Тұлға

Замандасым, әріптесім, шын досым туралы…

Мақаланың тақырыбын қоярда көп ойлана қоймаушы едім. Журналист атанып, қалам ұстағаныма міне, 65 жыл толып отыр. Ал, мына жазбаларға отырғанда, мақала жаза бастағаныма алты-ақ күн болғандай, қиналғаным рас. Бұл – естелік сипатта болып шығуы тиіс. Естелік болған соң өткен өмірді шолып, оның мәнді-сәнді оқиға, құбылыстарын жеке іріктеп, електен өткізіп, әрине, ептеп өзің де мақтаннан мақұрым қалмауың керек… Жанрдың ерекшелігі де сонда. Анау керек, мынау да керек. Біреуміреудің аты аталмай қалса, «ол қайда, анау қайда, мені неге атамаған?» дегендей, өкпеге қалу да оңай. Қазақ емеспіз бе?!

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Сонымен, тақырыбын қойдым. «Неге бұлай қойдыңыз?», – деп Сіз сұрамаңыз. «Неге бұлай қойдым?», – деп мен ақталмайын. Соңында менің аты-жөнім жазылып, қолым қойылады ғой! Әлде, осымен қоя қойсам, бола ма? Қазақ журналистикасының ардагері, Орталық Қазақстандағы ортаң қолдай, бір ғасырлық тарихы бар, көпке өнеге, атағы таудай, «Орталық Қазақстан» газетінің ең бір жемісті, жеңісті кезеңінде 50 жыл еңбек еткен, бүгін 80 жасқа толып отырған бауырым – Аман Жағдаұлы Жанғожин, менен бар-жоғы бес-ақ жас кіші Замандасым, «Журналист» деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық Әріптесім, ет жүректі пенденің басында бола беретін, бізде болмаған жағдай, сол 50 жылда бір рет те «Сен!» деспеген Досым екенін растаймын. Денсаулық сыр беріп, тойына бара алмай отырғанда, ауызша пікір-тілегімді жеткізе алмай, өзімнің сүйікті де сүйкімді «Орталығым» арқылы құттықтап, сәлем жолдап отырған жайым бар! Аужекеңнің редакцияға ағасы, облыстық партия комитетінің белді қызметкері, біздің тұрақты авторымыз Жанғожин Зиядаға еріп келгені, дәл бүгінгідей көз алдымда. Редакторға жолыққаннан  кейін, қалыптасқан дағды бойынша редакторымыз Рамазан Сағымбеков мені нұсқап: «Мына Зарқын сөйлесіп көрсін. Қалам қайратын байқасын, сонан соң ақылдасармыз…», дегені есімде. Менің кабинетіме кіріп, газет жұмысы жөнінде әңгімелестік-ау деймін.
Мен білгішсініп, редакция аппаратында жұмыс істейтін болғандықтан, журналистік қызметтің қиындығын, т.б. жайттарды айтып жатырмын. «Политехника институтын бітірген екенсің, неге инженер бола салмадың?», – деп те сұрадым-ау деймін. Сонда Жанғожин жолдас, бірден: «Жасымнан газет жұмысын, мақала жазғанды ұнатамын» дегені де есімде. Бопты. «Журналистік мамандықты ертеден таңдаған болса, істесін». Осыған бірден тоқтадым. Тапсырма бердік. Мақала әкелді. Қарадық. Жөндедік. Басылды. Тағы да жазды, жаза берді…
Сонымен «Журналистік мамандыққа кездейсоқ келмегендердің» бірі, бірі емес бірегейі – бүгін қазақ журналистикасының ақсақалы болып отырған Аман Жағдаұлына, әлі де ұзақ өмір тілеймін, отбасының, балаларының бақытына бөлене берсін деймін.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің еңбек сіңірген
профессоры, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым
академиясының толық мүшесі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Орталық Қазақстан» газетінің ардагері

Басқа материалдар

Back to top button