 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгімен марапатталды. Сондай-ақ, облыс басшыларының марапаттарын иеленді.
Алысты болжайтын, керек кезде көмегін аямайтын ұлағатты ұстазға алдағы уақытта да денсаулығы мықты болып, үлкен білім ордасының қызығы мен қуанышына бөленіп жүре берсін деген ыстық лебіз арнаймыз.
«Бастауы бар бұлақ ұзақ ағады» демекші, өзіңіз салған сара жолдың үлкен даңғыл жолға айналуына септігіңізді тигізе беріңіз, аяулы ұстаз, білгір басшы.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button